Бас тақырыпРуханият

Үгітпен емес, үмітпен шықтық сапарға

Жылды қорытындылап, алдағы жылдың шығармашылық жоспарын нақтылайтын күн де жақын. Ордалы басылым «Орталық» оқырмандарынан алшақтап кеткен жоқ па? Оқырман бізден не күтеді? Қай тақырыпты қаузай алмай келеміз? Дәстүрлі медианың бәсі неге төмендеп барады? Бұқара бұйымтайына билік назарын аудара алдық па? Осы сауалдарға жауапты ел ішінен іздедік. Яғни, сапарымыздың мақсаты «Орталыққа» жазылыңыз» деген үгіт емес, оқырманмен ой бөлісіп, басылым мазмұнын қос тараптың ортақ мүддесіне негіздесек деген үміт еді.

ОҚЫРМАН ОЙЫ – ОРАСАН ОЛЖА

Үмітіміз ақталды. Қалай ақталмасын?! Қарапайым оқырман тұрмақ, ел тізгінін ұстаған әкімдердің өзі басылымға бағыт сілтеп, кемел ойлы кеңесін айтып жатса…

Иә, сапарымыз Бұқар жырау ауданынан басталған. Күре жолдың бойынан аудан әкімі Шагурашид Мамалинов пен аудандық мәслихат хатшысы Асхат Әли қарсы алды.

– Ауылдағы оқырманға көңіл бөліп, арнайы кездесуге шыққандарыңыз керемет бастама екен. Шалғайдағы қыстақта отырған жалғыз үйдің қожайыны да – оқырман әрі қаһарман. Ол – сол жердің иесі. Ол өзінің заңмен рәсімделген жерін қорғап, еліне қызмет етіп отыр. Ормандай оқырмандармен, ауылмен ашық диалогқа келгендеріңізді қуана құптаймын, – деді аудан әкімі Шагурашид Қалиұлы қысқа қайырылған амандықтан кейін.

Бұл – әкім айтқан өрелі ойдың басы ғана.

№1 қазақ мектебінің мәжіліс залына келдік. Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі басылым басшылары сапарының салмағы мен маңызын айтып, жиналғандарды мүмкіндікті мүлт жібермеуге шақырды. Содан кейін сөз тізгінін басылым басшысы Қамбар Ахметке ұстатқан.

 – Оқырмандарымыздың дені – ауыл тұрғындары. Шалғай ауылдардың өзінде тұрақты оқырман, белсенді авторларымыз бар. Тарихы терең дәстүрі бай «Орталық Қазақстан» газеті үшін әр оқырманның ой-пікір, ұсынысы – маңызды. Осы орайда оқырманмен бірлесіп, ортақ мүдде үдесінен шығу мақсаты туындайды. Бүгінгі сапарымыздың мақсаты да – осы, – деп сөз сабақтаған Қамбар Жұмағалиұлы аймақтағы бас басылымның бүгінгі бет-бейнесі, мазмұндық сипатына қысқаша шолу жасады. Газет бетіндегі жаңа айдарлар, арнайы беттер туралы баяндап, жиналғандарды ашық пікір алаңына шақырды.

 Ашық әңгіме басталып та кетті. Оқырманмен жүздесу емес, редакция лездемесінде отырғандаймыз. Оқырман – өрелі. Газеттің кейбір сандарын «жіліктеп» бергендері де бар. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев басылым бетінде жарық көріп жатқан сараптамалық мазмұндағы проблемалық мақалаларға қатысты оң пікірін білдіріп, оралымды ойларымен бөлісті. Мәселен, ұрпақ тәрбиесіне қатысты, ұялы телефоннан бас алмайтын жастарға қатысты және ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері төңірегінде газет көтерген мәселелерге қолдау білдірді. Сондай-ақ, аға ұрпақтың жарқын болашақ жолындағы ерлік істері мен ерен еңбектерін дәріптеу жөнінде жиі жазылса деген пікірін де бүгіп қалмады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында жарияланатын материалдарда осы жағына мән берілсе деген ардагер емеуріні көп нәрсені аңғартады, әрине. Ауылдық жерлердегі маман тапшылығы, әсіресе, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, тіпті, дәрігері жоқ ауылдар бар екендігі айтылды. Алдағы уақытта осы мәселе басылым бетінде өткір көтерілсе деген бұқара бұйымтайын да жеткізді.

Басылымның белсенді авторы, өлкетанушы-ұстаз Қалиасқар Шыныбектегінің тарихи тұлғалар жайлы көп жазылса, волонтер Ботакөз Зайруллинаның жастар шығармашылығын насихаттау, жас оқырмандарға арналған арнайы бетте оқушыларды жиынтық бағалау, ҰБТ сынақтарына дайындауға қатысты әдістемелік көмекші материалдар жарияланса деген ұсыныстары ұтымды шықты. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Төлеу Жанғабылов елге еңбегі сіңген тұлғалардың ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету мәселесін көтерді. Мысалы, ұлт қайраткері Жұмабек Тәшенев жайлы аз жазылып жүргенін тілге тиек еткен ардагер аға ұлы тұлға атына облыс орталығынан көше берілсе, осы мәселе газет бетінде көтерілсе деген ойын ашық жеткізді.

