Жаңалықтар

Ілкімді істер – ілгерілеу дәнекері

           Сәтбаев қаласының әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВТЫҢ өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі ашық пікір алмасу алаңына айналуымен есте қалары анық. Атқарылған жұмыстар мен олардың маңыздылығына байыпты шолу жасап, алдағы міндеттер ауқымын «жіліктей» таратып берген қала басшысы алдын ала түскен сұрақтарға салмақты жауаптар қайтарған соң жиынға қатысушы қалың қауымды тікелей сұхбатқа шақырды.
Кездесуге қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес пен қалада тіркелген қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, қалақұраушы кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылық құрамының өкілдері, қоғамдық тұрғыда белсенді ұстанымы бар азаматтар, сондай-ақ, қарапайым қала тұрғындары қатысты.
– Орайлы сәтте біз сіздермен ашық сұхбат алаңында өткен жылдың жұмыс нәтижелерін қорытындылап, биылғы жылы алға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді жан-жақты талқылауға тиіспіз. Тұрғындарды қаланың тыныс-тіршілігінің қалыптасқан ахуалымен, атқарылған және атқарылу үстіндегі жалпыға бірдей маңызды шаралармен таныстырып отыру – біздің басты міндеттеріміздің бірегейі болып қала бермек, – деді қала басшысы өзінің сараптамалық сипаттағы баяндамасына кірісер сәттегі сөз басында.
Баяндаманың өне-бойынан аңғарылғандай, өткен жыл көлемінде жүргізілген жұмыстардың әр алуандылығы, олардың сандық және сапалық көрсеткіші көңілге қонымды деңгейде. Айталық, өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,4 млрд. теңгені құрап, оның алдындағы жылмен салыстырмалы түрде қарастырғанда 100,1 пайыздық өлшемге жеткен. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 34,3 млрд. теңге болып, 52 пайызға ұлғая түскен. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өздері өндірген өнім көлемін 300 млн. теңгеге арттырған, түпкі межедегі көрсеткіш – 7,2 млрд. теңге. Қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны жоспардан 15 пайыздық деңгейде асып түсуге оңтайлы мүмкіндік тудырған.
Әлеуметтік-экономикалық әрекеттердің әлеуеттілігі халықтың әл-ауқатының арта түсуіне оң ықпалын тигізері күмәнсіз. Міне, осы бағыттағы жетістікке қол жеткізу мақсатындағы талпыныстардың тиянақтылығы есепті баяндамада айшықты түрде көрініс берді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жұмыспен қамту және басқа да маңызды салалар бойынша сараптамалық мазмұндағы көрсеткіштер ел назарына ұсынылды.
Қала әкімі өткен шақтың өрелі істерімен қатар, көңілді күпті етерліктей кемшін тұстарды да тізбелеп көрсетті. Оларды оңтайлы шешу мақсатында қолға алынған шараларды атап өтуді де назардан тыс қалдырмады.
Жиын барысында алдағы жылға жоспарланған жұмыстардың бағдарлама-жобасына қала тұрғындарының аса қызығушылық танытып, ерекше көңіл бөлгенін атап өту ләзім. Бұл ұстаным өзара сауал қою және жауап беру сәтінде айрықша аңғарылды. Тұрғындар өздері үшін түйткілді мәселе ретінде қарастырылатын сұрақтардың бәрін дерлік ортаға салды. Ал қала әкімі сол сауалдардың бір де бірін жауапсыз қалдырған жоқ. Қысқасы, орынды көтерілген сұрақтарға, мейлінше, орнықты жауаптар қайтарылды.
Өзінің қорытынды лебізінде Асқар Абылайұлы қаланың 45 жылдық мерейтойы аталып өтетін жылы, Қаныш қаласында ілкімді істердің қапысыз атқарыларына сенім білдіріп, жұртшылықты «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білуге, ортақ мүдде жолында жұмыла еңбек етуге шақырды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button