Жаңалықтар

Ірі тұлға жайында іргелі еңбек

Қазақ хандығының тұсында Қазақ мемлекеттігін қорғаған, қолдаған үш-төрт қамал болған. Ол – хан, ол – абыз, ол – би, ол – батыр. Міне, тарихтағы алып тұлғаның бірі – Қараменде би туған Балқаш, Ақтоғай өңірі – Алланың нұры һәм аспаннан шұға жауған, қасиет тұнған өлке. «Тобықты Қараменде баба» кітабы тұсаукесерінің алғысөзінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов осылай деді.

 

Өткен сенбіде М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында «Тобықты Қараменде баба» кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты шараға жиылған халықтың қарасы қалың.

Шараның шымылдығы ақын Нұрдос Кәрімнің арнауымен түрілді. Қараменде бабаның кемеңгерлігін жырға қосқан ақын өз сөзін:

«Қараменде бабамдай қайраткер ғып,

Әр қазақтың ұл берсін бесігіне» деп түйді. Ықыласты ел қиқуламай қайтсін?!

Бұдан соң Серік Негимов сахнаға көтерілгенде ел сілтідей тына қалған. Әңгіменің тетігін әріден тартқан ғалым Әз Тәукенің заманына, Әнет бабаның, өзге де ұлы тұлғалардың дәуіріне көз жүгіртті. ХVIII ғасырда қазақтың маңдайына бақ болып дарыған, мәңгілік мұрасы қалған Қараменде бабаның ұлт мүддесі жолындағы істеріне тоқталды. Кеңгірбай бидің «Атыңнан айналайын, Қараменде, Сендей алып туа ма кейінгі елге?» деген бағасына назар аудартты.

  • Біз Қараменде бабаның асыл сөздерін бұған дейін де білетінбіз. Жаңа кітаптың жарыққа шығуы дүниетанымымызды тағы да толықтыра түсері сөзсіз, – деді С.Негимов. Дадан Тобықтының алыптары – ағартушы, кәсіби дәрігер Бижанның Хасені, Шашубай Қошқарбайұлы, Күләш Байсейітова сияқты дүлдүлдерді де тілге тиек етіп, халқымыздың дүниетанымын тереңдетіп, шаруа-кәсібін өркендеткен шамшырақтарын сөзге қосты. –

Жетісудың жеті өзені Балқаш көліне құйғандай, ақыл мен ойдың озығы қасиетті Қараменде бабамыздың да бір бойына дарыған. Қазақтың ынта-мақсаты, жігері бір арнада түйісуін көздеген ұлы мұраттар орындалсын, – деген пікір айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбайға да қалың елдің қошеметі ерекше болды.

Ал, қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова өлкені, өңірдің Қараменде би сияқты ұлы тұлғаларын жас буынға кеңінен таныстыру мақсатындағы жүргізілетін жұмыстарға тоқталып, жаңа туындыны құрастыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты. «Ұлы Дала елінің билері мен батырларының есімдері халқымызбен мәңгі жасай береді», – деп, шара қонақтарына қала әкімдігінің атынан сый ұсынды.

Аталмыш кітаптың жарыққа шығуына ұйытқы болған қор жетекшісі Әбілқайыр Ошақбаев, Қараменде баба ұрпағы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуғали Қышқашбаев, «Тобықты Қараменде баба» кітабының құрастырушысы Молдабек Жанболатұлы, Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық мәслихатының хатшысы Ерлан Арнаұлы сөз алып, ақжарма тілектерін жеткізді. Шежіреші, журналист Дәурен Сейсенов, нарманбеттанушы Амангелді Туғанбай да құрметті қонақтар қатарынан табылды.

Салтанатты шара соңы Қараменде би өмірінен сыр шертетін сахналық қойылым мен мерекелік концертке ұласты. Күйші Жақсылық Нәдірбеков, әнші Аққыз Құнарбекова бастаған балқаштық өнерпаздар көптің көңілін серпілтті. Ә.Мусин атындағы БГТК би ұжымының (жетекшісі Ә.Әбдірова) өнері де талайды тамсандырды. Сондай-ақ, осы күні Қараменде баба рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды.

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button