Жаңалықтар

Еуропада доп тепкен қазақстандықтар

Футбол – төрткүл дүниенің тамсана көз тігетін ойыны. Клубтарымыз Чемпиондар лигасы мен Европа лигасында өнер көрсеткенде әлемдік деңгейдегі футболшыларды өз алаңымыздан көріп, «Осылармен иық тіресіп ойнай алады екенбіз ғой. Біздікілер қашан осындай үлкен клубтарда доп тебер екен?» деген ойға берілетініміз де шындық. Аулада доп ойнап жүрген кез келген баланың ауызына түсе кететін үлкен клубтарда ойнамаса да, Еуропада бақ сынаған отандастарымыз жетерлік. Сонымен, біздің елден Еуропаны «бағындыруға» аттанған футболшылардың кімдер екеніне тоқталсақ…

Еуропаға тұңғыш қадамды Қарағанды «Шахтер» футбол клубы мектебінің түлегі Эдуард Сон жасаған болатын. 15 жасында “Қайратта» ойнаған жас бала 1991 жылы «Днепр» ФК ойыншысы ретінде КСРО чемпионы атанды. Дәл осы жылы Эдуард Францияның 2-лигасындағы «Газалек» футбол клубына ауысты. Футболшының бұл клубтағы ойыны ала-құла өтті деуге болады. Бірде жасындай жарқыраса, бірде жарақат алып, бабына келуі жиіледі. Жарақат салдарынан 9 ай бойы алаңға шыға алмады. Жарақатынан айыққан соң жанкештілікпен клуб үшін маңызды ойыншы бола алатынын дәлелдеп бақты. Осылайша, клубтың үздік шабуылшысы бола білді. Қырсыққанда «Газалек» 2-лигадан төмендеп, кәсіби клуб мәртебесінен айрылып қалған болатын. Бұдан кейін ол Францияның 3-лигасындағы «Перпиньян» клубына ауысты. Бұл жерде де Эдуард биіктен көріне білді. Клуб өз лигасында 1-орынды иемденіп, жерлесіміз 14 гол соғып, команданың үздік шабуылшысы атанды. Осыдан кейін ол клубпен тағы екі маусымға келісім-шарт жасамақшы болады. Клубтың қаржылық мәселелері көбейіп, еңбекақысын төмендетуге келіспеген ойыншы өз жолымен кетуге бел байлайды. Эдуард қазір тоқыма өндірісіндегі бизнесін дөңгелетіп жүр.

Францияда тағы бір отандасымыз доп тепкен. Павлодардың тумасы Сергей Скаченко 1999 жылы «Меце» клубымен 2003 жылға дейін келісім-шартқа отырған. Алайда, сол уақыттың көбін басқа клубтарда жалданып жүріп өткізген екен. Атап айтсақ, Швейцарияның «Ксамакс», «Арау» клубтарының жейдесін киген.

Сергей Климов Болгарияның Перник қаласындағы «Минер» клубында өнер көрсеткен. Бұған дейін «Қайратта» ойнаған ойыншы үшін болгарлар алматылық командаға ойын эпикировкаларын берген екен. «Мен келісім-шартта көрсетілген қаржыны ешқашан толық алған емеспін. Болгария да сол кезде тоқырауға ұшыраған ел болатын. Жігіттердің көңіл-күйі болмады. Осылайша біз соңынан санағанда екінші орынды иемденіп, төменгі лигаға құлдырадық. Мен өз бағымды сынау үшін Германияға кеттім» – деп еске алады ойыншы.

Неміс жерінде Сергей Климовтан бөлек, Вахид Масудов, Асқар Қожабергенов, Сергей Пасько өнер көрсеткен екен. Бір қызығы олардың барлығы 1994 жылы «Пройзен 07» клубына аттанған екен. Бұның сырын былай түсіндіруге болады. Алмағайып жылдары немістердің әуесқой клубтарының өзінде біздің елдегіден әлдеқайда жоғары ақша алатын. Климовтан басқа ойыншылар бір маусымнан соң елге қайтып келген

1995 жылы Гурам Макаев Бельгияның «Ломмель» командасымен келісім-шарт жасасады. Бар-жоғы 7 ойынға қатысып, сол маусымда жолы болмайды. Есесіне келесі маусымда «Антверпен» сапында 20 ойын ойнап, 4 гол соғады.

