Халқым деп соққан жүрегі

Ақадырды еске алғанымда міндетті түрде ойымда Жазыкен аға Томпиев тұрады. Ағамыз екеуміздің топырағымыз бір. Өзіміз ел таныған еркін сынды інілерімен бірге ойнап-күліп өссек, Жазекең де біздің ағаларымызбен қатар тұрып, қатар жүрді.

Қали әкемізге талай сәлем салып барғанбыз. Сондағымыз – көпті көрген ақсақалдың есті әңгімелерін естіп қалу, жадыда тоқып қалу. Мұнан тыс осы отбасының тұңы Қазыкен ағамен аралас-құраластығым үзілген емес. Алматыда қызметте жүргенімде жұмысыма жиі келіп тұрушы еді. Сондағы қаузайтынымыз – ескі әңгімелер, Ұлы Даланың қалтарысты тарихы. Қазыкен ағамыз есімі елімізге белгілі құрылысшы ғана емес, әуесқой тарихшы да. Қайдағы-жайдағыны теріп жүреді, онысын жамбасына жастанбай айналысқа кіргізіп жүреді.

Жазыкен ағамның кім екенін ол кісі үшінші хатшы болып жүргенде сезіндім. Барынша ұлтжанды азамат еді. Қазағыма болсыншы дейтін азаматтардың бірегейі. Мен ол тұста аудандық газеттердің бас редакторымын. Дес ала бастаған кезіміз ғой. Ұлттық санаға қатысты материалдарды көптеп бере бастадым. Саналы түрде орыс тілді материалдар көлемін азайта бастадым. Кейбір материалдардың аудармасын жасамай жіберіп жүрдім.

Соныма Жазыкен ағам көз жұма қарады. Кейінде таза ашық кеттік. Газет беттері отыз екіге дейін жетті. Ел газеттеріне материал таппай жүргенде, бізде материалдарға орын болмай жататын.

Ел тарихын, жер тарихын төпеп жазып жаттық. Біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Алайда, соның барлығының тігісін Жазыкен ағам жатқызып жүрді.

Колбиннің қазақ бейіттерін көре алмаған кезінде біраз қысылғанымыз бар. Ысырап деген облыстан нұсқау келді. Мен тартпама салып тастадым ол қатынасты. Атақты ГКЧП-нің бір жарлығын да баспадым.

Осының барлығының ауыртпалығын Жазыкен ағам көтерді десем артық айтқандық емес.

1991 жылы редактор болып бекідім. Газетті қайтсем жақсартам деген жанталас басталды. Соның орайы келе қалсын. Жазыкен ағам өзіне шақырды.

– Осында Петр Алексеевич Сәкенмен бірге отырған адамның бажасы екен. Соны түптеп көрші, – дегені.

Петр Алеексеевич Шевунов Отан соғысының ардагері еді, жергілікті байланыс бөлімінің бастығы болып жүретін. Тілдесуге өзім бардым. Ол кісі Жазыкен ағамның сөзін бекітсін. Жеңіс мейрамы келіп қалғандықтан, қызметкерім Райхан Әбдіғалиеваны Қарағандыға аттандырдым. Іле Иван Мудровты іздеп өзім де бардым. Іле-шала Мудров пен Сәкен бабамыздың бірге отырғандығы жөніндегі мақаламыз аудандық газеттерде басылсын. Одан кейін Оралхан ағам килікті. Бір күні Жайық Бектұров ағам хабарлассын. Бұл ағамды мен қатты сыйлаушы едім. Үнемі мені іздеп жүретін. Ол кісі менімен қатқыл сөйлессін. Менің ұғымымда ол кісі – тірі архив, тірі энциклопедия болатын.

– Күңірентпе аруақты! Сөзіңді бер, – деді Жайық ағам.

Бердім сөзімді. Қайтып көтермеймін деген.

Іле Жайық ағамның мақаласы шықты облыстық басылымда. Мені сипай қамшылап, біраз жерге апарып тастаған екен.

Мен тоқтағаныммен Жазыкен ағам тоқтамады. Ол кісі қайдасың Мудров деп Пришахтинскіні бетке алған.

Жазыкен Қалиұлы ТОМПИЕВ 1949 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданының Қызылтау ауылында дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының түлегі, инженер-геодезияшы – жерге орналастырушы. 1972-1979 жылдары Балқаш қаласындағы топогеодезия экспедициясының бас инженері, Ақшатау кен-байыту комбинатындағы геологиялық барлау партиясының инженер-маркшейдері болып істеді.

