Тарих

Ерте сөнген есіл ер

Тұрлаулы тарихымызда 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің алатын орны ерекше. 1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы ІІ Николайдың «Реквизициялау туралы» Жарлығы шығып, Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдегі «бұратана халықтардан» 19 бен 43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу көзделді. Оның 240 мыңы қазақтан алынатын болды. Осы жарлыққа іле-шала қазақ даласы мен Орта Азияда ХХ ғасырдағы ең айтулы, жаппай көтерілістердің бірі басталды.

«Июнь жарлығынан» кейін дариядай толқыған қалың елді ақ патшаның зеңбірегін сүйретіп, от қаруын арқалаған жазалаушы әскері жаппай қудалап, талап-тонады. Бала-шаға, шал-шауқан ат тұяғының астында қалды. Азаматын атты, асты. Сібірге де айдады, қара жұмысына да алды.

«Июнь жарлығынан» кейін абыр-сабырға түскен халыққа жол көрсетуге тиіс қазақ саяси элитасы екіге жарылды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, т.б. Алаш азаматтары сол кездегі саяси жағдайға ымыралы көзқарасты ұстанды. 1916 жылы тамыздың 11-інде жарық көрген «Алаштың азаматы» атты үндеуде олар: «Біздің жұртқа айтарымыз – бұған көнбеске болмайды» деп атап көрсетті. Ал Тоқаш Бокин, Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешев, Әліби Жангелдин, т.б. радикалды көңіл-күйдегі оқығандар мен белсенділер халықты ашық қарулы қарсылыққа шақырды.

Шілденің бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тарих сахнасына талай-талай саңлақтарды шығарды. Сол тұрғыда жанбай жатып сөнген жұлдыз, ел ісіне енді ғана араласа бастаған шағында мезгілсіз қайтыс болып кеткен қазақ зиялысы Жұртшыбай Омарұлы жайында, бүгінгі егемен елдің еркін тынысы, Тәуелсіздік талаптарына орай жаңғыртып жазудың сәті енді соққан секілді. Жұртшыбай – аймақ-атырапқа «Тақыр Омар» деген атпен белгілі болған тұғырлы тұлға, ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасырдың басындағы әкімшілік бірлік – Ақмола уезінің Көнек болыстығының болысы Омар Ақмырзаұлының бел баласы.

Бірден айта кетерлігі, бұрын-соңғы әдебиеттерде, тарихи жинақ-кітаптарда Жұртшыбай жөнінде мүлдем аз сөз болған, тіптен жазылмаған. Мұрағат деректері де жоқтың қасы. Оның бір себебі, халқымыз жазу-сызу, хат-қағазға шорқақ кезеңде туып, өмір сүргені болса, екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, тым ерте дүние салған. Сондай-ақ, азаматтың қоғам өміріне белсене қатыса бастағанының нақты бір көрінісі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі көптеген жылдар бойы толық зерттелмеген тақырыптардың қатарында болды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қараңғылық басып жатқан қазақ даласында да оқу-білімге деген құштарлықтың ұшқыны пайда болғаны белгілі. Елдің есті-басты адамдары өскелең ұрпақтарын білімге баулып, қалалық жерлердегі оқу орындарына батыл бере бастады. Соның нәтижесінде қол жеткендері Санкт-Петербург, Қазан, Уфа сияқты іргелі қалаларда, басқа бір толқын қазақ даласына қоныстас Орынбор, Омбы, сондай-ақ, ел ішіндегі Семей, Ақмола қалаларында білім алды. Сол бір үркердей топтың қатарында Жұртшыбай Омарұлы да болды.

