Жаңалықтар

Үйлесімді тіл саясаты – рухани жаңғыру негізі

Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының асқақтығымен өлшенетінін ескерсек, қазіргі жаһандану үдерісінде жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу де осы тіл құдіреті арқылы жүзеге аспақ.

Бүгінде тіл саласының өркендеуіне мемлекет тарапынан айрықша қолдау білдіріліп, барынша жағдай жасалған. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізде тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ісшаралар жоспары әзірленіп, жұмыс барысы жүйелі жолға қойылған. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы аумақтағы тіл саясатын жүзеге асыруда бірқатар басым бағыттарды басшылыққа алады.

Мемлекеттік тіл және тілдердің үштұғырлылығы

Мемлекеттік бағдарламада көзделген мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін жылдан жылға арттырып отыру мақсатында тілдерді оқыту жұмысына  басымдық беріледі.

Облыс тұрғындарының белсенді бөлігін оқыту жұмысы 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курстарында тегін негізде жүргізілуде. 2017 жылы оқытуға 2000 адам қамтылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан.

Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жұмыстарын жандандыру мақсатында жыл ағымында 83 мекемеде тіл нормалары мен заңнама талаптарының сақталуы мәселелері бойынша жұмыстары зерделеніп, құжаттарды дұрыс ресімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Жалпы, құжат айналымының тоқсан сайынғы мониторингі оң динамиканы көрсетті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ісқағаздарының 89,5%-ы мемлекеттік тілде жолданып, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 0,5%-ды құрады.

Дегенмен, Теміртау, Қаражал, Жезқазған қалалары, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Абай тәрізді аудандардың әкімдіктеріне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде шығыс құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде ресімделетінін айтпасқа болмайды.

Жыл ішінде облыста «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік  қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтау бағытында біршама жұмыс атқарылды. Тест тапсыруға әдістемелік көмек ретінде «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тіл білу деңгейін бағалау жұмысындағы өзекті мәселелер», «Қазтест» стандартын түсіндіру бойынша шеберлік сыныбы, сонымен қатар облыс орталығы мен облыс өңірлерінде дайындық курстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 4619 адам аталған жүйе бойынша тестілеуден өтіп, мемлекеттік қызметкерлердің 41%-ы қазақ тілін орта (В1) деңгейде,  1,3%-ы жоғары (С1) деңгейде білетіндерін көрсетіп отыр.

Есепті жылда басқарманың тапсырысымен орта деңгейге (В1, В2) арналған «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені дайындалды. Аталған жұмыс 2016 жылдан бері жүргізілуде және ағымдағы жылы ең соңғы жоғары (С1) деңгейге арналған оқулық шығарылатын болады. Бұл кешен республика деңгейінде үздік деп танылып, еліміздің барлық өңірлерінде пайдалану үшін республикалық бюджет есебінен баспадан қайта шығарылғанын атап өткеніміз жөн.

Басқарма жанынан құрылған, құрамында белгілі қоғам қайраткерлері, тілтанушы ғалымдар және белсенді жастар бар «Мемлекеттік тіл – менің болашағым» ақпараттық-насихаттау тобы Жаңаарқа, Абай аудандары, Саран, Теміртау, Шахтинск, Қарағанды қалаларында болып, мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру мәселелерін талқылады.

үштұғырлы тіл саясатын насихаттау мақсатында арнайы ұйымдастырылған ақпараттық-насихаттау тобы Қаражал, Балқаш қалалары және Нұра, Абай аудандарында түсіндіру шараларын жүзеге асырды.

Ағылшын тілін меңгеруге құлшыныс танытқан облыс тұрғындарының саны жыл санап артып келе жатқанын да атап өткен жөн. Мәселен, 2016 жылы оқыту жұмыстары облыстың 10 өңірінде ғана жүргізілсе, 2017 жылдан бастап тегін курстар барлық қала-аудандарда ұйымдастырыла бастады. Оқытумен 1304 адам қамтылып,    көрсеткіш 31%-ға жоғарылады. Мұндай тиімді шаралар тұрғындардың ағылшын тілін меңгеруіне, сол арқылы облысымызда үштілділік саясатын оңтайлы жүргізуге жақсы мүмкіндік берері сөзсіз.

