Баған

Халықтың таңдауы – дара тұлға

Қазақ халқының қалыптасқан қоғамдық болмысы талай ғасырды қамтитын күрделі үдерісті құрайды. Ғасырлар бойғы даму барысында қазақтың, оның белгілі ұлдарының өз мемлекеттілігін құру жолындағы саяси күрестерін төлтума тарихымыздан етене жақсы білеміз. Кемел қоғамға ұмтылу белгілері Өткенді аңсаған көк түркілерде, Қайырымды қаланы қалаған әлФарабиде, Жерұйықты іздеген Асан атада көрініс тапса, соңғы кезеңде Мәңгілік Ел идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында тарих сахнасына шықты. Оны ешкім де жоққа шығара алмасы анық.

Елбасының ұсынысы бойынша осы жылдың 20 наурызында ҚР Конституциясы талабына сай Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті міндетін атқаруға ант қабылдағаны белгілі. Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті қазақстандықтарға үндеу жолдап, алдағы маусым айында ел Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілетінін мәлім етті. Басты заңнамаға сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауы екі ай бұрын өткізілетіні жария етілді. Бұны – мемлекет мүддесі мен тағдыры сынға түсетін сәт деп ұққан жөн.

Қазақстан – көп векторлы саясатты ұстанатын ел. Бейбітшілік, ішкі-сыртқы тұрақтылық, өркениетті озық елдердің қатарында болу, жаһандану кезіндегі ұлттың сембеуі («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы), әлемдік экономикаға тоғысу, халықаралық қатынастарды реттеу, ұлттық мемлекеттің саяси-әлеуметтік істерін басқару секілді еліміздің ұстанған бағыты – осының куәсі. Осынау сарабдал саясатты әрі қарай жалғастыратын тұлға керек. Бұның тағдыры әділ сайлауда шешілмек. Қоғамымыз бұған дайын деп ауыз толтырып айта аламыз. Өйткені, ел болашағы өзіміздің қолымызда.

Халқымыздың ой кешу үрдісінде суарылып, шыңдалып, рухани қажетке жараған «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақы болмыстық даналықты қаперде берік ұстағанымыз ләзім. Мұның бәрі тең және төте сайлау құқығы негізінде ғана жүзеге аспақ. Мен өзім жаңа Президент бойынан Абай хакім айтқан мына қасиеттерді көргім бар: Ар, Ынсап, Білім, Қанағат, Рақым, Ұлтжандылық, Батылдық пен Бірсөзділік. Бүгінгі қоғамымызда осы қасиеттер жетіспейді.

Әсілінде, кешегі ел басына күн туып, тар жол, тайғақ кешудегі бабаларымыздың негізгі үні – отаншылдық, ерлік, жерін, атамекенін қорғау, ел бірлігін сақтау идеялары болатын. Бір кездегі ұлттық рухтың өрлігі бәсеңсіп, ұсақ мүдделер, билікке таласу және тағы да басқа кері пиғылдар белең алмай, тұтас халықтың бірлігінің мүдделерін алға тартатын адам ғана жалпы қоғам үшін басымдыққа ие.

Ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт тағдыры тереңірек толғандыратын, әлемдегі феномен – қазақстандық тұтастықты ұстаным етер азаматқа ден қою – парыз. Қазақстан азаматы ретінде өз дауысым соған берілері анық. Ендігі сайлау тағдыры – халықтың қолында.

Мемлекетті басқару тізгінін ұстар тұлғаның Едігедей ел қамын жейтін азамат боларына сенеміз.

Елеужан СЕРІМОВ,
«Болашақ» академиясы жоғары
оқу орнынан кейінгі
білім беру бөлімінің басшысы,
заң ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Back to top button