Приозерск

Игі істермен қарсы алды

ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ПРИОЗЕРСК ҚАЛАСЫНДА ДА БІРҚАТАР ИГІ ІСТЕРДІҢ БАСЫ ҚАЙЫРЫЛДЫ. ШАҺАРДАҒЫ ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛІП, ПАТРИОТТЫҚ МАЗМҰНДАҒЫ МӘДЕНИ-СПОРТТЫҚ ШАРАЛАР БҰҚАРАЛЫҚ СИПАТҚА ИЕ БОЛДЫ. ҚАЛА КӨШЕЛЕРІ АБАТТАНДЫРЫЛЫП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

«Жеңіс» ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатына қала әкімі Қайрат Қамзин, ҚР Қорғаныс министрлігінің және РФ Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері, қаладағы кәсіпорын, мекеме, мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері және ардагерлер қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Қайрат Қамзин ерлікпен қаза тапқандардың есімі еш уақытта ұмытылмайтынын айтты. Бейбіт күннің шырқы бұзылмасын деген тілегін арнады.

«Мәңгілік полк» акциясы аясындағы «Батырларға тағзым» шеруіне қатысқан халық соғыс оты ешқашан тұтанбасын деген ниеттерімен бөлісті. Аймереке Көбеева, Иван Морозов, Иван Карташов, Орынбай Унтаков, Балтабай Махамбетшин және Василий Зябчук сияқты күні кеше мәңгілік сапарға аттанған майдангерлердің есімдері мен ерліктерінің еш ұмытылмайтынын алға тартты.

 Қала басшылығы тыл ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, мерекелік сый-сияпат көрсетуді де игі дәстүрге айналдырған. Кезекті жылышырайлы жүздесулерге ардагерлер де дән риза.

Сондай-ақ, Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы мен 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы бірлесе отырып «Ардағым – ардагерім» акциясын өткізді. Акция аясында қаланың «Жартытүбек» бөлігінде тұратын ардагер Мұхамедиар Бекназаровқа қолдау көрсетті. Азық-түлік толы себет ұсынып, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Игі іске ризашылық білдірген қария жас буынға ақ батасын берді.

«Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Ортада жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше құрметке лайық. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпақ үшін қастерлі қазына», – дейді Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас.

Қала жастары сенбілік жұмыстарына да серпінді жүргізуге атсалысып, 8 мамырда Бауыржан Момышұлы көшесінің бойын абаттандырды.

«Жастар жылы» аясында және Ұлы Жеңіс күні қарсаңындағы пауэрлифтинг жарысы да көптің назарынан тыс қалмады. «PrioFitnes» жаттығу залындағы шараға түрлі мекеме қызметкерлерімен қатар, жас буын өкілдері де көптеп қатысты. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында орталық алаңда өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де халықтың көңілінен шықты. Нарық бағасынан 10-15%-ға төмен бағаға саудаланған азық-түлікті жергілікті кәсіпкерлер, Жамбыл облысы Шу ауданы мен Тараз қаласының кәсіпкерлері ұсынды. Жәрмеңкеде 1 тоннаға жуық ет өнімдері, 5,6 тонна көкөніс, 1,2 тонна жеміс-жидек, 0,3 тонна бакалея және 0,2 тонна сүт өнімдері жалпы құны 2 млн. 29 мың теңгеге сатылды.

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button