Бас тақырыпОблыс әкімі

Өңір өнеркәсібі цифрландырудың алдыңғы легінде

Қарағанды облысы өнеркәсіпте цифрлық жобаларды іске асыру бойынша көшбасшы деп танылды. Өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындардың сандық технологияларды енгізу тәжірибесі сенаторлардың көңілінен шықты. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобы «Қарағанды облысындағы өнеркәсіп орындары үлгісіндегі өндіріс үдерістерін цифрландыру» атты көшпелі отырыста ортаға салды. Жиынға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, облыстық мәслихат депутаттары және кәсіпкерлер қатысты.

Облыс әкімдігінде сенаторлар көшпелі кеңес өткізіп, онда басқа да кәсіпорындардың цифрлық дамуға ден қою мәселелері мен сұрақтарын талқылады.

– Біз үшін бұл мәселе өте маңызды. Өнеркәсіп үлесіне облыс экономикасының 50%-дан астамы кіреді. Кәсіпорындардың басым бөлігі экспортқа бағытталған. Ертең ұтылмау үшін біз сандық технологияларды жедел енгізуіміз керек. Бізде жақсы жобалар бар, бірақ жүйелік проблемалар да жоқ емес. Біз ашық диалогта осы мәселелерді талқылауға дайынбыз, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

«Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Михаил Бортник Мемлекет басшысының экономиканы одан әрі цифрландыру бойынша міндет қойғанын еске салды.

– Цифрландыру – кәсіпорындар мен жалпы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің маңызды шарты. Одан әрі өсу цифрландыру қарқынын жеделдетуге, экономиканың барлық секторларында цифрлық құралдарды белсенді енгізуге байланысты, – деді өз сөзінде Михаил Бортник.

Депутаттар цифрландырудың дамуына кедергілер және оған қажет заңнамалық өзгерістер туралы мәселе көтерді.

– Біздің міндетіміз – қазірдің өзінде қол жеткізілген жетістіктер мен қиындықтардың деңгейін анықтау. Бүгін қарағандылық кәсіпорындар байқағанымыздай цифрландыруды жүйелі түрде дамыта алады деген үміт бар. Мысалы, «Maker» ЖШС бізге барлық технологиялық тізбектерін көрсетті. Цифрлық қондырғыны немесе роботталған машинаны сатып алу – бір мәселе, ал басынан бастап соңына дейін технологияны тиімді қолдану одан да күрделі басқа мәселе саналады, – дейді «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі.

Ал, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы әңгімеледі. Қарағанды облысы цифрлық жобаларды жүзеге асырудағы көшбасшылардың бірі болып табылады деп атап өтті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, облысымызда жоғары автоматтандырылған өндірістер бар. 10 кәсіпорында 33 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестицияның жалпы сомасы 160 млрд. теңгені құрайды екен.

«Қазақмыс» корпорациясы, «Алтыналмас» АҚ, «Eurasian Foods Corporation» АҚ басшылары аталған кәсіпорындарда цифрландырудың жоғары деңгейіне қол жеткенін айта кетті. Бұл жоба өндіріс процестерін айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік берген екенін жеткізді.

Сонымен қатар, облыста пилоттық сандық фермалар іске қосылды. Көмір бассейндерінің шахталарында «қара алтынды» автоматтандырылған түрде есепке алу жүйелері енгізілді. Жиынға арқау болған тағы бір өзекті мәселе – білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Өнеркәсіпшілер, сондай-ақ, салық жеңілдіктері, несиелерді арзандату түріндегі ынталандыру факторларының қажеттілігі туралы айтты.

Қарағандыдағы көшпелі отырыс қорытындысы бойынша сенаторлар Үкіметке, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірлейді.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button