Гауһар — мақтанышымыз

Халықаралық сайыстарда топ жарып жүрген 19 жастағы қарағандылық жас талант Гауһар ЕЛУБАЕВА – Гнесиндер атындағы Ресей музыкалық академиясының грантын жеңіп алды. Үздік студент биылдан бастап Ресей елінде фортепиано бойынша төрт жыл тәлім алатын болады.

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін тәмамдаған Гауһар қазіргі таңда білім алу мақсатында Ресей еліне оқуға жиналуда. Жастайынан өнерге бейім болуына атасының ықпалы көп болғанын айтады.

 – Атам Елубай Әбжанов – облысқа белгілі кардиолог, құрметті адам. Сондай-ақ, жанашырым әрі ақылшым. Осы қасиеттерін жоғары бағалаймын әрі атама ұқсағым келеді. Әр сайысқа қатысқан сайын атам мен әжем тілеуімді тілеп, батасын береді, – дейді Гауһар.

6 жасынан фортепианода ойнап, тәлім алған дарынды жас бүгінде бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген.

Атап айтсақ, пианистердің С.Нейгауз атындағы үшінші Халықаралық конкурсындағы «Фортепиано Соло» аталымының және республикалық «Piano style» байқауының жеңімпазы.

Сондай-ақ, Гауһар Санжарқызы биыл С.Бендицкий атындағы жалпыресейлік пианистер конкурсының ІІ дәрежелі дипломын жеңіп алды. Музыкалық колледждер орындаушыларының ХХХVІІІ републикалық конкурсында «Фортепиано» бойынша І дәрежелі дипломның жеңімпазы атанды.

 И.Бах, Л.Бетховен, И.Брамс шығармаларын сүйіп орындайтын Гауһар өзіне Святослав Рихтер және Марта Аргерихті үлгі тұтады екен. Жас дарынға өмірде, өнерде де ақ жол тілейміз.

Аяулым Совет,

«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.