Жаңалықтар

Халқына қызмет көрсету – білімнен емес, мінезден

          XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы мемлекет қайраткерлерінің ішінен Әлихан Бөкейханның тұлғасы ерекше. Әлихан Нұрмұхамедұлының өмірі мен қызметі қазақ тарихының сол бір зобалаң, қуғын-сүргін ауыр жағдайында өтті.

Әлихан Бөкейхан даланың интеллектуалдық тұрғыдан әзірлігі мол негізгі тобын соңынан ілестірген, қазақ интеллигенциясының көш басшысы, саяси көсемі, бір басында сан түрлі ғылым тоғысқан бірегей тұлға, қазақ халқы үшін орасан еңбек сіңірді. Халықтың тәуелсіздігі және жарқын болашағы үшін барлық саналы өмірін сарп етті. Қазақ халқының қоғамдық ой санасын биік белеске көтерген ірі қайраткер. Бар ғұмырын ұлтының кемел келешегіне арнап, «Жаным-­арымның садағасы» деп бел шешіп күрескен ол, сол жолда бойындағы күш-қайраты мен ақыл-ойын, білім-парасатын аямаған ақылман азамат, кесек тұлға.
Әлихан Бөкейханның мақсатына келсек, жеке ұлттық мемлекет құру өзінің жекелеген атрибуттарымен, өзін-өзі басқару, автономия құру, жеке кәсіпқой парламенті әрі мемлекеттік аппараты тағы бар. Бұл – Елбасымыздың «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасымен үндеседі.
Мысалға, Елбасы бағдарламасында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне айрықша маңыз берілген. Сондықтан, алғашқы 15 қадам кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселесіне арналғаны белгілі. Елімізде мемлекетті басқаруды дамыту үшін кәсіптілік қажет. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қайта құрудың негізін қалаушы элементтерінің бірі, ол мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне ауысу.
Осы мансап ұғымын, арамызда дұрыс түсінбей, теріс пиғылда шынымен жеке мүддесіне пайда қылып жүргендер де бар. Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – «халық» делінген. Ал сол биліктің басында мансабын қуып, пайдағылып, халқына шынымен қызмет қылмай жүргендер қаншама.
Ендеше, қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілері яки мемлекеттік аппарат қаншалықты халыққа өз деңгейінде қызмет атқарып отырғандығы тұрғысында ой толғап көрсек.
Мысалы, Әлихан Бөкейхан өз заманында, келмеске кеткен кеңес дәуірінің сермеген қылышынан қан тамған саясатымен күресе жүріп, халқына қызмет қылудан жалыққан емес. Керісінше, «Халқына қызмет көрсету – білімнен емес мінезден»,– деп соңынан ергендерге жол сілтеді, қол бұлғады.
Қазір ше, қазір заман басқа, заман емес адам басқа. Қазір мемлекеттік қызметке алғаш келген қызметші, мемлекетке не берем, қандай пайдамды тигізем деп келмейді, көбіне. Мемлекеттік қызмет маған не береді? Жеке басымның мүддесі үшін жан пида деп келетіні өкінішті.
Бұған дәлел, жеке бастың мүддесі үшін сыбайластыққа барып, қызметін асыра пайдаланып, соңында, істі болып, қылмысы әшкереленіп жатқандар қаншама. «Ұрлық түбі – қорлық» деген осы емес па, қазақтың ешқандай дәлелді қажет етпейтін дала философиясы.
Осы заманның мемлекеттік қызметшілері қандай? Мемлекет атынан көрсетілетін қызметтерді қаншалықты сапалы көрсетіп жүр деген сауалдарға жауап іздеп, қарапайым статистикаға жүгінейік.
2017 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша облыстың 78 мемлекеттік мекемесі мен ұйымдарына тексеру шараларын жүргізді. Тексеру шаралары барысында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнама талаптарының бұзылуының 124 мыңнан астам фактісі анықталды. Тексеріс шараларының қорытындысы бойынша 81 көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жауапты әрі басшы лауазым иелері әр түрлі тәртіптік және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды. Оның ішінде, 6 мемлекеттік қызметші «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 465-бабын, яғни мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің (рұқсат құжаттар) мерзімдерін бұзғаны үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл орайда, бұзушылықтардың 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы едәуір азайғандығын байқауға болады. Мысалы, 2016 жылы Департамент аталған салада заңнама талаптарының 395 мыңнан астам бұзылу фактілерін анықтаған болса, 124 лауазым иесіне қатысты әр түрлі тәртіптік және әкімшілік жауапкершілік қозғалған. Құқық бұзушылық фактілері 69%-ға, тәртіптік және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылғандар 35%-ға кеміп отыр.
Демек, облыстағы мемлекеттік көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасы соншалықты мәз емес. Алайда, бұзушылықтардың жылдан жылға азаю динамикасы көңілге қонымды жайт.
Мемлекеттік аппараттың кәсіби болуы, жұмыс тиімділігі мен сапасының артуы, мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған әр қызметшіге тікелей байланысты. Себебі, мемлекет атынан көрсетілген әр қызметтің сапасына қарап, қызмет алушылар жалпы мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне баға береді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты делінген.
Ендеше, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін де, бәсекелестік қажет. Бәсекелестік болған жерде даму болады. Мемлекеттік қызмет беруші мемлекеттік қызметті көрсетуді шын ниетімен қалап, бар пейілімен, жарқын жүзділігімен шынайы көрсетуі керек. Осы орайда, «Жүзінде күлкінің ізі жоқ адамның сауда дүкенін ашуға құқығы жоқ» деген шығыс даналығы ойға келеді.

Жандос СӘРСЕНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button