Қаражал

Форум өзегі – ел мұраты

           Мемлекет басшысы ел келешегінің кепілі саналатын жас буынның жан-жақты дамып, кемелдене түсуіне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Бұл ұстанымның түпкі межесі – оларды Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген тұлға ретінде қалыптастыру. Жуырда қазыналы Қаражалда қала әкімі Тілектес ДОСАЕВТЫҢ қатысуымен өткен «Мәңгілік елге – жастармен» атты қалалық жастар форумы осынау игі мақсат аясында ұйымдастырылды.

– Дана халқымыз «Бір күніңді ойласаң – ағаш ек, екі күніңді ойласаң – үй сал, ал, келешегіңді ойласаң – ұрпақ тәрбиеле!» деп бекер айтпаған. Егемен елдің ертеңі, Тәуелсіздіктің тұтқасы – өздеріңіз. Қаражал-Жәйрем өңірі халқының төрттен бір бөлігі – жастар. Сіздердің және сіздермен замандас буын өкілдерінің білімде, ғылымда, өнерде, спорт пен кәсіпкерлік саласында бәсекеге түсіп, даму мүмкіндігін иеленулеріңіз үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Заман талабына сай білім алып, ел мен жердің қадір-қасиетін бағамдауға ықылас қою – жас буынның басты мұраты болуы тиіс, – деді форумда сөз алған қала басшысы.
Иә, Елбасы айтқандай, «Жастар – біздің болашағымыз ғана емес, олар – болашақты жасайтын біздің бүгінгіміз». Байыпты бағамдай білсек, қазіргі жас – ел ертеңінің мызғымас тірегі, өскелең буынның бүгінгі әрекеттері – келешектің келбеті. Сондықтан да, олардың білімді, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің даму үдерісіндегі аса маңызды жайт. Форум мінберіне көтеріліп, ой бөліскен жастар өкілдері осынау өзекті мәселеге қатысты өзіндік пікірлерін өте орнықты білдірді. Тұстастарын елдік мұрат жолындағы тағылымды іс-әрекеттерге батыл бет бұруға үндеді.
Жастарға жалынды сөз арнағандардың қатарында қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы, дзюдо күресінен Азия чемпионы, жастар арасында Еуропа кубогінің жеңімпазы Артем Ким, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ эколог маманы, «Казцинк» компаниясының ұйымдастыруымен өткен «Көңілді тапқырлар алаңы» ойынында бас жүлдені жеңіп алған «Акцент» құрама командасының капитаны Данияр Жақсыбеков, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында тігін цехын ашып, өзгелерге үлгі көрсеткен жас кәсіпкер Меруерт Мұхамедиярова, қаладағы барит кенін өндіру жөніндегі өндірістік кешеннің бас маркшейдері Рауан Әбікен және Халықаралық «Ғылым және қоғам» ғылыми-танымдық конференциясында қорғаған ғылыми жобасы І дәрежелі дипломмен аталып өтіп, Халықаралық Олимпиада жеңімпазы болғаны үшін «Қазақстан мақтанышы» медалімен марапатталған, сонымен қатар, Варшава университетінің білім грантын иеленген Жәйрем кентіндегі № 30 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрәсем Сайлаубекова болды.
Жастардың өңірлік деңгейдегі жиыны кезінде әр сала бойынша ең үздік мамандардың есімдерін атап, оларға тиісті сый-сияпаттарын тапсыру рәсімі шуақты сәттердің біріне айналды. Марапаттау өткен жылдың 20 қазаны мен 30 қарашасы аралығында ұйымдастырылған мақсатты байқаудың қорытындысына сәйкес жүргізілді. Түпкі нәтижеде түрлі саланы қамтитын 15 номинация бойынша іріктелген үздіктер анықталып, жеңімпаздарға қала әкімінің арнайы дипломдары мен кәдесыйлар тапсырылды.
Форумға қатысушылар назарына тартымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Олар сондай-ақ, жергілікті жас қолөнер шебері Құрмет Ибрахимнің ағаштан ойып жасаған заттары және кәсіпкер Меруерт Мұхамедиярованың тігін цехында шығарылған көйлектер мен сәндік бұйымдары қойылған көрмені қызыға тамашалады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button