Бас тақырыпРуханият

Ілтипат пен ізет үндестігі

«Өлеңшіге шөп те өлең, шөңге де өлең» демекші, журналиске жер мен көк­тің бәрі тақырып. «Біреудің жанарындағы, біреудің та­банындағы» дүниенің бар­лығы материалға сұрана­ ды да тұрады. Жүрген жерде ойланып, көзіңді ашып жүрсең болғаны. Жолда, тойда, үстелде отырсың ба, мейлі, сергек әрі қыра­ғы бол» дейтін Мағауия Сембай ағамыз. Жақында ғана зейнет демалысына шыққан Мағаш ағаны өзі­нің «Орталық Қазақстаны» күні кеше ғана иығына ша­пан жауып, салтанатты түрде шығарып салды.

 

Бұл кісі Шерхан Мұртазаның шекпенінен шыққанын жиі айтып жүреді. Мақалаларында да жазған, оны білесіздер. Мағаш аға Шерағаң шекпенінен шыққан болса, біз – Мағауия Сембайдың мектебіненбіз. Қазіргі басшымыз Қамбар Ахметов, оның бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков бастаған – бәріміз осы Мағауия Сланбекұлының мектебін көріп, ұстаханасында ысылғанбыз. Журналистік жолда, әрине.

«Орталық» үлкен мектеп еке­ нін қазір азуын айға білеген қаламгер-журналистердің өзі мойындайды. Мағаш ағадан бұрын Бас редактор болған Рамазан Сағымбеков пен Нұрмахан Оразбековтен қалған сара жол – үлкен мектеп. Соны жиырма жылдан артық уақыт ұстап, алтын аралыққа айналдырған Мағауия Сембайды өзінің ұжымы оңайлықпен қисын ба? Шығарып салу салтанатын сәл кешіктіргеніміз де содан шығар. Алғаш құрмет демалысына кететінін білгенде, ұжымда көзіне жас алғандар да болған. Қаламгерді ұжымы құрметтеп шығарып салады дегенді естіп, қаламдас, қанаттас әріптестері әрі аға-бауырдай етенелесіп кеткен ардагер журналистер – Аман Жанғожин, Серік Сексенұлы, Сүйіндік Жанысбай келіп, естелік лебіздерімен бөлісті. Бұлардың да осалы жоқ, «Орталықтың» аға буын өкілдері. Ертеден бергі оқырмандар есімдеріне әбден қанық болса керек. Аймақ, өлке тарихының жілігін шағып, майын ішкен бір-бір қаламгер. Сөйте тұра, бәрі үлкен бастарын иіп Мағауия Сембай бауырларын мойындайды. Бірі қаламгерлік қырын айтса, бірі ұйымдастырғыш қабілетіне тоқталды. Енді бірі адами қасиетін артық көреді. Аймаққа белгілі ардагер журналист Аман аға Жанғожин «Мағауия Сембай редакторлық еткен тұс – «Орталық Қазақстанның» алтын кезеңі десе болғандай. Газет заман көшінен бір де қалған жоқ. Небір ауыртпалық кездерді бастан кешіріп, қиындықтың бәріне төтеп берді. Халықпен бірге болды. Қаншама белгілі қаламгерлер түлеп ұшып, Қазақстанға танылды» деді.

Жоғарыда Мағауияның мектебіненбіз деп қалдық. Сонда ысылғанымыз емей не, жазу жолына енді келіп жатқан жастар Мәкеңе «сіз мына мақалаңызда былай көрсеткен екенсіз» деп үзінді келтіре бастаса, Мағаш аға «менен үзінді келтіргені несі, ей?! Абайдан келтір, Әлихан Бөкейхан публицистикасын оқы» деуші еді. Мағауияның мектебі деген – осы.

Басшымыз, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахметов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, БАҚ саласы бойынша Президент сыйлығының иегері Мағауия Сланбекұлына ілтипат білдіріп, иығына шапан жауып, сый-сия­пат тарту етті. Алғаш Қарағандыға осы редакцияға келгенінде, басқалардың «тәжірибесі аз, жастау» деген қарсылығына қарамай, Мағаш ағасының бірден жұмысқа қабылдағанын есіне алып, ағынан жарылды. «Қазір Қазақстанға танылған мүйізі қарағайдай небір қаламгер, редакторлар мен журналистердің кө­бінің еңбек кітапшасында «Орталық Қазақстан» газетінің мөрі мен Мағауия Сембайдың қолы жүр» деді ұжым атынан тілек қосқан Қызғалдақ Айтжанова.

Қаламгер құрмет демалысына шыққанымен, қаламы қолында. Жазып жатыр. «Орталықты» тастап кеткен жоқ, өз мектебінің өкілдеріне табыстап кетті деген оңды шығар.

Қара тасты қақ жарып,

Басын июге арланып – Өскен,

Сала құлашың жетпейтін,

Дауылда мыңқ етпейтін,

Маңайындағы тал-шыбық,

Панасында қалшиып,

Саясына, дауасына малшынып, көктеген!

Қарқаралының қарағайындай дүр адам!

Арымен сұсты,

халқының қадір-қасиетін сіңірген Жанымен күшті.

Топырағынан тегіне дарыған,

Тұла бойына жиғаны еліне дарыған,

Бектің бегі – Түркі Барластың

Тарағайындай* Бұл ағам!

*Ақсақ Темірдің әкесі Тарағай бек.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button