Өңіраралық кооперация кеңейтіледі

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «Астана қаласының күндері» аясында облысымызда жұмыс сапарымен болды. Алдымен, елордалық делегация Теміртау қаласына тоқтап, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті тарихи-мәдени орталығына экскурсия жасады. Ал, Қарағандыда «Астана қаласы – Қарағанды облысы өңіраралық ынтымақтастық» бизнес-форумына қатысып, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралады. Форумға қатысушылар бизнестің өзара іс-әрекеті, цифрлық технологияларды енгізу, «Smart City» тұжырымдамасын және басқа да бағдарламаларды жүзеге асыру тәжірибелерімен алмасты.

– Астана мен Қарағанды қанаттас қала болғандықтан, ортақ мүдделеріміз бар. Форум жұмысы біріккен тауар айналымын жүзеге асырып, тәжірибе алмасу бағытына жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді, бизнес-форумды ашқан аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

Ал, Әсет Исекешев болса, Астана экономикасын дамытудағы Қарағанды өңірінің рөлі ерекше екеніне тоқталды.

– Әсет ИСЕКЕШЕВ, Астана қаласының әкімі:

– Қарағанды өңірі – Қазақстанның ең басты индустриалдық орталығы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы еңбек жолы осы жерде басталды. Сондай-ақ, бұл – Президентіміздің саяси және еңбек Отаны. Ал, халық арасында Қарағандыны Ұлт көшбасшысының «алтын бесігі» деп атайды.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту тиімді екеніне тоқталып, «Астана Хаб» IT-стартап халықаралық технопарк шеңберінде жалпы кластерге бірігуді ұсынды. Шындығында, Қарағанды облысының Астанаға жақын орналасуы өңіраралық кооперацияны нығайтуға мүмкіндік береді, ал, 2018 жылы «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін қайта жаңарту» аясындағы «Астана-Қарағанды» автобан құрылысының аяқталуы аймақтарды одан әрі жақындата түсті. Сондайақ, Қарағанды облысы Елорданың азық-түлік белдеуіне кіреді. Екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындары Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Өткен жылдың өзінде 25 миллиард теңгеге өнім жеткізілсе, бұл көрсеткіш биыл арта түспек. Қарағандылық кәсіпорындар Елордаға 66 мың тонна азықтүлік жеткізуді жоспарлап отыр.

Бизнес-форумда Астана қаласын дамыту мен Қарағанды өңірінің инвестициялық әлеуетін дамыту туралы баяндама оқылды. Облыс өнеркәсібі өңірлік өнімнің 50%-ын құрайды. Экономикадағы қайта өңдеу кәсіпорынның үлесі 30%. Сондықтан, өңір жыл сайын 3,9 миллиард АҚШ долларына шикізат емес тауарларды экспорттау мүмкіндігіне ие. Сәйкесінше, еңбек өнімділігі де жоғары – дейді, облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров. Тіпті, негізгі капиталға 358 миллиард теңге инвестиция тарту мүмкіндігі туған. Айта кету керек, оның 119 миллиард теңгесі – шетелдік инвестиция.

– Сондай-ақ, туризмді дамыту да маңызды. Астана тәжірибесі біздің қызығушылығымызды тудырады. Өңірімізде облыс орталығы, Балқаш, Қарқаралы курорттары және Ұлытаудың қасиетті жерлері туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Астананың дамуы өңіріміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға да ықпалы зор, – деп атап айтты А.Айдаров.

Форум аясында Астана қаласының әкімдігі мен Қарағанды облысының әкімдігі, «Астана Конвеншн Бюросы» ЖШС мен Қарағанды облысының кәсіпкерлік Басқармасы, «Астана Innovations» АҚ мен Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы, «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы төрт Меморандумға қол қойылды.

– Қарағанды – іссапармен болған сегізінші аймақ. Елордамыз барлық өңірлермен жемісті ынтымақтастықты жүзеге асыруда, сапар барысында 52 Меморандумға қол қойылып, 60-тан астам мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілді. Шараларға 45 мыңнан астам қонақ қатысты. Барлық өңірлерге ынтымақтастықтары және қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Әсет Исекешев форум соңында.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

 «Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.