Жұртшыбай бала күнінен елгезектігімен, әр нәрсеге зейінділігімен көзге түседі. Ауыл балаларына ұқсап тай мініп, ойын қуып кетуден гөрі білуге, оқуға деген құштарлығы басым болады. Соны жақсы аңғарған әкесі, Омар болыс бұл баласын оқытуға қатты ден қояды. Ауыл молдасынан әліп танып, оңы-солын танитын жасқа жеткен соң сол кездегі әкімшілік орталығы Ақмола қаласындағы жоғары бастауыш мектепке береді. Алыс ауылдың қиян түкпірінен шыққан жасөспірімге қаланың қилы тіршілігі, қарым-мүмкіндігі ерекше әсер етеді. Мұнда да Жұртшыбай жігіт болып, желік қуып кетпей, бар саналы уақытын ғылым мен білімге арнайды. Әлемдік әдебиет пен мәдениеттің жауһарларымен сусындайды. «Өнер, білім бар жұрттардың тастан салдырған сарайларына» тәнті болады. Өркениет көшіне ілесе алмай қалған етекбасты елінің ертеңіне алаңдайды. Сайын дала төсін сәнге бөлеп, әсем қалалар тұрғызып, қалың бұқараны мәдениетке, өнерге тартуды ойлайды. Ғылым-білімнен кенже қалған халқының қалаулы бір тұлғаларының біріне айналсам деп армандайды. Ол үшін ілім-білімге мол қанығудың, мәдениет, өнердің қыр-сырын жетік меңгерудің маңыздылығын жіті зерделейді. Осы жолда қазақ арасынан шығып, қайраткерлігімен, қарым-қабілетімен ерекшелене бастаған алдыңғы толқын ағаларының ақыл-кеңестеріне құлақ түреді, іс-қимылдарына ой жібереді. Тынымсыз оқу, іздену өз жемісін береді. Күрт өзгерген көктемдей, салқам самал көңіл көкжиегін тұмшалап тұрған талай мұнарды тықсыра қуып, көп нәрсеге көзі ашылады. Бұрын жүрек түкпірінде жылтырап жатқан талай шоқ лаулап жана бастайды. Бұрын іштей ғана мойындап жүрген талай қағида ақиқатқа айналады.

ХХ ғасырдың басы бүкіл әлемде, оның ішінде Ресей империясында қилы оқиғалар, түрлі төңкерістер жиі орын алып, ел ішінен тыныштық кетіп тұрған дүрбелең кезең болатын. Кәрі құрылықты соғыс өрті шарпып тұр. Ресейдің сандаған ғасыр жасап келген мемлекеттік ұстыны сыр беріп, мызғымастай көрінетін патша тағының өзі шайқалақтап қалған. Соның салдары марғау ұйқыда жатқан қазақ даласына да қозғау салып, ел еру кезеңнен шеру кезеңге бет түзей бастаған еді. Оның алдында, әлбетте, ел ішінен шыққан қалаулы бір топ, енді ғана бой көрсете бастаған зиялы қауым өкілдері жүрді.

Халқымыздың қайраткер тұлғалары Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Жанайдар Сәдуақасов, Бәкен Серікбаев, т.б. есімдері, міне, осы кезеңде шыға бастады. Ендігі жерде езгіге бой бермейміз, отаршылдықтың ойранын шығарамыз деп тулап шыққан күрескер рух, көсем жігер сол жылдары айқын көрініс тапты. Сөйтіп, сонау ХVІІІ ғасырдың басындағы Вестфальд бітімінен бермен қарай жүзеге аса алмай келе жатқан ұлттық егемендік мұратының шындап жүзеге аса бастауы 20 ғасырдың 20-жылдарына сәйкес келді. Әуелде саяси ертегідей көрінген бұл құбылыс бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде тарихи шындыққа айналды.

1916 жылғы дүрбелеңнің бір ұшқыны Ақмола өңірінде, оның ішінде Қараағаш, Көнек болысы жерлеріне тиді. Тарихқа Қараағаш (Айғыржал) көтерілісі деген атаумен енген халық наразылығы, қарулы қарсылық жөнінде кезінде мерзімді басылымдарда көп жазылды. Ел ішіне іріткі салған қанқұйлы оқиғалардың тірі куәгерлерінің өз ауыздарынан жазылып алынған естеліктер дерекнамалық, танымдық жинақтарда жарияланды.

