ПоэзияРуханият

Facebook-тегі фәни жалған…

    Тұлға

Бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбайлар ұшар басы ақ бауыр бұлттарға малынған шырқау биікте тұр. Түр, келбеті, ішкі болмыс-бітімі көзге көрінбейді. Алыстан асқақ тұрпаты ғана қарауытады… Олардың алып тұлғаларына етекте тұрып назар салғандардың басы айналып, көзі қарауытып кететіні – содан!.. Аспан жаққа абайлап қараңдаршы?!. (“Егемендегі” Әбіш Кекілбайдың Мұқағали мен Еркін Ібітанов туралы эссені оқығанда туған ой).

Сексеуілге ұқсас халық

Ресей патшасының қабылдауында болған Михаил Сперанский Қазақтар жайлы былай деген екен:

Қазақтар – көшпелi өмiр сүретiн өте жауынгер халық. Арақ iшпейдi және табиғи қиыншылықтарға өте төзiмдi. Далада соғысудың өнерiн жақсы меңгерген…

Ресей патшасы I Александр «Оларды бағындырудың жолын ойластырдың ба?», – деп сұрағанда Михаил Сперанский:

Қазақ даласында сексеуiл деген ағаш өседi. Өте қатты, балтамен шауып сындыра алмайсың. Оны тек бiр-бiрiне ұрып сындырады. Қазақтар Руға қатты бөлінеді. Оларды бір-біріне айдап салып, әлсірету қажет,– депті…

Елім-ай

Ресей экспанциясы бел алған ХVIII-ғасырдан бастап, 1986 жылғы Желтоқсан дүрбелеңіне дейінгі аралықта қазақ елі орыс отаршылығына қарсы 300-ге тарта ұлт-азаттық көтерілісін басынан өткерген екен. 1931-1932 жылдары 7 млн-ы қазақтың 4 млн-ы аштан қырылды. 1,5 млны шет елдерге босып кетті! Қазан төңкерісі мен қызыл қасап репрессия болмағанда қазақ халқы өзінің табиғи өсімімен осы күні 30 млн. болып отырар ма еді, қайтер еді…

Ресей империясы 20 млн. қазақтың құныкері болып қалды!

Соған сұрау салып жатқан кім бар?!

Кәуірге кеткен есе көп. Елден – ел, жерден – жер айырылды. Бізге қалғаны да – қанағат. Басымызға – тыныштық керек еді. Ел – егемен, жер – азат болғанда, «Анау – Машкеевичтің жері!», «Мынау – Терешенконың жері!» деген тағы бір қанқу сөз шықты…Ертең ел басына күн туса: «Менің Алатауым! Менің Атырауым! Менің Сарыарқам! Менің Алтайым! Менің Алашым!!!» деп ұрандап шығатын ұл туа ма?! Тумай ма?!! Алла «Елім-ай» зарын Алаштың мандайына мәңгіге жазып қойған ба?! Бұл не сұмдық?!!

Мына жарық дүниеде

Мына жарық дүниеде өксігін ылғи ішіне жасырған дәл біздей шерлі жұрт барма екен?! Сол шер ел егемен болғанда да, шеменге айналып, көкіректе әлі тұншығып жатыр! Кейін осы өксіктің кекке айналмасына кім кепіл?! Қорқынышты…

ТАЛАНТ ҺӘМ БАТЫС

«АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен» (Қали Сәрсенбай, ФБ).

Өрелі жұрт табиғатты ғана емес, адами құндылықтарды да қорғауға міндетті!

АННА АХМАТОВАНЫҢ ПУШКИНІ

«Он победил и время и пространство», – дейді Анна Ахматова Пушкин қахында. Арқасына аруақ қонған қаракөктің тұқымы Пушкин сынды дарабоздың бәрі, міне, осылай қатарынан қара үзіп, уақыт пен ке­ңістіктің құрсағынан жұлқынып шығып, мәңгілікпен (Тәңірі) жолығады… Маңдайына қамшының сабындай ғана ғұмыр жазылған пенденің осынау дүниедегі басты миссиясы – Құдай Тағалаға жетіп, жығылу. Пушкин Тәңіріне жетті!

«Говорят: пушкинская эпоха, пушкинский Петербург. И это уже к литературе прямого отношения не имеет, это что-то совсем другое. В дворцовых залах, где они танцевали и сплетничали о поэте, висят его портреты и хранятся его книги, а их бедные тени изгнаны оттуда навсегда. Про их великолепные дворцы и особняки говорят: здесь бывал Пушкин, или: здесь не бывал Пушкин. Все остальное никому не интересно. Государь император Николай Павлович в белых лосинах очень величественно красуется на стене Пушкинского музея; рукописи, дневник и и письма начинают цениться, если там появляется магическое слово “Пушкин…» (Ахматова).

Біздің Абай мен Мағжан, Қасым, Мұ­қа­ғалилар қахында да осылай айтуға болушы еді. Осы сәтте айтылмаса да кейін қайтсе де олар турасында осындай аталы сөз бір айтылмай қоймайды! Алтын айдарлы ұлдарын аспанға көте­ріп, алақанына сала алмаған ел адамзат өркениетінің төрінен ойып орын ала алмай, ішқұса болып өтеді. Жаманынан жиркеніп, жақсысына сүйсінген ұлттың жүзі – жарқын, жүрегі – түкті, беті – ашық, белбеуі – мықты, берекесі – мол болмақ. Тарихтың бізге қалдырған бір тәлімі – осы.

Анна Ахматованың айтқаны Пушкин тектес тұлғалардың бәріне тікелей қатыс­ты. Қайта-қайта оқи бергің келеді.

ОҚЫРМАННЫҢ ҚҰДЫРЕТІ

ФБ-да поэзияны жан-жүрегімен түйсініп, түсінетін, әрі кеткенде, 15-20 шақты оқырманым бар екен. Мен әр бір дүниемді ұсынарда сол 15-20 шақты досым мұны қалай қабылдар екен деп, алаңдап отырамын.

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНДА

В Академии Наук Заседает князь Дундук.

(А.С.Пушкин)

Азғын дүниеде –

Арым қарықты.

Жаһанда шексіз –

Жаным тарықты.

Һас Қазақты іздеп, –

Қаным зарықты.

Хакім – Абай да,

Ақын – Мағжан,

Ғалым – кетіпті…

Залым – қалыпты!

СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button