Ұлытау

Игі істердің жүйелі жалғасы

Қол қусырып отырғанға аспаннан алтын жаусын ба?! «Алма піс, аузыма түс» десеңіз, бес жастағы баланың да ішек-сілесі қатады, себебі. Болмаса, нарықтың талабына көнбей, жапан түзде оқшау күнелтемін деу де ақылға қонымсыз-ау… Халық куә. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бастамалар қашанда айқын, міндеттер нақты. Мәселе – соның дұрыс жүзеге асырылуында, мүмкіндікті мүлт жібермеуде. Мұны Ұлытау ауданының жергілікті билігі де жақсы түсінеді.

Аудан активінің жуырда өткізілген жиынына Елбасының кезекті Жолдауындағы мақсат-міндеттер арқау болды. Басқосуға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Оспанов, аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сейтжанов, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, мекемелер мен бөлімдердің басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, кент, село әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Байжантаев Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауының негізгі бағыттары және одан туындайтын міндеттер жөнінде баяндама жасады. Құжаттағы «Халық табысының өсуі», «Тұрмыс сапасын арттыру», «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат», «Тиімді сыртқы саясат» және «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» сияқты негізгі алты бағыттың мән-мағынасына жіті тоқталды. Расымен де, Елбасының әр Жолдауын елдің елеңдей күтетіні бар. Бұл жолғы басты жаңалықтың бірі – Педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау.

«Ғалым да, шахтер да бас иетін» жандарға қандай құрмет көрсетсек те лайықты-ақ! Әттегені, мұғалімнің қоғамдағы имиджіне көңіл толмайды қазір. Бүгінде мұғалімге қаратып, «Сүйегі менікі, еті – Сіздікі» дейтін атаананың атын атап, түрін түстеп бере алмайсыз. Оны қойыңыз, мұғалімдердің қоғамдық жұмыстарда қолбала болып жүргеніне не дейсіз? Еліне етене Елбасы білім саласындағы осы және өзге де проблемаларға қанық. Сол себепті де, аталмыш заңды қабылдауды міндеттеді.

Мұғалімдерді марқайтқан мәселе төңірегінде ауданның білім бөлімінің басшысы Б.Әбдірайымов сөз алды. Ұлытаулық бала бағбандары Елбасы Жолдауын қолдайтынын айтты. Өскелең ұрпақтың бойына ел, халық, мемлекет құндылықтарын сіңіру жолында аянбай қызмет қылатынын жеткізді.

– Президенттің әр Жолдауы – Қазақстанды дамытуға арналған қадамның қозғаушы күші. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында бүгінгі күннің өзекті мәселелерін атап көрсетті. Қазақ елі индустрияландырудың, жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы үшін цифрлы технологияны жетік меңгеру де – басты міндет.

Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы өмір сүру мәселелері – қазақстандық әрбір отбасының мүддесі. Президент келер жылы бюджеттік сала қызметкерлері – мұғалімдердің еңбекақысын арттыруды міндеттеді. Бұл әр отбасының материалдық жағдайын жақсаруға сеп.

Сапалы білімге қол жеткізу үшін барлық жағдай жасалуда. Себебі, сапалы білім – адам капиталының басты критериі. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануын, ұстаздардың фунционалдық міндетінен тыс жұмыстарды, жүктемені азайту жөніндегі тапсырманы ауданның ұстаздар қауымы ерекше ықыласпен қабылдады, – деді Б.Әбдірайымов.

Бұдан бөлек, Борсеңгір селолық округінің әкімі М.Әбдікәрімов елдің, ауданның кешегісі мен бүгіні туралы пікірін ортаға салды. Ел іргесінің берік, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасы Жолдауының орны айрықша екенін тілге тиек етті.

Актив жиынын қорытындылаған М.Оспанов: – Елбасы тапсырмаларын бұлжытпай орындау мақсатында біз еліміз үшін сындарлы кезеңде алға қойған мақсат, міндеттерімізді қазіргі уақыт талабына сай орындауымыз қажет, – деп, бірқатар мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондайақ, аудан халқын, еңбек ұжымдарын Жолдаудан туындаған міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырды. Президент өз Жолдауының бұған дейінгі стратегиялық бастамаларымен сабақтас екендігін айтты. Елдің игілігіне жол тартқан «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» ұлт жоспары, «Президентің бес әлеуметтік бастамасы» сияқты бағдарламалар заңды жалғасын табады.

Туризмді түлету, қасиетті жерлерді насихаттау, ауылдық елді мекендерді гүлдендіру мәселелері маңызын жоймайды. Бір сөзбен айтқанда, игі істер жүйелі жалғасын табады. Келер жылдан қолға алынатын бір ғана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының өзі ұлт ұясы – Ұлытауды дамытуға тың серпін берері сөзсіз.

Жолдаудан түйгеніміздей, мемлекет тарапынан халықтың тұрмысын арттыруға, ашық қоғам құруға барлық жағдай жасалуда. Нарықтың талабына бейімделіп, кәсіптің көзін тапқанның күні жарық.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button