Бас тақырыпҰлы Жеңіске - 75 жыл

Хат әкелген Күрең ат

Ауылға жинала қалсақ, Аққан атаның келіні – апам әңгімесіне атасын арқау етеді. Қайын атасын әлі күнге «Әннаң» дейді. «Көзі кетсе де, маған әкемдей болған Әннаң ғой, төрде отырғандай болады» дейді үнемі. Біздер – үлкен атаның шөберелері отыра қалып, әңгіме тыңдаймыз.

Аққан ата Қызыларайда (Ақжарық) механизатор, бас инженер, болып жұмыс істеді. Ауылдағы техника атаулының қыр-сырын жақсы біліпті. Техникаға жаны құштар болса да, Күрең атын қасынан бір тастамаған. Үй маңында жүретін Күрең де алыстан атамның қарасы көрінсе болды, еркелеп, оқыранып жетіп келеді екен.

Соғыс уақыты дегеніміз – ел техникаға қараған кез. Атам бас инженер болғандықтан ауылда қалып, техникаға бас-көз болу тапсырылыпты. Бірақ, атам тумысынан намысшыл адам. Отан алдындағы борышын өтеуге асығып, орайы келген сәтті ұзақ күткен деседі.

Ақыры 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Күрең атына мініп, пойыз жүретін станция іздеп тартып отырыпты. Қызыларайдан Жарық станциясына дейін Күрең атпен барып, пойызға мінген. Күреңді елге қайтаруы бір мұң болыпты. Пойыздың жылдамдығына ілескісі келген Күрең, ақыры болдырып жолда қалыпты. Атам үйдегілерге жазған хатын күреңнің жалына байлап жіберген екен.

Атамның соғысқа кеткенінен әжемдер мүлде хабарсыз болып шыққан. Ауылдарды аралап, техника қарап кеткен болар деп аса мән бермеген сыңайлы. Жоғына 3-4 күн толғанда, көңілде алаң басым боп, ағайын-туыстан сұрастыра бастапты.

Көп күттірмей Күрең ат ақыры ауылға келіпті. Тылда еңбек еткен Асыл әжем бастаған үлкендер күреңнің атамсыз келгенінен үрейленген. Ат жалындағы хатты көрген әжем тағы бір ауыр күрсініпті сол кезде. Бірақ, атамның түбінде соғысқа аттанарын сезіп жүрген болса керек. Хатта:

«Айналайын, Күрең ат,

Жақыным, жаным, жүрежат,

Жерім үшін жан құрбан,

 Аттандым, елге сәлем айт» деп жазып қалдырған екен.

Асыл әже содан бері Күрең атқа дән риза. Ауылдың жігіттері «Күлдіркүлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?» деген ыңғаймен бірнеше рет күреңге қолқа салыпты. Бірақ, үлкендер арғымаққа тиіскізбеген. Өйткені, ол да иесінің келуін асыға күткендердің бірі еді. Кейіннен атамнан «Сарыарқаны сағындым» дейтін хаттар келіп тұрған. Апамның айтуы бойынша хаттардың бірінде:

«Горькидің қаласы,

Ну орман даласы,

Занят қып жатырмыз,

Орманның арасын» деп жазыпты. Сол уақыттарда атам Горький қаласын неміс авиациясынан қорғауға қатысқан. Соғыстан абыроймен оралған сертіне берік жауынгер Аққан Смағұлов 1946 жылдан 1961 жылға дейін Қоңырат МТС-де бригадир болып істеді. Ауданға сыйлы азамат, әулетіне үлгілі әке болды.

…Биыл – Жеңіске 75 жыл. Ұлы Жеңіс мерекесін тойлаған ардагерлер шеруі ауылда үйдің жанынан өтетін. Содан бері «Батыр деген кім?» десе, арғымақ мініп, ту көтерген азаматтар ойыма оралады. Әрине, оған себепкер – Жеңіс күнін жақындатқан майдангер атам еді. Осы мереке келсе ерекше қуанамын.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button