Сәтбаев

Ілгері басудың ілкімді тәсілі

   Жуырда Сәтбаев қаласында Қарағанды облысы әкімдігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасының қолдауымен энергия үнемдеу және қалалардың тұрақты дамуы тақырыбын қамтыған республикалық форум өткізілді.

Уақыт талабына орай ұйымдастырылған форумға ҚР Парламенті депутаттары, салалық министрліктердің, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, даму институттарының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлік бағытындағы және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталған ауқымды іс-шара энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саясатын жүйелі негізде іске асыру, осы мақсатта халықаралық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және қалалардың тұрақты дамуы мәселелері бойынша кең көлемді пікір алмасулар алаңына айналғанын атап өткен жөн.

Форумның кеншілер қаласында өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені, Сәтбаев қаласы бірқатар пилоттық жобаларды жүзеге асырушы қалалар тізбегіне енгізілген. Соған орай, аталған мақсатта іріктеліп алынған қалаларға даму тұрақтылығын өрістету мен энергия тиімділігін арттыру инфрақұрылымдарына қолдау көрсету шаралары пәрменді түрде жүргізіледі. Мәселен, кеншілер шаһарына көпқабатты үйлердің 150 кіреберісі мен аулаларын жарықтандыру мақсатында арнайы грант бөлініп отыр. Аталған жоба биылғы жылдың соңына дейін тиянақты іске асырылып, тұрғындар игілігіне қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының энергия тиімділігі картасында Сәтбаев қаласынан «16 мектептің жылу беру тіректерін жаңғырту», «16 балабақшаның жарықтандырылу жүйелерін жаңғырту», «Қала мектептерінің жарықтандырылу жүйелерін жаңғырту» және «Көшелерді жарықтандыруды жаңғырту» секілді 4 жоба қамтылған.

Маңызды жиынға алыстан арнайы келген меймандар алғашқы кезекте №16 орта мектеп пен жастар ресурстық орталығында жас көшбасшылар және еріктілермен жүздесіп, мақсатты семинар ұйымдастырды, сондай-ақ, шеберлік сыныптарын өткізді. Қала әкімдігінің мәжіліс залында сала мамандары үшін ұйымдастырылған техникалық сипаттағы семинар да тартымдылығымен ерекшеленді. Оның барысында энергия үнемдеу технологияларын енгізу және тұрақты түрде дамыту туралы тәжірибелік мысалдарға шолу жасалып, қатысушылар өзара ақпарат алмасу мүмкіндігін иеленді.

Кең көлемді форум Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Энергия үнемдеу және қалалардың тұрақты даму саясатының мүмкіндіктері мен болашағы» тақырыбы аясында өткізілген конференция жұмысымен түйінделді. Конференцияда негізгі модераторлар мен форумның ресми қонақтары бірыңғай тұрақты дамудың алғышарттарын іске асыруды оңтайлы жүргізуге қатысты өзекті мәселелерді талқыға салып, тиісті тұжырымдар жасады.

Қысқаша түйіндегенде, Сәтбаев қаласында өткізілген салмақты іс-шара сарапшылар мен сала мамандарының ортақ пікіріне сүйенсек, ілгері басудың ілкімді тәсілі іспетті жағымды әсер қалдырды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button