Барынша орнықты ой, салмақты пікір аудан әкімі тарапынан қозғалды. Әлеуметтік салада да, экономикалық секторда да қордаланған мәселе жетерлік. Осынау түйткілдерді тамырынан талдаған салмақты сараптамалар газеттің әр санында жарияланып жүр. Мәселен, жол сапасы, ауыл шаруашылығы саласын шағын несиемен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативтері, «Ақ бұлақ» бағдарламасы, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері, ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы туралы аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. «Осынау өзекті мәселелерге сараптама жасағанда, белгілі сарапшылардың пікіріне сүйенсеңіздер, материал шынайы болар еді. Тәуелсіз сарапшылардың оқшау пікірлерінде проблеманы шешу жолдары айтылса», – деді аудан әкімі Шагурашид Мамалинов. Жасыратыны жоқ, газеттің «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген біздің ойымызға келе қоймаған идея. Ойымызға келген шығар, салмақты пікір айтатын сарапшы таппай жүруіміз де мүмкін. Десек те, бармақ тістеп, бас шайқап қалдық. Аудан әкімінің өресіне, әрине.

Сапардан оралысымен, Шагурашид Қалиұлының ұсыныстары бойынша бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп те үлгердік. Міне, оқырманнан олжалаған орасан олжамыз!

Олжалы сапарымыз қасиетті Қарқаралыда жалғасты.

ҚАРҚАРАЛЫ ЖҰРТЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ – ЕРЕН

 Қарқаралыдағы сапар аудан әкімі Халел Мақсұтовпен кездесуден басталды. Өз сөзінде Қамбар Жұмағалиұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер мен көпшілікті алаңдатқан түйткілді мәселелер тақырыбындағы мақалалар облыстық басылым беттерінде тұрақты жарияланып келе жатқанын атап өтті. Сондайақ, өңір тұрғындарының баспасөзге жазылу науқанындағы белсенділігіне тоқталды. Келешекте де көзіқарақты, көкірегі ояу оқырман көңілінен шығу үшін газет мазмұнын байыта түсуге күш салынатынын айтты. Өз кезегінде Халел Мұқатайұлы газет пен аудан басшылығы арасындағы әріптестік алдағы уақытта да жаңа қарқынмен жалғасатынына сенім білдірді.

Кездесуден кейін басылым басшысы аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлымен бірге қала басындағы балалар мен жасөспірімдер орталығы, туризм станциясы, саз мектебі мен жастар орталығына барды. Мектептен тыс білім беру мекемесіндегі тәрбиеленушілермен жүздесіп, ұстаздар қауымымен тілдесті. Халық әнін әуелете шырқаған балдырғандардың өнеріне куә болды. Заманауи технологиямен жабдықталған материалдық базамен танысып, жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған «Еркін алаң» орталығында болды.

 Келесі кезекте Қамбар Жұмағалиұлы аудандағы іргелі ауылдар – Қоянды мен Мартбек Мамыраев елдімекендерінің тұрғындарымен кездесті.

Әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен орында қоныс тепкен ауыл тұрғындары мәртебелі меймандарды жылы шыраймен қарсы алды. Емен-жарқын әңгіме барысында ауылдықтар өз тілек-ұсыныстарын білдірді.

Ауыл тұрғыны Марал Кәріпбаева газетте елімізге белгілі тұлғалар, батыр бабаларымыз туралы деректер жиі жарияланып тұрса, және газет ішінен қосымша ашылса деген ұсынысын айтты. Сайран Нұрмақовты белгілі қоғам қайраткері Нығымет Нұрмақовтың 125 жылдық мерейтойы аясында облыста қолға алынуы тиіс іс-шаралар тізбесі қызықтырды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Набиянов облыстық басылымға жазылуды белсенді жүргізетіндіктерін атап өтті.

Бас редактор ауылдың даму барысымен танысты. Кәсіпкер Нұрлан Қалтаев тұрғызған патронаттық үлгідегі балалар үйіне, жаңадан тұрғызылған үйлерге барды.

Басылым басшысының сапары Мамыраев ауылында түйінделді. Қонақтар алдымен ауылдағы музейге ат басын тіреді. Еңселі ғимараттың ішіне қойылған жәдігерлер тарихына назар аударды. Мұнда Кеңес Одағының Батырлары – Мартбек Мамыраев, Петр Теряев, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдікәрімова, актер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қалибек Қуанышбаевқа арналған ақпараттық тақталар топтасқан. Қаллекидің көзі тірісінде қолданған жәдігерлері орын тапқан.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде ауыл әкімі Қайрат Жантурин ауыл халқының басылымдарға жазылудағы құлшынысы жоғары екенін жеткізді. Ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Нұрмағанбетов басылымның баспа форматы өзгерсе деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ, қазіргі оқыту үрдісіндегі реформаларға қатысты мәселелер көтерілді.

Ауылды дамыту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Бұл бағытта қос ауылда ауқымды шаруалар қолға алынуда. Алдағы уақытта ауыл мәселесін тақырып еткен өзек еткен мақалалар оқырман назарына ұсынылмақ.

Ерсін МҰСАБЕК,

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button