С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында аталған көтеріліс жайында мынадай жолдар бар:

«… Қараағаштағы Шоң елінен әрі Көнек елі деген, біздің ағайын, бір болыс Тоқа болатын. Елінің мықтысы Тақыр Омар деген кісі еді. Қатардан қалмайтын, малы аз болған соң, ел «Тақыр Омар» атаған. Сол Тақыр Омардың ауылына бір бастығы мен жеті солдат барыпты. Омар бәрін алдап, үйге түсіріп, жетеуін де өлтіріпті…» (Сәкен Сейфуллин. «Тар жол, тайғақ кешу». «Қазақ қозғалысы» тарауы).

Жарлық шығысымен елдің бетке ұстар азаматтары, ақсақалдары, көзі ашық зиялылары патша өкіметі тарапынан осы жұмысты жүзеге асыруға жұмылдырылады. Солардың қатарында бұл кезде шау тартып, болыстық билікті басқа бір жасқа берген Омар Ақмырзаұлы да, оның Ақмоладағы оқуын бітіріп, кеңсе ісіне енді араласа бастаған ұлы Жұртшыбай да болады. Бірақ әкелі-балалы екеуі «қара жұмысқа» қазақтан солдат бермеуді, қарулы қарсылықты жақтайды. Бұған Сәкен Сейфуллин, Бәкен Серікбаевтардың берген ақыл-кеңесі де себепші болады. Сөйтіп, Тақыр Омар қартайған шағында Қараағаш көтерілісінің көсемдерінің бірі болса, Жұртшыбай да ел ішіне шығып, халықты бұған төзбеуге, қарсы тұруға үгіттейді, үндейді.

Бәкен мен Жұртшыбайдың осы мақсаттағы елге сапары жөнінде жергілікті жазушы Асан Жұмаділдиннің «Сең бұзылғанда» повесінде жан-жақты суреттеледі. Повестің Жұртшыбайдың бауыры, Ақмағанбет ақсақалдың баяндауы бойынша жазылғаны аян. Сондай-ақ, көркем туындыдағы барлық кейіпкерлердің өз аттарымен берілуіне қарай, бұл еңбекті деректі хикаят деп атаса да болғандай.

Жарлық шыққаннан кейінгі Ақмола кеңселеріндегі сапырылыс, Омар ақсақалдың елге қайтуы, Бәкен мен Жұртшыбайдың жолға шығуы, далада жанжалдасып жүрген жауынгер Монин мен Асар балуанмен ұшырасып қалуы, әскерге солдат бермеуге бел буған ел қазақтарының Айғыржал тауы баурайында қол жинауы, Омар мен Шоңның Оспанының хан сайлануы, жазалаушы жасақтармен арада болған қақтығыстар, соғыс барысында Ақылбек пен Әбілданың оққа ұшуы, Жұртшыбайдың бауыры Ақмағанбеттің аяғынан жаралануы, ел азаматтарының, кек қайтару мақсатында, жөн сұрай келген жеті солдатты қамап, өлтіріп жіберуі, арпалыс сәтінде Ақберген ақсақалға қылыш қата тиіп, сол жарақаттың салдарынан қайтыс болуы, Ақмолада совдеп құлап, Сәкен Сейфуллин, Бәкен Серікбаевтардың тұтқындалуы – бәрі-бәрі повесте қаз-қалпында баяндалады.

Біз повестің Жұртшыбай жайында жазылған тұстарынан қысқа үзінділерді сол күйінде бере кеткенді жөн көріп отырмыз:

«…Ұлықтан шыққан соң Омар высшая начальная школаның соңғы класында оқып жүрген баласы Жұртшыбайдың пәтеріне келді.

