ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ — ҚАРАШАҢЫРАҚТА

Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірлерде сайлаушылармен кездесулерді бастады. Бұл кездесулерде депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауын іске асыру бағыттары туралы түсіндіріп, Мәжілістің заң шығарудағы жұмыстары туралы баяндайды. Әлеуметтік саладағы реформаларды түсіндіруге баса назар аударады. Сондай-ақ, халық қалаулылары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Осы мақсатта Мәжіліс депутаттары – Нұрлан ӘБДІРОВ, Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Асқар БАЗАРБАЕВ, Гүлнар БИЖАНОВА, Арман ҚОЖАХМЕТОВ, Шакир ХАХАЗОВ Қарағанды облысына келді. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, өндіріс ошақтары мен мемлекеттік мекемелердегі кездесулерде халық тарапынан түсіп отырған ұсыныс-тілектер де назарға алынады. Депутат Нұрлан Орынбасарұлы ел ішіндегі биылғы сапарын облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің редакциясынан бастауды жөн көріпті. Бүгін халық қалаулысы редакция ұжымымен кездесті.


Мұғалім мәртебесі, әлеуметтік саладағы өзгерістер, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау мәселесі, мал ұрлығы және өңірдегі бүгінгі журналистиканың ахуалы. Осы және өзге де тақырыптар кездесуде барынша қаузалды.
Осы уақытқа дейін Мәжіліс қоржынына 70-ке жуық заң жобасы түсіпті. Депутаттар бұл жобалардың 36-сын мақұлдаған. Бұлардың қатарында қоғамдық резонанс тудырған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын ерекше атап өтуге болады.
Нұрлан Орынбасарұлы аталған заң жобасын әзірлеуге білім беру саласының өкілі ретінде айрықша мән бергенін айтады. Заңды дайындау барысында құжатта барша мұғалімдердің мүддесін барынша қорғау көзделген.
– Кейінгі жылдары мұғалім мамандығының қоғам алдындағы беделі төмендеп кеткені рас. Аталған заңның шарапаты еліміздегі барлық мұғалімге бірдей тиюін көздедік. Яғни, мұнда астанадағы да, шалғай ауылдағы да мұғалімнің мүддесі қорғалды, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Ауылда жұмыс істейтін мұғалімге үй құрылысына жер учаскесін басым тәртіппен беру үшін әлеуметтік кепілдік беру, қоғам өкілдерінің педагог мамандығына құрметпен қарау құқығын бекіту мәселелері қаралды. Соңғы түзету арқылы мұғалімдер өздерін оқушылар, ата-аналар мен басқа тұлғалардың қорлау, кемсіту сөздерінен, бейәдеп қимылдарынан қорғай алады. Аталған дерек нақтыланған жағдайда айыпкер 20-30 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Заңда жұмысқа жаңа орналасқан мұғалімнің біліктілігін растау институты алынып тасталды. Себебі, оны іске асыру тетігі жете пысықталмаған. Біліктілік сәйкестігін растайтын педагогтер қауымдастығы жоқ.
Жұртшылықты толғандырған мәселенің бірі – мал ұрлығы. Жаңа заң бойынша бұл қылмысқа қатысты жауапкершілік күшейді. Ендігі уақытта мал ұрлығы аса ауыр қылмыс ретінде қарлады. Ең жеңіл жаза – мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін айыптының мүлкі тәркіленіп, 12 жылға жазасын өтеу орындарына жіберіледі.
Нұрлан Орынбасарұлы мал ұрлығын жоюда тұрғындардың ролін ерекше атап өтті.
– Мал ұрлығы ауылдық жерде жиі орын алатыны белгілі. Ал, ұры алыстан келмейді. Көрші ауылдан, тіпті, өз ауылынан шығуы мүмкін. Бір мекенде тұратындар көбіне бір-біріне туыс болып келеді. Соның нәтижесінде ұры анықталған күннің өзінде қылмыстық іс сот алдына жетіп үлгермейді. Кешіріммен қарай берсек, әлгі ұры ұрлыққа қайта бармасына кім кепіл? Келешекте мұндай әрекетке жол бермеу тетігі қарастырылуда, – деді депутат.
Кездесуде депутат ауыл шаруашылығына қолдау көрсету шараларына қатысты ойын білдірді.
Қазіргі таңда кейбір шағын шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудан қағылып отырғаны жасырын емес. Қаржылық институттар несие берерден бұрын шаруадан кепілге қояр қымбат мүлік сұрайды. Ал, кез келген фермерде тиісті кепіл бола қоймайды. Сөйтіп, онсыз да ісін дөңгелете алмай отырған қожалық барған сайын тұралайды. Үкіметтің жеңілдетілген несиесі, тек, ірі шаруашылықтарға бөлініп беріледі. Депутат болашақта бұл механизмді баршаға тиімді жүйеде жүргізу қажет екенін айтты.
Кездесу соңында журналистер депутатқа баспасөз бетінде көтерілген мәселелерге, сонымен қатар, журналистің мәртебесін анықтауға билік өкілдері, депутаттар назар аударса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