Баған

Іс бастауы – сөз

Дана халқымыз «Жақсы лепес – жарым ырыс» деген. Түсті де жақсыға, ниеттеске, тілектеске жорытқан. Әрине, әттегенайлар болып тұрған. Абылай ханның әйгілі түсін Бұқарекеңнің жоруы – соның бір мысалы. «Бұқарекең басқаша жорығанда, Абылайдың ұрпақтары, жалпы қазақ атаулы емес, олардың дұшпандары, жаулары ұсақталып, бақа-шаянға айналып кетер еді» дейді тәмсіл. Бір қария ауылдың үйіне кештете жетіп, «Осы үйдің келіні қайда?»– деп сұрапты. Келіншек бұлаққа суға кеткен екен. «Келін түс көрген екен, айтты ма, не деп жорыдыңдар?» – дейді қарт. Жауабын естіген соң «Әттеген-ай, екі омырауын екі бөлтірік еміп жатқаны, қасқырға жем болатынының нышаны емес-тін. Құрсағында егіз ұл бар екен, аман-есен туғанда, елінің туын ұстайтын көкжалдар болар еді, тез жүгіріңдер, келінді құтқарыңдар!» – депті. Қарияның айтуымен бұлақ басына барса, екі бөрі келіншектің екі төсін жұлмалап жатыр екен. Адамдардан ығысып, жылыстай беріпті. Расында да құрсағында егіз ұл бар екен. Әттеңі сол – келіннің түсін алғаш жорыған адам оның тек көлеңкелі, күңгірт жағын ғана көрген екен. Бұл – бір. Қазақ-жоңғар соғысының бірінде ертеңгі жекпе-жекке шығатын жас батыр түсінен шошып, ұнжырғасы түсіп, көңілсіз оянады. Абыз қария: «Түсіңде көргенің өңіңде керісінше болады. Дұшпаның емес, сен оны аттан аударып түсіресің, ол емес, сен оның басын шабасың!» – дейді. Батаға бергісіз бұл сөзден жігерленген жас батыр расында да жауын аттан аударып тастап, кеудесіне мініп алып, қылышымен басын шабайын деп жатқанда, жоңғар батыры «Сен көрген түсті мен де көрдім, сенің басыңды мен алуым керек еді. Тек, сенің жорушың мықты болды! Ал, енді шаба бер басымды!» – депті. Бұл – екі. Тағы бір жаугершілік жорықта қалмақтың жауырыншысы, «қазақтар қуғынды қойды, кері қайтып бара жатыр» деп, әскерді тынығуға тоқтатады. Олар қамсыз жатқанда қазақтар үстерінен түсіп, түгел тұтқынға алса керек. Сөйтсе, қазақтардың жолбасшысы аттардың ерін теріс қаратып ерттетіпті. Ердің қасы артқа қарап тұрғанынан шатасқан қалмақ жауырыншысы осылай опық жеген екен. Осымен – үш. Бұл мысалдарды тарихшылар мен фолкьлоршылар жатқа біледі. Профессор Зарқын Тайшыбай ағамыздың кезекті бір мерейтойында Қызылжардағы Абылай ханның резиденциясын араладық. Биікке орналасқан еңселі сарай. Бір қабырғасында «қазақ халқы мынадай руларға бөлінеді» деген кестені көрдік. «Қазақ руларға бөлінбейді, рулардан құралады, осыны түзетсеңіздер» дедік Түзетті ме, жоқ па, оны білмедік. Бір қабырғадан «Тілі құрыған елдің өзі де құриды» деген нақыл сөзді оқыдық. Әдемілеп жазып, жоғарыға ілген. Дәл кімдікі екені есімде жоқ. Рас, бір кезде айтқан болар. Ашынғанда, көмейіне өксік тығылғанда, кейігенде айтқан шығар. Бірақ, жоғарыға іліп қойсын, жұртыма бағыт-бағдар болсын, елім осы жолмен жүрсін деп айтпаған болар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген Мұхтар Әуезов. Түзесең, болады деп тұр. Міне, біздің сөздер осы мағынада, осы бағытта айтылуы, жазылуы тиіс! Негізі, «анау болмаса, мынау болмайды» деген сөздер өздері көксеген мақсатты «болмайды!» деп кері қайтарғандай болады да тұрады. «Тіл түзелмей, ел түзелмейді» дегенді көп естиміз. «Тіл түзелсе – ел түзеледі» деген жөн. «Осылай қылса, солай болады» деп жол көрсету бағытында айтылуы – шарт. Іс бастауы – сөз, сондықтан, «болмайдының» емес, «боладының» амалын табуымыз керек.

Болат СЫЗДЫҚ, 

«Bolashaq» академиясының профессоры, 

заң ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Back to top button