Ұйымшыл ұжым

         Қаладан оқшау орналасқан екі қабатты ғимарат бойдан биік темір-бетонмен қоршалып, үстіне тікенек сым тартылған. Оның аумағында бөгденің беталды жүруіне қатаң тыйым салынған.

Бұл — Балқаш аймақтық малдәрігерлік зертханасы. Ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Малдәрігерлік бақылау және қадағалау комитетіндегі республикалық зертхананың Қарағанды облыстық филиалына қарайды.
Онда он адам еңбек етеді. Арасындағы арқа тұтар жалғыз азамат мал дәрігері Ардақ Аманқұловтан басқасы — қыз-келіншек. Осы жолы мал күтуші Қаламқас Қанафина, зертханашы Жаннұр Каспи, мал дәрігері Самал Нұрекина және тазалық қадағалаушы Гүлбаршын Қойшыбаевамен танысудың сәті түсті.
Ұйымшыл ұжымды ұйыған айрандай ұстауға ұйытқы болып отырған Бақытгүл Сламбекова. Аты әйгілі АЗВИ-ден (Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты — авт.) мал дәрігері мамандығын алып шыққасын, еңбек жолын Тораңғылық құс фабрикасында бастаған ол аз уақыт көліктегі малдәрігерлік бақылау бекетінде істеді. Міне, соңғы сегіз жылдан бері — осы зертхананың меңгерушісі.
Балқаш пен Приозерск қаласына, Ақтоғай ауданының 9 ауылдық округіне қызмет көрсететін бұл зертхананың басты міндеті — қолдағы био және патологиялық материал негізінде зерттеу жүргізіп, жануардың аса қауіпті ауруын анықтау (диагностика). Соған сәйкес аурудың алдын алу шарасын ұйымдастыру.
Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қадағалаумен де айналысады. Ол үшін зертханалық зерттеу жүргізіп, малдәрігерлік-санитарлық сараптама жасайды. Қысқасы, адамға арқау болатын төрт түліктің өнімі қазанда қайнап, дастарқанға қойылғанға дейін ұйымшыл ұжымдағы қыз-келіншектің қолынан өтеді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Суретте: Бақытгүл Сламбекова (отырған) әріптестері арасында.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.