Өзіне тартқан орта бойлы, ақ сары қоңыр көздерінен алғырлық аңғарылатын Жұртшыбайын Омар кішкене күнінен жақсы көруші еді. Оның үстіне орысша оқып білім алған ұлын ерекше қадір тұтатын. Ақмолаға келген сайын одан замана ахуалын сұрап, ел қамын ойлар азаматтың алдында тұрған парызы не болмаққа керек деген сияқты сауалдар беріп, баласының оған орай қайырған жауабына мерейі өсіп, мағұрланып отырар еді. Оның әңгіме арасында ақ патшаны әлсіз, әділетсіз деген сөздеріне қарсы айтар дауы болмаса да, іштей «астағипраллалай», тәңірден баласының ағат сөзін күпірлікке жазбауын тілер еді.

Жұртшыбайдың пәтерінде орысша киінген тағы да бір-екі қазақ жігіті отыр екен. Кітап жиналған биік столдың алдындағы орындықта отырған жазық маңдайлы, сопақ беттеу, шашын шалқасынан қайырған мұртты жігітті Омар бұрыннан білетін. Ол Қуандық еліне жапсар жеті болыс Таманың Алшын деген руынан Серікбайдың Бәкен деген баласы. Бәкеннің отырысы, сөз әлпетіне қарағанда осы жігіттердің басшысы сияқты. Әкесін көрген Жұртшыбай жас балаша қуанып:

Міне, көкем де келген екен ғой. Жоғарылатыңыз, Ақмағамбеттің, Алтынның, Шәрбанның, апамның дендері сау ма? – деп аға, қарындастарының, шешелерінің амандықтарын сұрай жүріп киімін ілген…»

***

«… Төбе басындағылар төңіректі әді шола қарап тұр. Терістігінде қарауытқан Қараағаштың қалың орманы. Қарсы беті бірін-бірі қуалай біткен қоңыр төбелер.

Ал Бәкен Серікбаевич, Жұртшыбай Омарович, мен енді отрядқа оралайын. Мені іздеймін деп олар бейқам отырған ел кезіксе мазасын алар. Бәкен Серікбаевич, сіз еліңізге келе жатырсыз. Сәкен де ауылына кеткен. Мен мыналармен жүрмін. Ұйым жұмысын кім жүргізеді сонда? Революциялық ситуациялардың айқындалған кезінде төңкеріс, өзгерісті сағат сайын күтуге болады. Сондықтан, біздің орнымыз стихиялы түрде көтерілген топтың ішінде емес, жұмысшылар арасында болу керек. Әрине, мен ұлт азаттығы үшін күреске шыққан елдің әрекетін бағаламай тұрғам жоқ. Революциялық толқынға құятын бұл да бір сала. Тіпті, бұзылған сеңнің басы десем артық кетпеспін…

Монин осымен сөзін тиянақтады да, жолдастарымен кош айтысты.

Бүгін елге жете қонайық, – деп Жұртшыбай Құдайменде өзенінің құйылысына қарай тарта жөнелді. Бәкен бұл өңірдің жерімен таныс емес еді. Қараағаштың алқарақөк орманына қарап:

Мынау кімнің жері дедің? – Бәкен озып бара жатқан Жұртшыбаймен қатарласты.

Бұл Қараағаш Тоқасына тән. Ағаш ішін қыстайтын біраз Найман мен Бәсентиіндер бар. Атақты Төлебай салдың мекені. Ал осы тоғайдың шеті сонау Айғыржал тауына іліге бере үзіледі. Одан әрі Қызылағаш деп аталатын тағы осындай қалың орман бар. Ол Тоқа Шоңның мекені… Біздің қыстағымыз Қызылтас – Маралды деп аталады. Атасу өзенінің Қосағалы жақ өкпе тұсы.

***

… Омар бұл осымен тынды дегендей тымағын қайыра киіп:

Жұртшыбай, сен ауылға бөгелме. Мына Бәкенмен бірге құдаларыңды аралап қайт. Не көрсек біз өз керденімізден көрейік. Қырсығымыз саған тимесін. Мына Бәкен, анау Сәкен ағаңның ақылынан шықпа, – деді».

