Қарқаралы

Еселі еңбек ер етер

Жыл он екі ай жүз бас малды бордақылап отырған Бүркітті ауылының тұрғындары, ағайынды Бақытбек және Бақтияр Смағұловтардың шаруашылығында жұмыс қарқынды.

Тепсе темір үзетін Бақтияр Смағұлов 2012 жылы оншақты малды бордақылауды бастайды. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қағиданы қатаң ұстанған Бақтияр алты жылдың ішінде ағасымен бірге ауыз толтырып айтарлықтай шаруаның басын қайырды. Осы жылдар ішінде отбасылық кәсіпті дамытуды мақсат тұтқан ағайындылар наубайхана салып, ауыл халқын ас атасы – нанмен қамтамасыз етеді. Кейіннен азық-түлік дүкенін ашады.

Істің ретін, малдың жай-күйін білетін Бақтияр мен Бақытбек әр шаруасын тиянақты іске асырып келеді. Ауыл сыртынан үй сатып алып, жанынан үлкен қора салады. Бордақыдағы малдың еркін тыныстап, азықтануы үшін мал тұратын орынның шатырын биіктетіп, желдеткіштер санын арттырды. Жақын маңнан құдық қазды. Бордақыда ақбас және әулиекөл тұқымдас малдары бар. Қыс мезгілінде мал басы көбейеді, ал жазда азайып отырады. Күн жылынып, көкке іліккен ірі қара табиғи жолмен семіреді. Бордақылау кезінде таңертең, кешке тартылған жем, түсте кебек және шөп үздіксіз беріліп отырады. Бордақыда мал кем дегенде алты ай тұрады. Сонан кейін салмақ қосқан ірілерін Қарағандыға апарып сатады. Ал, кішіректері 10 айға дейін байланады. Бірінің орнын бірі басып, бордақылау ісінде тоқтау болмайды. Жылына 75 тонна арпа-бидай, 70 тоннаға жуық шөп сатып алады екен.

  • Әрине, бастапқыда шаруашылықты игеріп, әрі қарай жүргізу оңай болмады. Машақаты мол болғанымен, бастаған істі соңына дейін апаруға бел будым. Малдың жем-шөбін, суын беріп уақытылы азықтандыру, астын тазалау секілді істер де өз ретімен жүзеге асып жатады. Жанымдағы екі жұмыскер де шаруашылықтың қыр-сырын білетін адамдар. Жұмысына адал. Бұл істегі еңбектері ерен деуге болады. Еңбекақыларын уақытылы төлеп тұрамын. Ең бастысы, адамда мақсат болуы керек. Бастаған іске шын ынтасымен кіріскен адам қыруар жұмысты еңсереді. Енді жер алып, қыстақ салсам ба деген ниеттемін. Ол да ретімен орындала жатар, – дейді, мал бордақылау алаңының басшысы Бақтияр Смағұлов.

Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілері үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктердің нәтижесінде дамып жатыр. Әрине, бұл біздің еліміздің экономикалық көрсеткішінің артқандығын білдірсе, халықтың да әлеуметтік әлеуетінің нығаюына бірден-бір септігін тигізіп отыр. Ал, Бақтиярдың мал бордақылау алаңы – таза маңдай тер мен еселі еңбектің жемісі. Тынымсыз еңбекпен малын бағып, санын арттырып, айналдырған 5-6 жыл ішінде толағай табысқа жетіп отырған Бақтияр ауыл ортасынан еңселі баспана тұрғызып қойған. Жоспары жүйелі, мақсаты айқын, қадамы нық, адал еңбек иесі Бақтиярдың еңсесі биік.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button