Ізденіс — ілгерілеу негізі

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен кезекті аппарат жиынында халықты баспанамен қамтып, тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуді көздеген «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалысы мен халық денсаулығын сақтау мақсатындағы әлеуметтік қорғау формасы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Серік Талдыбаев таныстырылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов баяндады.

— 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 3084 пәтер пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен жалға берілетін, несиелік тұрғын үй салуға 12,3 млрд. теңге бөлінген. Теміртау, Приозерск, Қарқаралы аудандарын қоспағанда, жоспарланған тұрғын үй көлемі орындалды, – деді Тайхан Қалмаханов.

Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 255 өтініш қабылданып, оның 236-сы мақұлданған және 146-сы берілген. Осылайша, биыл аталған іс-шараларды іске асыру арқылы 111 отбасын жалға берілетін тұрғын үймен, 770 көпбалалы отбасын пәтерлермен қамтамасыз ету жоспарланған.

Биыл 15 нысанның құрылысына 2,9 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 287 пәтер және көпбалалы отбасыларға арналған 71 пәтер пайдалануға беріледі.

–  2020 жылы облыста шамамен 1,5 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру – жоспарда, ал желтоқсан айында қазіргі таңда келісуге жіберілген жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданады. Келесі жылдардағы құрылыс сапасы да, көлемі де бағдарламаға енуімізге байланысты болады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, келесі жылы облыстың қалалары мен аудандарында 29 тұрғын үй нысанының құрылысы басталады. Бұл үшін 9,7 миллиард теңге қарастырылып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және Энергетика министрлігіне тағы тоғыз жобаға 1,2 миллиард теңге көлемінде қосымша бюджеттік өтінімдер жолданған.

Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Бұл күні облыста міндетті медициналық сақтандыру қорымен 127 денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 56 мемлекеттік және 71-і жекеменшік нысан. Ержан Шәкірұлының айтуынша, МӘМС енгізілгеннен кейін диагностикалық зерттеулердің қымбат түрлерін тұтыну 2,5 есеге өскен. Егер бұған дейін ай сайын орта есеппен 1265 қызмет көрсетілсе, қазан айында бұл көрсеткіш 3443-ке дейін өскен.

Дегенмен, «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің мәліметтері бойынша соңғы үш айда аударымдар 52 мың қызметкерге тұрақты түрде жүргізілмеген. Нәтижесінде, мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген жұмыстар нәтижесінде 11 мың адамға қаражат аударылған.

– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілгенімен, облыстың медициналық ұйымдарына 16 мың адам бекітілмеген, оның 8680-інде тиісті құжаттары жоқ. Сондай-ақ, 7,5 мың адамды тіркеу бойынша жұмыс жүргізілуде, – дейді Ержан Шәкірұлы.

Облыс әкімі 1 желтоқсанға дейін тұрақты төлем жасамайтын мекемелермен жұмыс жүргізіп, әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Теміртау қаласындағы №4 орта мектептегі балалардың улану жағдайына түсініктеме берді.

 – Соңғы екі күнде тұрғындар оқушылардың улану жағдайына алаңдаушылық танытуда. Қандай шаралар қабылдануда? – деген сұраққа Теміртау қаласының әкімінің орынбасары Владислав Цой жауап берді.

 – Балалар жұқпалы аурулар ауруханасына үш бала жатқызылды, жеті оқу­шы үйде қадағалауда. Балалардың жағдайлары жақсарғандықтан, қазіргі таңда ауруханадан шығарылды. Мектеп асханасынан қажетті талдаулар алынды, қорытындысы күтілуде, – дейді ол.

Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысына жағдайды бақылауға алуды тапсырды. Бірқатар фактілер бойынша мектеп асханасына ілеспе құжаттарсыз тағам түрлері әкелінгені анықталған. Материалдар прокуратураға жіберілген. Жеңіс Қасымбек мектеп үшін азық-түлікті кім, қашан және қайдан сатып алғанын анықтауды қосымша тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