Ескерткіш қою – елдіктің белгісі

     Еліміз егемендік алғаннан бері өткенді қастерлеп, болашағымызды баянды етіп келеміз. Бұл ұрпақ алдындағы парыз, елдіктің белгісі. Жақында осындай, ізгілікті істің куәсі болдық. Киелі топырағында төбе биліктің абыройы атанған исі қазақтың ұлы тұлғасы Қаздауысты Қазыбек би өмір сүрген қасиетті өңір қашанда өзінің тереңнен тамыр тартқан тарихымен дараланып келеді. Әр тасы мен тауы өз алдына бір тарих. Әр өлкесіне сыр тұнған қастерлі аймақ. Әр азаматы өткенін ескеріп, бүгінгісіне құрметпен қарайды. Қатпарлы тау, оқшауланған төбелермен толқындап, шексіз жазық далаға ұласқан шежіре естелігі өз алдына бір төбе.

Осы бір өлкедегі Мыржық тауының қойнауы қилы замандар мен қым-қиғаш тарихи оқиғаларды сыр, аңыз қылып таратуда. Тау басындағы тастардан қатар-қатар қаланған қабырғалар қалмақ қорғанының бүгінге жеткен сарқыншағы, қара тастарындағы жазулар, белгілер, тарихтың рухани құндылығы, ал ескі қорымдар бұл өңірдің аңыз тарихы мен сыршыл шежіресі. Тау бөктеріндегі әжептәуір аумақты алып жатқан қорым туралы ел арасында түрлі аңыздар бар. Бұл қорымда Қаздауысты Қазыбек бабамыздың қызы, қанжығалы қарт Бөгенбайдың серігі Жалаңтөс батырдың жары, ақылы асқан Маңқан анамыздың денесі жай тапқан деген дерек бар. Кезінде төрт құлақты ақ бейіт бүгінде жауын-шашыннан мүжіліп, тек төменгі жақтары ғана қалған. Басында еш белгітас болмаған. Баба ұрпағы, осы өңірдің тумасы, жаны нәзік болса, ерге бергісіз қызмет жасап келе жатқан қажырлы да қайсар азаматша, Абай ауылдық округінің әкімі Әлия Қамашқызы «Серік» шаруа қожалығының басшысы, жары Ермек Құлтұмановпен кеңесе келе, көптен бері көкейде жүрген ойын жүзеге асырды. Ауылдың көнекөз қариясы Алтынай апайдың айтуымен, Маңқан анасының басына белгітас қоюға ұйытқы болды. Өзінің жақын жамағайындары Сләмиден Нүркенов, Сара Боранбаева, Мейір Мүбараковтермен біріге ойға алған ісін жүзеге асырған Әлия апай «бірде, ауыл тұрғыны Алтынай апайдың «Бабамыздың қызы Қамқа (Маңқан) апамыздың басында еш белгі жоқ» деп айтып отырғандығын құлағым шалып қалды. Бұл осыдан төрт-бес жыл бұрын естігенім еді. Содан бері осы бір сөз санамнан кетпей қойды. Қалайда апамыздың басына бір белгі қоюым керек деген ойым орындалып, бір жеңілдеп қалдым. Маңқанның азан шақырып қойған аты Қамқа екен. Ол кісіні аққу перісінің қызы деп атайды екен» дейді. «Мыржықта менің әкем ұста болды, сынықшы болды. Әкемнің аты Үмбедімұлы Рахмет. Сол кісі үнемі қорымның тұсынан өткенде Қазыбек бидің қызы Қамқаның зираты деп айтып отыратын. Өзім жасымнан зерек болдым. Содан есімде сақталып, санамда қатталып қалды осы бір сөз. Жасымнан естіген дерек бойынша, Маңқан ауырып жатып, «мен өткенде оң жақ қолым түспей көтеріліп жатады. Мені қоятын жерге алып шығыңдар, қолым қай жерге түседі, сол жерге жерлеңдер» дейді. Бүгінгі басына белгітас қойған жерге келгенде қолы түскен дейді. Бүгінде бұл жерде ағып жатқан бұлақ Маңқан бұлағы деп аталады. Жас кезімде олай-бұлай өткенде төрт құлақты ақ сұр бейіт болатын, бүгінде құлап қалыпты. Бұл әңгімені мен Әлияға айттым…» дейді, әкеден балаға қалып келе жатқан құнды деректі жеткізген сексеннен асып, тоқсанға аяқ басқан асыл апамыз.

Өткенге құрмет бұл ұрпақ алдындағы міндет. Олай болса, Мұстағұл қыстағының маңындағы, Маңқан бұлағының жанындағы, үлкен қорымдағы сан ғасыр бойы еш белгісіз тұрған зиратқа белгітас қойып сауапты іс жасаған ұрпақтарының көңілі бір жайланды. Өлке тарихына құрметпен қарап қана қоймай, аруақ алдындағы перзенттік борыштары мен имандылық парыздарын адамгершілік істерімен жүзеге асырған жоғарыда аттары аталған азаматтар ауыл үлкендерін жинап, ас беріп, құран бағыштады.

«Дара туған Маңқаным,

Аңызы болдың баршаның.

Ақылды қызы атандың,

Қазыбек би баба тұлғаның.

Тектіден туған жан едің,

Ақылмен көпке нұр болдың.

Дұға етіп Сізге арнайды,

Ескерткішті осы ұрпағың» деп жазылған белгітаста. Адам ұрпағымен бақытты. Маңқан анамызды еске алып, дұға бағыштап отырған ұрпақтарының бұл ісі өткенге тағзым ете отырып, келешекке аманаттаған ғибратты тағылымы. Сол күнгі тоқтаусыз жауған ақ жауын Маңқан анамыздың мені де елеп ескеретін ұрпағым бар екен ғой деген көз жасы болар деп топшылап жатты асқа жиналған үлкендер жағы.

Сағыныш Әбілова

Қарқаралы ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.