Руханият

Әңгіме өзегі – тұлға тағылымы

1947 жылы Англияға сапарлаған Кеңес парламентарилерінің ішіндегі қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевқа Ұлыбританияның экс-премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик «о, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Академиктің жауабы исі қазақтың санасында әлі күнге дейін Қаныш Имантайұлы есімімен бірге жаңғырып тұр. Жақында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы академик Қаныш Сәтбаевтің туғанына 120 жыл толуын атап өтті. Ғалымның ұлтқа сіңірген еңбегін дәріптеу Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрініс тапты.

Жиында қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер-геологы, Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің және қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, қоғам қайраткері Қ.Сәтбаевтің туыстары ғалымның өмірінен жарқын естеліктер айтты. Қазақтың дархан даласын жақсы көргені, жастайынан тау-тастардан, қыраттардан әртүрлі түске боялған тастарды жинағанын әңгімеге арқау етті. Көпшіліктің назарына М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі музейі мен Баянауылдағы Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музей бірлесіп ұйымдастырған «Ғасырдың биік тұлғасы» көрмесі ұсынылды. Ұрпақтар сабақтастығы мақсатында Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев бастап Ұлытау ауданының орман шаруашылығынан алынған үш ақ қайыңды өз туған жері Баянауылға, Қарағанды қаласына, қазақтың құт мекені Ұлытау өңіріне сіңірген еңбегі үшін үлгілі рәсім ретінде отырғызды. Ғалымдар рәсім барысында Қаныш есімінің ұрпақтар сабақтастығымен байланысты тұсына тоқталды. Білетіндердің айтуынша, «Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған тұста Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбейді. «Бұл қалай?» деген орыс ғалымдарына: «Ондағы рудалар өте тереңде. Қаржыны да, теxниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерді картаға кіргізуге әлі ерте», – дейді. Сырлас достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар» – дегенін тілге тиек етті.

Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары:

  • Ғалым Ұлытау өңіріндегі басты тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Жезқазған-Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Онда Ұлытау өңірі ежелгі металлургия орталығы болуымен қатар, қазақ ұлтының саяси орталығы екендігі де толық дәлелденген. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.

Көрмеде Қ.Сәтбаевтің көзі тірі кезінде пайдаланған ер-тоқымы, киімдері, өзі тапқан минерал коллекциясы, сондай-ақ, ғалымның ғылыми жұмыстары, қолжазбалары көпшіліктің назарына ұсынылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Арыстан Ғазалиев академикпен рулас туыстығы жөнінде айтты. «Әйгілі Жыржыс қажы 1919 жылы қажылық сапарға аттанады. Қасиетті сапарында бабалар рухына тағзым етіп, Мекке-Медина қалаларында болады. Қажылық сапарында атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантаймен кездеседі. Кейін Қаныштың әкесі Имантай Жыржыстың мешіт үйінде болып, сонда қайтыс болған» деді профессор. Арыстан Мәуленұлының айтуынша, қай жағынан алсақ та Сәтбаев есімі әлем елдері арасында Қазақстанның ғылымдағы ауыз толтырып айтарлық жарқын болмысын көрсетіп тұрады. Академик 64 жыл өмір сүріп, қазақ тарихындағы алтын әріппен жазылатын күрделі істерді атқарды. Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасын екінші мәрте қозғап, кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болды. Сөйтіп, Ертіс суын Қарағанды мен Теміртау қалаларына жеткізді. Жарқын істеріне куә болған Ұлыбританияның премьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс» деген баға берді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button