1980-1991 жылдары Ақадыр аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды: ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы (1980-1982 ж.ж.), үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі (1982-1986 ж.ж).

1986 жылы Ақадыр аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды.

1992-2005 жылдары «Сана» мемлекеттік шағын кәсіпорнының директоры, Қазақстан Республикасының жол қозғалысы қауіпсіздігі қоры Қарағанды филиалының директоры.

2005-2015 жылдары зейнетке шыққанға дейін Қарағанды облыстық мәслихатының аппаратында қызмет етті, аппарат басшысының орынбасары міндетін атқарды.

1982-1999 жылдары халық депутаттары Ақадыр аудандық кеңесінің, Жезқазған және Қарағанды облыстық мәслихаттарының депутаты болып сайланып, үлкен қоғамдық жұмыстар атқарды.

«Қазақстан Республикасының Парламентіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл», «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 20 жыл» медальдарымен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы және басқа да көптеген грамоталармен марапатталған.

Содан не керек, Сәкен ағаның сүйегін іздеп Магаданға баратын комиссия құрылды. Комиссияны біздің ауданнан Жазыкен ағам бастап баратын болды.

Сол комиссиядан жоғарыдағыдай себептермен бас тарттым.

Ай өткізіп оралған комиссия мүшелерінің хәлі мүшкіл еді. Мынау Сәкеннің сүйегі деп ештеңені ұстата алмады.

– Бармағаның жарады, – деп қойды Жайық ағам қоңырау шалып, өзіңді ғана емес, мені де жерге қарататын едің…

– Сәкен сүйегі сонда жатыр, – деп Жазыкен ағам шырылдайды, – түбегейлі түптеуге уақытымыз жетпеді деп…

Мен қалыс қалғаныммен іштей Жазыкен ағамды қолдаймын.

Бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан келу керек деп білемін. Және сол мемле кеттік комиссияны Жазыкен ағам басқару керек деп ойлаймын. Онда бір ғана Сәкен баба сүйегі ғана емес, талай қазақ боздақтарының сүйегі жатқаны даусыз. Бір жағынан шындыққа жетсек, екінші жағынан аруақтар алдынан өтілген болар едік. Басқаларды қайдам, сол күннің келетініне Жазыкен ағам сенімді.

Лайым солай болсын дейміз, әрине. Жазыкен ағам қашанда өз биігінен түскен емес. Бірінші шақырылған Жезқазған және Қарағанды облыстық мәслихаттарының депутаты болып жүргенімізде бірлесіп, септесіп жұмыс істедік.

Жезқазған және Қарағанды облыстық мәслихаттары қосылғанда мәслихат хатшылығына баламалы негізде осы Жазыкен Қалиұлының кандидатурасын ұсындым. Кіммен дейсіз ғой?! Сұлтан Қапарұлы Досмағанбетовтың өзімен! Сұлтан ағамыздың жайы белгілі. Танымал мемлекет және қоғам қайраткері. Жазыкен ағам сонда ерлікке барды. Егер Жазыкен Қалиұлы өзі бас тартпағанда, жағдайдың қалай боларын кім білгендей…

Кейінде сол мәслихат аппаратында істеді. Аппарат басшысының орынбасары болып. Елдің көкейінде жүрген көптеген мәселелерді сессияның күн тәртібіне шығаруға күш салды. Сөйтіп, өзінің перзенттік, азаматтық парызын орындады деп білем.

Ағамыздың жары Марал Иманқызы 1980 жылдан 1999 жылға дейін Ақадыр кентіндегі Гагарин атындағы орта мектепте істеді. Жоғары санатты мұғалім. Кейінде директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі бірінші орынбасары болып қызмет етті.

Қарағандыға қоныс аударғанда Марал Иманқызы Қарағанды облыстық мұғалімдер мамандығын жетілдіру институтында оқытушы, филология кафедрасының доценті қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері.

Марал Иманқызы – ағамыздың жақсы мағынасындағы демеушісі. Бүгінде екеуі шығармашылық ізденісте. Аудармашылықпен айналысады. Туған өлке тарихына барлау жасап қояды. Жазыкен ағамыз Сәкен бабасының реквиеміндей жоқтау кітабын да шығарып тастады. Енді сүйінші кітабын жазсам екен деп ниеттеніп жүр. Оған да көп қалған жоқ. Биылғы жыл – Сәкен жылы. Соның лайықты тартуы болар еді. Өзіне де сый жасар еді. Өйткені, Жазыкен ағамның өзі де 70 жасқа толып отыр.

Әманда, Сізді Сәкен баба рухы алқап жүрсін, Жазыкен аға!

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.