Басты тақырып

Филипп МАРТИНЭ:  «Қарағанды туризмге сұранып тұр»

 

          13-14 сәуірде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп МАРТИНЭ Қарағанды облысына ресми сапармен келді. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВПЕН кездесу барысында Франциямен өзара ынтымақтастық барысын, туризм саласындағы мәселелер талқыланды.

 

Француз тарапы Қарағандыда туризмді дамыту, білім беру және өнеркәсіп құрылымдарында тәжірибе алмасу жөнінде ұсыныстар айтты. Елші Франция елінде туризм басты өнеркәсіп саласы саналатындығын тілге тиек етті.

Аймақ басшысы Қарағанды облысында шетелдік туристерді қызықтыратын мәдени-тарихи ескерткіштердің жеткілікті екенін атап өтті. Облыс өндірісінің даму қарқынын атап, ғылым мен білім саласындағы жетістіктерге тоқталды.

– Облыстағы білім ошақтарының Франция елінің университеттерімен гуманитарлық бағыттағы қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Мысалға, Қарағанды мемлекеттік медицина университетін атасақ болады. Сондай-ақ, Франция Елшілігінің қолдауымен Қарағандыда  Француз Альянсы мәдени және білім беру орталығы ашылды. К.Станиславский атындағы орыс драма театры аясында француз театры жұмыс жасайды. Алдағы жаз айларында қаламыздың шығармашылық ұжымдары халықаралық мәдени фестивальге қатысып, Франция қалаларын аралайды, – деді аймақ басшысы

Франция елшісі Филипп Мартинэнің айтуынша, кеншілер өңірі туризмді дамытуға ғана қолайлы емес, мәдени жағынан да жақсы көрсеткіштерге ие.

– Біз Қарағандыда білім беруді ғана емес, жергілікті университеттермен меморандумдар арқылы жұмыс жасап,  ғылымды дамытуды көздеп отырмыз.  Сондай-ақ, аймақ туризмін дамытуға үлкен үлес қосқымыз келеді. Осы салада біздің француз компаниялары өз тәжірибелерімен бөлісе алар еді, – деді Франция елшісі Филипп Мартинэ.

Француз жағы Қазақстанның туристік базасын дамытуға сұранып тұрған Ұлытау, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының табиғатын тамашалауға қызығушылық танытты.

 

♦ ♦ ♦

 

Сондай-ақ, Филипп Мартинэ облысқа сапарының екінші күнінде Франция Елшілігінің қолдауымен Қарағандыда ашылған  Француз Альянсы мәдени және білім беру орталығының оқытушылары  және студенттерімен кездесті.

Сондай-ақ, Елші француз тілінің оқытушысы Александр Кашуроны салтанатты түрде Франция елінің «Академиялық пальмалар» орденімен марапаттады. Жалпы, «Академиялық пальмалар» ордені – мұғалімдерге және оқыту қауымдастығының мүшелеріне табысталады. Сондай-ақ, басқа елдерде француз мәдениетінің насихатталуына белсенді атсалысып жүрген, франциядан тыс жерлерде тұратын шетел азаматтарына беріледі. Ал, Александр Сергеевичке  Францияның бұл марапаты – қарағандылықтарға француз тілін үйретіп, білім және ғылым саласына қосқан еңбегі үшін берілген.

Қарағандылықтарға Александр Кашуро театрландырылған іс-шараларға қатысуымен кеңінен таныс. К.Станиславский атындағы орыс драма театрының актері және режиссері. 2000 жылы  елдегі алғашқы франкофон театрын құру идеясын ұсынған.  Қазіргі таңда қаламыздағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрында француз театры жұмыс жасайды. Француз авторларының француз және орыс тілдерінде көптеген қойылымдары көпшіліктің назарына ұсынылып жүр. Осыны негізге алған Филипп Мартинэ мырза А.Кашуромен пікірлесе отырып, қазақстандықтарға француз  тілін үйретудің ұтымды әдістерін талқылады. Француз тілін үйреніп жүрген белсенді жастардың пікіріне құлақ түрді.

Айта кеткен жөн, Александр Кашуро педагогикалық институттың шет тілдер факультетін француз және неміс тілдері мұғалімі болып аяқтады. 1982 жылдан бастап орта және жоғары оқу орындарында француз және неміс тілдері мұғалімі болып жұмыс істеді. 2011 жылдан бастап  Француз Альянсындағы француз тілі мұғалімі қызметінде.

 

♦ ♦ ♦

 

Қарағандыда ашылған  Француз Альянсы өкілдерімен кездесуден соң, Елші химия-биологиялық бағытында білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына дөңгелек үстел өткізді. Мектеп жұмысымен танысып, физика, химия, биология және робототехника сабақтарына қатысты. Француз тілін оқып жатқан оқушылармен кездесіп, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық тарихын талқылады. Оқушылар француз тілін жетілдіру және Францияның жетекші жоғары оқу орындарына құжат тапсыру мүмкіндігі жөнінде сұрақтар қойды. Кездесу барысында қазақстандық және француздық оқушылармен ғылыми-техникалық тәжірибе алмасу бағдарламасы талқыланды.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button