Фрилансер — қалыптасу мектебі

ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРЛАН ҚОШАНОВ ХАЛЫҚПЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІНДЕ КӨПБАЛАЛЫ ЖӘНЕ АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚОСЫМША 10 ҚАДАМ АЯСЫНДА АТҚАРЫЛАР ІСТЕР ТУРАЛЫ АЙТҚАН ЕДІ. БҮГІНДЕ АТАЛҒАН ШАРАЛАР БІРТІНДЕП ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА. МӘСЕЛЕН, АЙМАҚТА АЛҒАШ РЕТ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ФРИЛАНСЕРЛЕР МЕКТЕБІ ЖОБАСЫ САРАН ҚАЛАСЫ МЕН АБАЙ АУДАНЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ.

Фрилансерлер – біздің түсінігіміздегі еңбек ету тәсілімен емес, үйде отырып ақша табатын адамдар. Интернет арқылы, аспаздық немесе тігін тігумен айналысып қаражат табу әркімді қызықтырары сөзсіз. Бірақ, оның да негіздерін жете білу керек. Сол себепті де жастар мен үйде отырған аналар үшін бұл жақсы мүмкіндік болып тұр.

Мәселен, Саран қаласының жұмыспен қамту орталығында үйде отырған аналар тігіншілікке үйренеді.

– Фрилансер мектебіне негізінен бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар келеді. Қазіргі таңда 5 адам тігіншілік негіздерін үйреніп жүр. Саран техникалық колледжімен жасалған келісім негізінде оқу орнының оқытушылары жұмыстан бос уақытта келіп, үйретеді. Аптасына 2-3 рет, көбіне түстен кейін өтеді. Бұл оқытушыларға да, аналарға да ыңғайлы, – дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Светлана Лихачева.

Ал, осы қаладағы жастар ресурстық орталығы аталмыш жоба аясында жастарды ІТ технологияларды меңгеруге баулуда.

Жалпы, фрилансерлер мектебі пилоттық жоба екенін алға тартқан Саран қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Рақымжанов бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түсетіндерін жеткізді.

– Біз жастарға интернет кеңістігінде ақша табуға көмектесеміз. Қазір жобаға 15 адам қатысуда. Олар – Саран қаласы әкімінің «Идеядан шынайылыққа қарай» жобалар конкурсының жеңімпаздары, оқушылар мен қаладағы колледждердің студенттері. Біз әуелі осы жастармен жұмыс жасап, фрилансерлер мектебін жолға қойып алмақпыз. Сосын жаңа оқу жылынан бастап толық мүмкіндікті пайдаланып, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын тартатын боламыз, – дейді ол.

ІТ технологиялары бойынша ұлттық кәсіпкерлік палатасы мамандарымен, салық қызметі мамандарымен кездесулер өткізіп, жеке кәсіп ашу, оны тіркеу, салық төлеу, ақша аударымдары және басқа мәселелер бойынша кеңестер алмақшы. Кәсіпкерлермен де кездесіп, іс жүргізудің тәжірибелерін үйренбек жоспарлары да бар екен.

– Қазір осы мектепте машықтанып жүрген жастар кейін өз жобаларын әрі қарай дамытатын болады. Идеясын іс жүзіне асырып, нәтижелі жұмыс көрсеткен үш қатысушыға жастар ресурстық орталығы атынан 1 млн. теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетуге әзірміз. Бұл қазан айында белгілі болады, – дейді Ә.Рақымжанов.

Фрилансер мектебіне қатысқан жастардың «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуге және 505 мың теңге көлемінде ақысыз грант алуға мүмкіндігі болса, аналар өзін-өзі жұмыспен қамти алады.

Ал, Абай ауданындағы «Іскер ана» фрилансер мектебінде киіз басу және аспаздыққа үйретеді. Сәуір айынан бастап жұмыс істей бастаған мектепті бітірген 15 ана бүгіннің өзінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде.

– Олар шілде айында болатын грант беру конкурсына қатыса алады. Сонымен қатар, қазіргі күні оқып жатқан аналар бар. Кейбірі балаларымен бірге келіп жатады. Оқыту аптасына бір рет ұйымдастырылады. Аудандағы әйелдердің құқығын қорғау орталығымен бірлескен жоба өз нәтижесін көрсетуде, – дейді Абай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әсемгүл Шәкенова.

Аудандағы №14 мектеп-лицейдің технология пәні ұстазы Галина Соколова киіз басудың қыр-сырын әуелі өзі меңгеріп, қазір өзгелерді үйретіп жүр. Білім алушылардың бірқатары өздері жасаған бұйымдарымен түрлі конкурстарға да қатысып үлгерген.

– Бұл – әуелі әсемдік, жан дүниеңнің тыныштығы. Қатысушылардың ынтасы мен қызығушылығы шабытыңды арттырады. Көбісі киіз басуды кәсіп көзіне айналдырмақ ниетте.

Бір жағынан ұмытыла бастаған ұлттық құндылықты жаңғыртып, екінші жағынан сол арқылы нәсібін молайту мүмкіндігін берген мектеп осы.

Жансая ОМАРБЕК