Облыстық деңгейдегі орталықтардың 16-сында неміс, румын, әзірбайжан, армян, грек, поляк, еврей, қытай, кәріс, грузин, татар, башқұрт, литва, түрік, украин, шешен тілдері оқытылады. Аудан, қалалардағы ұлттық мәдени бірлестіктерде неміс, татар, кәріс, украин, түрік тілдерін оқыту жұмыстары ұйымдастырылған.

Жыл сайын этномәдени бірлестіктер жанындағы оқыту курстарының оқытушылары үшін «Мемлекеттік тілді және ана тілдерін оқытудың өзекті мәселелері» семинары ұйымдастырылады.

Жалпы орта білім беретін мектептер базасында факультативті сабақтар ретінде ағылшын, француз, неміс, поляк, кәріс, түрік және татар тілдерін оқыту жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы, облыстағы тілдік ахуалды сараптау нәтижесі 2017 жылы тұрғындардың 76%-ы  мемлекеттік тілді, 93%-ы орыс тілін, 9%-ы ағылшын тілін, 6%-ы үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) әртүрлі дәрежеде меңгергендерін көрсетті.

Өнер алды – қызыл тіл

Орталық Қазақстан өңірінде тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, оның барлық салаларда белсенді қолданысын қамтамасыз ету, жас дарындарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында рухани-мәдени, қоғамдық маңызды шаралар, тіл мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі байқаулар тұрақты өткізіледі. Жыл бойында 500-ден аса қоғамдық-маңызды, көпшілік шаралар өткізілсе, соның 40-қа жуығы облыстық деңгейдегі шаралар.

Қарағанды облысы екі жыл қатарынан республикалық «Тілдарын» байқауында үздік деп танылды. 2016 жылы Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның оқытушысы Нұрхан Нұрланов, 2017 жылы Қарағанды экономикалық университеттің студенті Марат Әлібек бас жүлдені иеленіп, облыс мерейін үстем етті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» жобасы аясында ұлттық рухты оятуға бағытталған «Дүниеге келер әлі талай Қасым» жыр мүшәйрасы, Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылар, көсемсөз шеберлерінің әдеби-шығармашылық байқауы, «Абай оқулары» өткізілді. Сонымен қатар, қазақ халқының абыз кемеңгері, шешендік өнерді өз дәуірінде жарқырата танытқан данышпан бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы аясында республикаға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бас қосқан «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы және республиканың 12 облысынан қатысқан ділмар сөз шеберлері арасында «Даналар сөзі – ақылдың көзі» республикалық шешендік өнер байқауының ұйымдастырылуы облыстың рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналды. Шашасына шаң жұқпаған кіл жүйріктер қатысқан өнер додасында облыстың намысын қорғаған Сәтбаев қаласының өкілі Құрақбай Амангелді бас жүлдені қанжығасына байлады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен басқарма жанынан құрылған жұмыс тобы Қаздауысты Қазыбек бидің өмірі мен рухани мұрасын жаңа қырынан танытып, ғылыми айналымға енгізу мақсатында «Қаздауысты Қазыбек би» атты 2 томдық еңбек жазып, баба тойына тамаша тарту жасады. Алты алашты әсем әнімен уатып, өткір жырларымен рухтандырған біртауар тұлға Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы да назардан тыс қалмай, басқарманың тапсырысымен «Арқаның Әсет ақыны» атты монография жарық көрді.

Облыс аумағында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және тілдерді дамыту мен оның қолдану аясын кеңейтуге қомақты үлес қосып жүрген тұлғаларды ынталандыру мақсатында облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығына 2017 жылы 3 номинация қосылып, лауреаттар қатары үш тілді еркін меңгеріп, оны өз қызметінде, күнделікті өмірде еркін қолданатын жас азаматтармен, сондай-ақ, мемлекеттік тілді бизнес арқылы насихаттап, демеушілік танытып жүрген кәсіпкерлермен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарымен толықты.

