Жаңалықтар

Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВА: “Бағдарламада қамтылмаған сала жоқ”

Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Тіпті, қиналғанда бір адамнан көрген жақсы бір қасиеттің сеніміңізді арттырып, еңсеңізді тіктеп, өмірді басқа қырынан көрсететіні бар. Ал, жақсылыққа жақсылық жасау – әр адамның ісі. Осыданақ, жақсы істің жұқпалы екеніне көзіңізді жеткізе беріңіз. Қарапайым тілмен айтар болсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да ұстанымы – осы. Риясыз көмек, мейірім, кішіпейілділік, туған жеріңе, еліңе аянбай қызмет ету. Облыстағы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВАМЕН әңгімеден кейін осындай ой түйдік…

– Гүлнар Төретайқызы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бастау алғанына биыл үшінші жыл. Осы уақытта тұрғындар бағдарламаның нақты көздеген мақсаты мен міндеттерін түсіне алды ма?

– Әрине, бастапқыда көпшілік сенімсіздікпен қарады. Тіпті, бағдарламаны ресми шаруаларды атқарумен ғана айналысып, өткізілген әлеуметтік шаралар туралы есеп беруді ғана көздеген кезекті мемлекеттік бағдарламалардың бірі ретінде ғана қабылдағаны жасырын емес. Жобалық кеңсенің басшысы ретінде 2-3 ай қатарынан әр түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысып, бағдарламаға дендеп енгенде ғана оның мүлдем басқа дүние екеніне көзімді жеткіздім. Қарапайым тілмен айтсақ, бағдарламаның көздеген мақсаты – қанымызға сіңген дүниелерді қайта жаңғырту. Ендігі мақсат – сол жақсы қасиеттерді бағдарлама аясында бір арнаға тоғыстырып, қайырымды істерге бағыттауды ұйымдастыру. Жобалық кеңсенің де негізгі жұмысы – осы.

– Сонда, бағдарлама аясында атқарылуы тиіс шаралар белгілі бір жоба бойынша жүзеге асырылады ма?

– Олай деуге келмес. Бағдарлама аясында ұйымдастыру жұмыстары жақсы жүргені рас. Жақсы істерге кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар қатысатындықтан, жобалық әдісті де жоққа шығара алмаймыз. Себебі, олар бизнестерін жоба арқылы жүргізеді. Яғни, нақты белгіленген жұмыс тәртібі арқылы мақсатқа жетуге тырысады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында жобалық тәсіл бар болғанымен, шекарасы жоқ. Бағдарламада әркім өз орнын таба алады. Халықаралық жобалардан бастап, ағаш отырғызып, аулаңды абаттандырсаң, балалардың, тіпті, зейнеткерлердің арасында сайыстар өткізсең де рухани жаңғыруға кіреді. Яғни, белгіленген шекара жоқ, қадағалайтын министрлік те жоқ, мәжбүрлеу де жоқ. Тек, үйлестіруші ғана. Бүкіл саланы қамтитын бағыты бар. Мүмкіндігі шектелуі жандарды, бизнесмендерді, зейнеткерлерді қамтитын арнайы жобалар да жеткілікті. Бағдарлама ескерусіз қалдырған сала, адам жоқ десе де болады.

– Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды дедіңіз. Демек, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен ауқымды шаралар өзге де ірілі-ұсақты істерге ұйытқы болғаны ғой…

– Рухани жаңғыру – қоғамдық бағдарлама. Сондықтан, ұсынылатын жобалар да әр түрлі болуы мүмкін. «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалінен кейін жер-жерлерде үйірмелер ұйымдастырылып, меценаттар талантты балаларға қолдау көрсетуді бастады. Еуразиялық өнерді дамыту қоры арқылы дарынды балалар халықарарлық фестивальдарға қатысып, ірі оркестерлерге, ансамбльдерге жұмысқа тұрды. Сондай-ақ, Бірінші халықаралық ІТ-форумы арқылы жастарымыз өздерінің жобаларын дайындап, бизнестерін бастады. Яғни, бағдарлама аясындағы шаралардың нақты нәтижесі бар.

 – Бұлардың барлығы – облыс орталықтарында, болмаса, ірі қалаларда өткізіліп жатқан шаралар. Ауылдық жерлердің тұрғындары бағдарламадан тыс қалған жоқ па?

 – Облыста 500-ге тарта елді мекен болса, соның 45 пайызы ғана бағдарламаға тартылған. Сондықтан, шағын қалалар мен ауылдарда жұмыстардың атқарылуын назарда ұстап отырмыз. Осы орайда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да бірқатар шаруалар атқарылады деген үміттеміз. Оның да көздеген мақсаты – ауылдық жердегі жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерді шешу, инфрақұрылымды дамыту. Осы орайда, жергілікті атқарушы органдар да көмекке келеді деген үмітіміз бар. Ол жерде де әр түрлі жоба ұсынғысы келетіндер бар. Сондай кезде, қол тимейтінін сылтау етіп, жүрдім-бардым қарамауы керек. Бұл – бір-бірімізбен сайысқа түсетін емес, керісінше бір-бірімізден үйреніп, қол ұшын беруге даяр тұруға насихаттайтын бағдарлама. Демек, тұрғындардың белсенділігі басты орында.

 – Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button