***

«Жұртшыбай елге тезірек жетуге асығады. Ақмоладан хабар алмағалы да көп болған. Жасынан көпшілікке үйренген жігіт кейде елегізіп әлде бір сағыныш жетегіне ілеседі. Биыл жиырма екі жасқа шығатын жылы. Соңғы екі жылғы өмір өткелдері бұны кекселендіріп тастаған. Жастық сезімінің де гүл жарған шағы. Оқуын бітіріп, заман бір арнасын тапқан соң бұның да өз алдына үй болып, ата-баба жолын қуғысы келеді. Өзі пәтерінде жататын үйдің орысша оқып жүрген қызы Мәрзия елестейді көз алдына. Екеуінің арасында махаббат отын лаулатарлықтай шешіле сөйлескен сыр сағаттары болмаса да, көзқарастарында бірін-бірі ұнатқандық ұшқын болатын…»

«Жұртшыбай қыс бойы жігіттерге революция совет өкіметі жайлы әңгімелер айтып ұғындырумен болды. Әсіресе оның кеңесін ден қоя тыңдайтын Бұралқы еді. Әр нәрсені шұқылап сұрап бірдеңелерді біліп алуға құмар-ақ…»

***

Міне, осылайша жалғасып кете береді. Жұртшыбай 1916 жылғы дүрбелең кезінде, әкесінің ақылымен қалаға қайтып бармай, елде қалып, бір қыстай жылқышылар арасында бой тасалайды. Содан кейін Ақмолаға қайтып келіп, кеңседегі жұмысын жалғастырады. Бұл кезде уақытша өкімет құлап, тұтқындағы Сәкен Сейфуллин босап, елге оралады. Ақмолада қазақтың зиялы қауым өкілдері, есті-басты азаматтарының басын құрап «Жас қазақ» ұйымын құрады. «Жас қазақ» 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Ақмола (қазіргі Астана) қаласында құрылған қазақ жастарының ұйымы еді. Мүшелерінің саны 50 адамға дейін жеткен. Төрағасы – Сәкен Сейфуллин, мүшелері қатарында Б.Әділов, Б.Серікбаев, Б.Айбасов, А.Асылбеков, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Омарұлы, Ж.Сәдуақасұлы, Т.Шонайұлы, т.б. болды.

Жаңа өмірдің жаршысындай болған осы ұйымның жұмысына Жұртшыбай Омарұлы да белсене араласты. Хал-қадірінше қазақ қоғамының дамуы, ұлт мүддесі үшін тер төкті, аянбай күресті. Бұл жолда жалынды күрескер, қайраткер ағасы, сұңқар Сәкеннің, жолдасы, серіктесі Бәкеннің ақыл-кеңестеріне көп сүйенді. Сәкен жол жылдары ақ гвардияшылардан қырда бой тасалап жүріп, аталас ағайыны Омардың үйінде аял қылады. Сонда балғын жігіт Жұртшыбайға мақтау айтып, батасын береді. Бұл оқиға жөнінде нақтылы деректер бар.

Қанша дегенмен, көркем туындының аты көркем туынды, көркемдік шындық деген бар. Жоғарыда айтылған «Сең бұзылғанда» повесінде Жұртшыбай кісі қолынан қаза табады. Анығында, Жұртшыбайдың Ақмоладан елге қайтып келе жатып, жолда, жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны белгілі. Соның қайғысын көтере алмаған әкесі Омар да көп ұзамай дүниеден өтеді. Артынша анасы да бақилық болады.

Жалпы, «Сең бұзылғанда» повесі – Жұртшыбай Омарұлы жөнінде жазылған бірден-бір деректі дүние. Хикаятта сондай-ақ, жоғарыда айтылған Б.Серікбаев, Н.Монин, т.б. қатар, Жұртшыбайдың анасы Зейнеп, жеңгесі Үміт, апа-қарындастары Алтын мен Шәрбан, қаладағы кезінде сырлас, сыйлас болған құрбысы Мәрзия, ел жігіттері Балмағанбет (Балмақ), Қаратүйме, Бұралқы, т.б. бейнелері де көрініс тапқан.

