Жаңалықтар

Империяның түбіне жеткен кітап

Ацтектер империясы бір мезетте майдан даласына 3 миллион әскер шығаруға қауқарлы болған. Әйтсе де, олар жалпы саны 800-дей ғана болатын испан конкистадорларына қарсы тұра алмай, быт-шыт болып жеңiлдi. Мұндай масқара жеңілістің сыры неде? Түрлі болжамдар айтылды. Түйінінде жеңілістің басты себебі ацтектердің көне кітабы деген байлам жасалды.

Атадан балаға мұра болып жеткен ацтектердің көне кітабында есте жоқ ескі заманда теңіз арқылы қаба сақалды, мейірбан ақ адамдардың келгені және жергілікті халыққа егін егіп, жер өңдеуді үйреткені жазылған. Олар мұнда біршама уақыт тұрып, артынша кеме тәрізді көлік түрімен үлкен жерге жүзіп кетеді. Ал, ацтектер оларды Тәңірге балап, сиына бастайды.

Өмірде сәйкестіктің сан түрі болады ғой. ХVI ғасырдың басында жаңа жерді жаулап алуды мақсат тұтқан Испан конкистадорларының кемесі де дәл осы бұғазға зәкір тастаған екен. Мұны көрген жергілікті халық көне кітапта айтылған Кецалькоатль Тәңір балаларын ертіп қайтып келді деп ойлап, отаршыларға құлдық ұрады. Ал, олардың жымысқы ойын түсінген кезде бәрі кеш еді. Жатжерліктерге құлдық ұрып, рухы сынған әскер майдан даласында ерлік көрсетіп жарытпай, тас-талқан болып жеңіледі. Осылайша, көне кітап алып империяның түбіне жеткен.  

 Айдана ШЫНАТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button