Жаңалықтар

Иван НАУМЕНКО, Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан ардагер: «Қазақ халқының орыс ұлымын…»

Жуырда Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің Студенттер сарайында аталған білім ордасының жастар ісі жөніндегі комитеті мен ҚарМУ-дегі Қазақстан студенттері Қауымдастығы Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлермен кездесу ұйымдастырды. Олардың қатарында «Чернобыльдің аса қауіпті аймақтарында болған мүгедектер мен ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек БАЕКЕНОВ пен апат орнында болған ардагер Иван НАУМЕНКО болды.
Сонау 1986 жылы Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында апат болып, оқиға салдарынан осы елдің елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адам өміріне қауіп төнген еді. Сөйтіп, атом электр станциясынан радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Бірақ, ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деуде.
Сөйтіп, 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталған болатын. Ал, апатты залалсыздандыруға барлығы – 800 000 адам тартылса, соның 32 000-ы Қазақстан азаматтары еді. Ал, облысымыздан шамамен 7000 адам қатысыпты. Оның көзі тірісі – 570 адам ғана.
– Апат зардабын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Негізінен, астыртын жарлық бойынша екі баласы бар, үйленген азаматтар аттануы тиіс екен. Менің қызым бар еді. Сөйтіп, пойызға отырғызып, бізді апат орнына аттандырды. Алғашында, мұндай қауіп барын білмедік қой. Жеткен соң барып түсіндік. Қаңыраған үйлер, үдере көшірілген халық. Тіпті, үйін қыймаған кейбір азаматтар өртеп те жіберген екен. Апат орнында болып, менімен қатар залалсыздандыруға қатысқан азаматтардың басым бөлігі арамызда жоқ. Қолымда апат орнында бірге түскен суреттеріміз бар. Қатарымыздан ерте озғандарын санап шығуға саусақ та жетпейтін шығар. Отызға жетпей қайтыс болғандар қаншама. Радиоактивті заттардың қаупін осыдан-ақ біле беріңіздер, – деді Мейрамбек Баекенов.
Тағдыры талайлы жандардың өмір жолы опындырмай қоймайды. Көзге жас алмай тыңдау мүмкін емес. Ерлік пен өрлік, достық пен сыйластық сыналар осындай апат алаңында болған ендігі ардагер – Иван Науменко. Оның айтуынша, сарбаздар құрамымен апат аумағын тазалапты. Радиоактивті заттар сіңген бұйымдар мен түрлі заттарды жер астына көмген кездері де аз емес. Дегенмен, талай жас сарбазға бас-көз болған ардагер адамдарды ұлты мен ұлысына қарап алаламағанын, керісінше, оған мүлде мән бермеуге тырысатынын айтады.
– Өз басым көп жылдар әскер қатарында болдым. Әкем де әскери адам еді. Қарағанды қаласының байырғы тұрғынымын. Не керек, қызмет етіп жүрген жерімнен жіберді ғой. Сондағы бір ұққаным, бұл – дұшпанмен соғыс емес. Бұл – техногендік апат. Аңдысатын жау болмағасын, бәріміз бір атаның баласындай залалсыздандыру жұмысына ден қойдық. Кейін, осы Мейрамбек Баекеновпен де дос болып кеткен жайымыз бар. Кейде қалжыңдап, қазақ халқының орыс ұлымын деймін, – деді Иван Науменко.
Шара соңы сұрақ-жауапқа ұласып, студент жастар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, көңілге қонымды жауап та алып жатты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button