 2000 жылы Виктор Зубарев Кипрдің «Аполлон» клубымен келісім-шартқа отырған. Алғашқы жылы чемпионатта 15 гол соғып, клубтың сұрмергені атанады. Бір жылдан соң Кипр Кубогы финалында жеңіс добын соғып, жанкүйерлер қошеметіне бөленеді. Ол жақта екі жыл өнер көрсетіп, «Ертісіне» қайта оралады.

2001 жылы Кипрдің «Эрмис Арадиппу» клубында Олег Литвиненко өнер көрсеткен. Олег ол жақта тек алты ойында ғана алаңға шыққан екен. Сөйтіп, Кипрдегі саяхаты голсыз аяқталған.

1997-1999 жылдары Владимир Нидергаус Израильдің «Маккаби Хайфасында» ойнаған. Команда сапында жүріп, ел кубогының иегері атанған.

Израильде доп тепкен жерлесіміз Владимир ғана емес. 2008 жылы Марк Гурман «Хапоэль» клубымен келісім-шартқа отырған. Бір жылдан соң «Маккаби Ахи» клубына жалға берілген. Марк 2010 жылы елге қайтып келді.

2002 жылы Асхат Борантаевқа Греция стадионында доп тебу сәті түсті. Әуелгіде Грецияның жоғарғы лигасындағы «Акратитос» футбол клубында ойнауы тиіс болған Борантаев командада легионерлер санының көбеюіне байланысты команда жейдесін кие алмады. Дегенмен, екінші лигадағы «Ахарнаикос» сапында 17 ойын өткізіп, бір маусымнан кейін елге оралды. Польша стадиондарына алғаш із салушы – Александр Кучма. 2005 жылы «Рух» командасы сапында 17 ойын ойнаған.

Польшада жүргенде сол кездегі Ұлттық құраманың бас бапкері Арно Пайперстің көзіне түсіп, шақырту алады.

 Кучманың ізін Абзал Бейсебеков пен Сергей Хижниченко жалғастырды. Екеуі де «Корона» сапын толықтырған. Абзал сол жылы жазда соққан 1 голына қанағаттанып, «Астана» футбол клубына қайта оралады. Сергейдің сапары да көпке ұзамады. Елге қайтып, «Тобыл» сапында бір жыл ойнап, Белоруссияның «Шахтеріне» ауысады. Бұл жақта 9 ойында 2 гол соғады.

Әзірге Фин елінде доп тепкен екі отандасымыз бар. Оның бірі – Илья Фомичев. Илья ол жаққа алғаш рет 2004 жылы кеткен екен. Ол өзінің футболдағы ғұмырында біресе Қазақстан лигасы клубында, біресе Финляндия клубтарында ойнауымен есте қалды. Ал, Николай Курганский Финляндияның екінші дивизионында өнер көрсеткен. 40 ойында 18 гол салған ойыншыға «Бәрекелді!» деуден басқа айтарымыз жоқ.

Жартылай қорғаушы Али Алиев 2007 жылы Түркияның «Акшааббат Себатспор» клубымен келісім-шартқа отырады. Алғашқы ойында-ақ екі гол соғады. Келесі маусымда Түркия Суперлигасындағы «Каисери Эрджиеспор» клубында өнер көрсетеді. Командада легионерлер көп болуы себепті оған екі елдің азаматтығын алу ұсынылады. Бұл шарт Алиге ұнамай «Карталспор» командасына ауысады. Елге 2011 жылы оралады.

2012 жылы Давид Лория өз бағын Түркияда сынамаққа аттанады. Араға жарты жыл салып, қысқы трансфер кезінде Самат Смақов та Түркия топырағында доп тебу мақсатында жолға шығады. Жерлестеріміз – «Ризеспор» командасының Суперлигаға шығуына үлес қосқан футболшылар.

Жалпы, Түркияның бірінші лигасы – біздің елдің футболшылары үшін өте ыңғайлы. Бұл жерде Түркі елдерінен келетін ойыншыларға шектеу жоқ. Сондықтан да, Аслан Дарабаев, Мұрат Тілешов, Нұрбол Жұмасқалиев, Пірәлі Әлиев, Әлібек Бөлешов, Дәурен Тәжімбетов сынды ойыншылар арагідік болса да осы лигаға бас сұғып қайтқан екен.

Ұлттық құрамамыздың капитаны Бауыржан Исламхан БАӘ «Әл Айн» ФК сапына ауысқан болатын. Ол өз өмірінде тұңғыш рет Азия Футбол Конфедерациясының чемпиондар лигасы ойындарына қатыспақшы.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button