Басты тақырып

Ертеңгілік тақырыбы – Елбасы тәлімі

     Қарағандыдағы «Бақыт» балабақшасы жыл сайынғы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Президент кубогы» жарысын өткізді. Дәстүрлі спорттық сайыстарға ересек топ тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналары қатысты.

Шара барысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы: «Дене тәрбиесі және спорт мемлекеттің ерекше қамқорлығында болуы керек» қағидасын басты назарға алды.Осы орайда ата-аналарды салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спорт түрлеріне қатысуға шақырды.

Мектепке дейінгілерді салауатты өмір салтына жетелейтін күнделікті дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін қажетті жағдай жасау шаралары көзделді.

Баян МҰХТАРОВА, «Бақыт» балабақшасының директоры:

Биыл балабақшамызға 37 жыл толып отыр.Осы уақыт ішінде балабақша кешегі Кеңес дәуірін де басынан өткізіп, бүгінгі күні тәуелсіз елдің мерейі мен қолдауына бөленіп отыр.

Алдағы уақытта мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтеміз. Мерекеге арналған мектеп жасына дейінгі балалар, педагогтар, ата-аналар арасында өткізілетін бірқатар шаралар жоспары жасалды.

Балабақшамыздың тәрбие және білім беру жұмысына да бірталай өзгерістер енгізілді. Біз мектеп жасына дейінгі балалардың әртүрлі білім беру салаларында құзыретті дамуына ықпал ететін денсаулық сақтаушы, ақпаратты-коммуникативті, серіктестік әдістері секілді инновациялық технологияларды қолдана бастадық. Балабақша қазіргі таңда экологиялық, әлеуметтік – тұлғалық, танымдық, көркемдік-эстетикалық салаларды қамтып отыр.

Шараны ұйымдастырушы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Сандуғаш Қасымова: «балабақшада үшінші жыл қатарынан мектепке дейінгі ересек топтың балаларын теннис ойынына үйрететін, шынықтыру тәсіліне баулитын, ерік-жігерді, табандылықты дамытатын үйірме жұмыс жасайды» дейді.

Ұстаздың айтуынша, сабақтар аптасына екі-үш рет арнайы құрылған перспективалық жоспар бойынша жүргізіледі. Сабақ кезең бойынша өтіп, ең алдымен балалар ракетканы қалай қолға ұстау керектігін үйреніп, теннис алаңында қозғалып, ракетканы қолдану дағдыларын қалыптастырады. Үнемі тенниспен айналысу баланың ақыл-ой қызметіне жақсы ықпал етіп, жылдам шешім қабылдауды дамытады.

Балабақшаның тәрбиешілері де үлкен теннис бойынша қалалық жарыстарға қатысып тұрады екен.

Алдағы уақытта «Бақыт» балабақшасында мерекеге орай барлық топтарда Тұңғыш Президенттің өмірі және қызметі туралы тақырыптық әңгімелер, видеофильмдер, иллюстрациялық материалдар көрсету және ортаңғы топ балаларымен «Еліміздің тірегі – Елбасы» тақырыптарына ертеңгіліктер өткізу, ересек топ балаларымен «Президент кубогы» спорттық жарысын ұйымдастыру жоспарланыпты. Әр топта Президенттің өмірі жайлы ата – аналарға арналған көрнекі ақпараттар жинақталмақ.

«Бақыт» балабақшасының ұжымы шаралар арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының ата-анасын құрмет тұтқанын, ұлттық дәстүрде тәрбиеленіп, халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған, ұлтын жан тәнімен сүйген азамат екендігін балаларға ұғындыру мақсатын басты назарға қойған. Болашақта балабақша бүлдіршіндері Елбасын үлгі тұту арқылы халқының үміті мен сенімін ақтайтын қазақ елінің жанашыры болып тәрбиеленсе, біздің үміттің ақталғаны дейді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button