Бас тақырып

Әңгіме өзегі – дәрігер мәртебесі

Кейінгі кезде орын алған күрделі ахуал медицина қызметкерлерінің иығына айтарлықтай салмақ салып, жауапкершілігін арттыра түсті. Күн-түн демей, еңбек етіп жатқан жандарға, әсіресе, жұқпалы ауруларды емдеуге арналған ауруханалар қызметкерлеріне жүктемелерінің артуына байланысты үстеме ақы төленуде. Ал, қазіргі таңда жалпы алғанда, дәрігер қауымының мәртебесін көтеру өзекті мәселе болып отыр. Осы және өзге де маңызды жайттар «Денсаулық кодексі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында талқыланды.Маңызды мәселе талқыға түскен жиынға Қарағанды медицина университеті ректорының кеңесшісі, профессор Вилен Молотов-Лучанский, аталған оқу орнының проректоры Бақыт Көшерова, «SENIM» кәсіподағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Дайырбекова, облыстық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нина Деркач, медицина қызметінің ардагері Болат Құндақбаев және осы салаға тікелей қатысы бар басқа да білікті мамандар қатысты. 

Дөңгелек үстел барысында Денсаулық кодексінің жаңа жобасының мүмкіндіктері жайлы кең ауқымды әңгіме қозғалып, тың ұсыныстар айтылды. Осы ретте, құжат жобасы интернетте қолжетімді екенін айта кеткен жөн.

– Жоба терең ойластырылып, жақсы құрылымдалған және медицина қызметінің бір де бір бағыты назардан тыс қалмаған. Әрине, мәселе халық денсаулығына байланысты болғандықтан, ол барлық жерде әрі түрлі деңгейде белсенді талқылануда, – деп атап өтті Вилен Молотов-Лучанский.

Жиында Денсаулық кодексі жобасына заңгерлер тарапынан 80-ге тарта өзгеріс енгізу туралы ұсыныс енгізілгені де тілге тиек етілді.

Қатысушылардың айтуынша, Кодексте адамдарға айла-шарғы жасау мен олардың еркіндігін шектеуге негіз болар мүмкіндік жоқ. Жұмысты ұйымдастыру мен жүргізудің барлық сатылары анық жазылған. Сонымен қатар, онда трансплантация туралы  «Ағзалардың донорлығы тірі кезінде донордың келісімінсіз бола алмайды, ал, органдармен сауда жасауға тыйым салынады» деп нақты жазылған. Мамандар трансплантация мыңдаған адамды белсенді өмірге қайтара алатынын айтады.

Қазір балаларға вакцина егу жұмысы да көптеген ата-аналар тарапынан үлкен қарсылыққа тап болып, осы бағыттағы мақсатты шаралардың жүйелі жүргізілуіне кедергі келтіруде. Ең сорақысы сол – екпелердің дер кезінде егілмеуіне себепті, сәбилердің ажал құшу оқиғалары орын алуда.

– Бала өмірге келгеннен бастап егіліп, оның дені сау болып өсуін қамтамасыз ететін вакцинаның 11 түрі бар. Олар баланы қауіпті деп танылған түрлі аурулардан қорғайды. Ал, кейде міндетті вакцинаның егу кезінде кері әсер етуі мүмкін. Бұл ауылдық жерлерде оларды тиісті температура жағдайында сақтауға мүмкіндік болмағандықтан орын алады. Сала мамандарының уәжіне құлақ аспай, жел сөзге еріп, екпеге қарсылық көрсету – сауатсыздық. Діни наным-сенім негізінде қарсы болу – мүлдем қажетсіз іс. Біз баланың болашағына, елдің ертеңіне жауапты екенімізді түсінуіміз керек, – дейді білікті маман Болат Құндақбаев. 

Демек, әрбір ата-ана баласының дені сау болып өсуі мен түрлі дерттерге қарсы тұратын иммунитетінің нығаюын ойласа, егілуі міндетті екпелерді уақытылы алып отыруы тиіс.

Ресми дерекке сүйенсек, вакцинациядан бас тартудың алғашқы жағдайы 1998 жылы тіркелген. Англияда көкжөтел мен тырысқаққа қарсы екпеден кейін балалар аутизммен, аутозбен ауырғаны туралы мақала жарияланған екен. Ал, 2018 жылы 82 мыңнан астам бала қызылша ауруына шалдыққан. Себебі, олардың ата-аналары түрлі себептермен балаларын ектіруден бас тартқан еді. Осы орайда, шешек дерті алдын ала егудің арқасында бүкіл әлемде жойылғанын айта кету артықшылық етпейді.

«Құжатта кадр саясаты, ғылым мен білімнің дамуы, халыққа медициналық көмек көрсету мәселелері кең тұрғыда көрсетілген», – деді инфекционист-дәрігер Бақыт Көшерова. Оның айтуынша, 30 жылдық жұмыс тәжірибесінде балалар мен ересектерден вакцинадан кейінгі асқынулар жағдайы бір де бір рет кездеспеген. «Мәселен, 90-шы жылдары дифтерия дерті көп тарады, онымен 40-тан асқан ересек адамдар да ауырды. Осы кезеңде қызамық ауруы да қауырт өсті. Ал, паротиттің өршуі, әсіресе, казармаларда тұратын жас сарбаздар арасында ұлғайып, оларды белсіздікке ұшыратты. Мұндай асқыну мысалдары өте көп және бұл – вакцинация жасалмағанның кесірі», – деді ол.

Емделушілер тарапынан медицина қызметкерлеріне дөрекі сөздер айту, тіпті, соққыға жығу жайттарының бар екендігі жұртқа мәлім. Осы ретте, азаматтардың медициналық сауаттылығы мен дәрігерлермен қарым-қатынас мәдениетін арттыру жайы – басты назарда.

– Ақ халаттылар емделушілерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді. Олардың дөрекілік танытқан емделушілермен дауласып, соттасып жүруге уақыттары да жоқ. Әр дәрігер алдына келген емделушіге қол ұшын созып, өз міндетін атқарады. Ал, кейде олардың да қауқары жетпейтін кездері болады. Осыны халықтың ескергені жөн. Дәрігерді балағаттап, сотқа сүйреген емделушілер кейін кешірім сұрап жатады. Елдің жүйкесін жұқарту – жағымсыз әрекет. Кім де болсын, мәдениетті, сауатты қарым-қатынас жасап, тезірек емделуді ойлағаны қос тарапқа да тиімді, – дейді Бақыт Дайырбекова.

Отырыс барысында мамандар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Олардың айтуынша, дәрігерлер мәртебесін көтеру – кезек күттірмейтін мәселе. Уақыт санап, емдеудің жаңа тәсілдері қолданысқа енгізіліп, медициналық техникалардың заманауи түрлері іске қосылуда. Дәрігерлердің еңбекақылары – көңілге қонымсыз деңгейде. Ал, олар еш алаңсыз, өз міндеттерін толыққанды орындап, ұлт денсаулығын сақтауға үлес қосуы тиіс. Қысқасы, кодекстің жаңа жобасы түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға негіз қалайды деп күтілуде.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button