Мемлекеттік тіл саясаты

және БАҚ

Мемлекеттік тіл саясатына ақпараттық қолдау көрсету арқылы оны бұқараға кеңінен насихаттау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының, интернет-ресурстарының әлеуеті кеңінен пайдаланылады.  Есепті кезеңде тілдерді дамыту жөніндегі басқарма облыстық «SARYARQA» («Қазақстан-Қарағанды») телеарнасымен бірлесе 48 бағдарламадан тұратын «Үш тілді оқыту сабақтары» арнайы телевизиялық жобасын жүзеге асырды. Көрермендердің телесабақтарда меңгерген білімдерін бекіту мақсатында аталмыш жоба басқарманың сайтына орналастырылды.

Сондай-ақ, ғалымдардың, тілтанушылар мен мамандардың қатысуымен  жергілікті «5 арна» телеарнасындағы «Мәңгілік тіл» тележобасы арқылы  өңірдегі тіл мәселелерін арқау еткен 10 телехабар көрермен назарына ұсынылды. Жалпы, жыл бойында басқарманың облыс өңірлерімен бірлесе әзірлеген медиа-жоспары аясында тіл саясатын насихаттау бағытында БАҚ-та 1300-ге тарта материал жарияланды.

Жаңғырған жаңа атаулар

Басқарма жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі ономастика саласындағы жұмыстарды біріздендіру және үйлестіру болып табылады. 2017 жылы Республикалық ономастика комиссиясының отырыстарында 11 шағын ауданның, 22 көшенің, 3 объектінің атауын өзгерту бойынша, сондай-ақ, облыстық ономастика комиссиясының отырыстарында 7 елді мекен мен 167 көшеге атау беру, оларды қайта атау бойынша ұсыныстар қаралып, оң қорытындылар берілді.

Атау беру, қайта атау жұмыстары бүгінгі күннің идеологиясына сай келмейтін атауларды өзгерту бағытында жүргізілді: елді мекендерге тарихи атауларын қайтару; құрамдас бөліктерді (көшелер, даңғылдар, шағын аудандар және т.б.) жаңа Қазақстанның ұстанымына сай ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау, сондай-ақ, оларға тарихи тұлғалар мен еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беруге басымдық берілді.

Көрнекі ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесін арттыру жұмыстары да басқарманың ұдайы назарында. Кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарын түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлық ұйымдастырылып, рейд жұмыстары барысында анықталған 539 кемшіліктің 452-сі, яғни 84%-ы түзетілді. Сондай-ақ, жеке тұлғалардан түскен өтініш негізінде 5 кәсіпкерлік нысанында жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылып, заңнамаға қайшы көрнекі ақпараттары түзетілді.

Дегенмен, түйткілді мәселенің бірі – көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамаларды орналастырмас бұрын олардың мәтіндерімен келісу жұмысында бірізділіктің жоқтығынан жеке кәсіпкерлік субъектілері тарапынан тіл заңнамасының талаптарын, қазақ тілінің нормаларын өрескел бұзу деректеріне жиі жол беріледі. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде көрнекі ақпарат мәтіні бойынша тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» («Сallcenter) қызметі  жұмыс жасайтындығын ескерте кеткен абзал.

Жаңа әліпбиге көшу – заман талабы

Облыстағы тілдік ахуалды одан әрі жақсарта түсу мақсатында бүгінде алдымызда үлкен міндеттер тұр. Соның негізгісі – қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Бұл бағытта 2018 жылдың 2-ші жартыжылдығында алғаш рет онлайн режим жүйесін қолдана отырып латын графикасын  қашықтықтан оқытуды тәжірибеге енгізбекпіз. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес жаңа әліпбидің емле ережелері, орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтар түпкілікті бекітіліп болғаннан кейін өңір тұрғындарын жаңа әліпбиге үйрететін, іс қағаздарын латын графикасына көшіретін оқытушыларды, тіл мамандарын, аудармашыларды  дайындау жұмыстары қолға алынатын болады.

Межеленген жауапты әрі маңызды міндеттерді іске асыру үшін ресурстық орталық ашу жоспарлануда. Ресурстық орталық ашылған жағдайда тіл төңірегіндегі бірқатар түйткілді мәселелер жүйелі түрде өз шешімін табарына сенім мол. Қорыта айтатын болсақ, тілдердің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту, белсенді қолданылуын қамтамасыз ету, жалпы мәдени қызметін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Г.Қаңтарбекова,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі

басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button