***

… Сөйтіп, туған халқының болашағы үшін, ұлтының отаршыл саясат илеуінде кетпесі үшін күрес жолына енді түсіп келе жатқан Жұртшыбай Омарұлы кенеттен қайтыс болып кете барады. Соңында қарымды қайраткерлігі, елі үшін Алаш қозғалысына қосқан еңбегі қалады. Кім біліпті, қапияда қаза болмай, тәңірі ғұмыр бергенде, Сәкен ағасындай халқының қайраткер тұлғаларының біріне айналар ма еді?!. Қалай дегенде де, оның өкінішті өлімі өзімен бірге талай сырды, арманды ала кетті. Әкесінің де мезгілсіз дүниеден өтуіне себепкер болды.

Әкесі Омардың, бауыры Жұртшыбайдан айрылып, қайғыдан қан жұтып қалған жас жігіт Ақмағанбет тағдырдың талқысына қайыспай қарсы тұрып, жылдам ес жияды. Ендігі бар ауыртпашылық өзінде қалғанын жақсы сезініп, шаруашылыққа, тума-бауырларына бас көз болады. Ел басқару ісіне араласады. Болыс болып та сайланады. Соңғы болыс ретінде аты қалады. Кейінде ел ішінде беделді азамат атанады. Аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдардың біріне айналады. Ел ішінде «Ақкең» деген атпен белгілі болады. Одан туатын Әбілхакім бүгінде бүкіл аймақ-атырапқа аты мәлім алтын айдарлы азамат, тұғырлы тұлға.

Жалпы, қазақы өр мінездің атадан балаға беріліп отыратын осындай жарқын сипаты қай кезеңде де әркімнің жүрегінен бірдей орын ала бермеген, белгілі бір тұлғаларға ғана тиесілі болып отырған. Ол қайсарлық пен қайраткерліктің тектілікпен тікелей байланысы барлығын айқын аңғартады. Айталық, Ақмырзиндер әулетінің әрісі мен берісіне қатысты тұлғалардың тұтасып жатқан тыныс-тіршіліктері, іс-әрекеттері олардың түп-төркінінің ірілігіне меңзейді. Кісілік қасиеттерін, өмірлік мақсаттарын – барлығын туған халқының тұтастығы мен дербестігіне арнаған біртуар азаматтар осындай игі мұраттарын сан жылдар сонарында нақтылы дәлелдеп берді.

«Тарихтан – тағылым» дегенде, ең әуелі осы мәселені әрдайым жадымызда ұстаған дұрыс. Ақмырзиндер әулетінің ғибратты ғұмырынан келтірілген осы бір азды-көпті деректер жас буынның санасына ұялап, тәуелсіз қазақ елінің даму жолындағы негізгі ұстанымдарының бірі болса дейміз. Ж.Омар-ұлының қысқа ғұмыры мен қызмет жолын өскелең ұрпақ тәрбиесіне жарата білу қазіргідей, тәуелсіздік туын тұғырына берік орнатып, тұмса тарихымызды жаңаша түзіп жатқан тағдырлы кезеңде айрықша маңызды деп білеміз.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Ақмолада 1917 жылы «Жас қазақ» ұйымын жасаушылар. Алдыңғы қатарда оң жақтан төртінші С.Сейфуллин, бесінші А.Асылбекұлы; екінші қатарда оң жақтан үшінші Ж.Омар­ұлы, шетте тұрған Б.Серікбайұлы; жатқандар: Ж.Сәдуақасұлы, Т.Шонай­ұлы.

2. Көнек болысының алғашқы басқарушысы Ақмырзаның Омарының (Тақыр Омар), ұлы Жұртшыбайдың Жаңаарқа ауданы Толағай ауылы жанындағы зираты және оның басына ұрпақтары қойған белгі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button