Жаңалықтар

Көңілді көркейткен көркем фильм

Наурыз мейрамы қарсаңында облыстық «Saryarqa» телеарнасының ұжымы көрерменге «Наурызым» көркем фильмін тарту етті. Қарқаралының әсем табиғаты аясында түсірілген картинаның тұсаукесері «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, шығармашылық ұжым, қала тұрғындары мен студент жастар қатысты.

Көркем фильм жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген. Сценарий авторлары – Қаршыға Иген мен Ерқанат Кеңесбекұлы.

  • Көптен ойда жүрген жоба еді. Телеарна басшылығына Наурыз мейрамының мән-маңызын көрсететін фильм түсіру туралы ұсыныс білдірдік. Ол кісілер қолдау көрсетіп, мүмкіндік жасады. Берілген мүмкіндікті екі-үш айдың ішінде ұтымды пайдаланып, осындай дүние жасап шықтық. Біз түсірілімді бастаған кезде табиғат да жадырап, аяз сап тиылған еді, – дейді фильмнің режисері Қаршыға Иген.

«Наурызым» фильмінде ұлттық нақыш пен салт-дәстүр, бауырмалдық қасиет насихатталады. Сонымен қатар, жастар аудиториясының көзқарасы да ескерілген. Әдемі әзіл мен ананың балаға, ағаның қарындасқа, азаматтың сүйген жарға деген махаббаты да қатар өріліп, қабыса білген. Әрине, жаңа туындының кейбір кемшін тұстары да бар. Әйтсе де, фильмге түскен актерлер тәжірибесінің аздығы, түсірілім жұмыстарының қысқа мерзім ішінде өткенін ескеретін болсақ, өзіне артылған жүкті артығымен арқалап шыға білген туынды деуге болады.

  • Көркем фильм түсіру үшін қомақты қаражат пен кәсіби біліктілігі жоғары әртістер керек. Бірақ, өз ауылымызда, өз арамызда да олардан кем түспейтін әртістердің барын ұмытып кетеміз. Бұл фильмнің негізгі тұжырымдамасы – сол жастарға қолдау көрсету, талантын ашу, – деді облыстық «SARYARQA» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев.

Фильмінің тұсаукесеріне келген көрермендердің дені жастар. Картина аяқталған тұста залдағы көрерменнің шығармашылық ұжымға қошемет көрсетуі, фильмнің жастарған ұнағанын анық аңғартты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button