Жаңалықтар

Ернар Күлпейісов: “Дер кезінде қолға алынған маңызды шешім”

Кәсіпкерліктің қанатын кең сермеуіне бүгінде не кедергі? Өз ісін бастаған бизнесменнің кәсібін шыр айналдыруда кесірі тиетін шырғалаңдар бұл күні аз емес. Шағын және орта бизнеске бет бұрған бұқара неден қауіптенеді? Әкімшілік кедергілер кемігенімен, қысымдардың қатары азаймай тұрған секілді. Оған қоса, қылмыстық қудалау тағы бар. Сол себепті Елбасы жаңа Жолдауында кәсіпкерлерді заңсыз әкімшілік қысымнан және заңсыз қудалау қаупінен қорғауды арттыруды міндеттеді. Яғни, кәсіпкерлердің ісіне зияны тиетін салдарлар бар болғаны. Ендеше, экономикада өз орнын кәсіпкерлік нықтап алуы үшін ол салдарларды жою аса қажет. Осы орайда, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар КҮЛПЕЙІСОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек» деді. Елбасы нақты тапсырма берді. Енді оның орындалары және даусыз. Олай болса, кәсіпкерлердің кең тыныстар күні алда деуге бола ма?

– Елбасының Жолдауы көңілімізді бір марқайтып тастады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған Жолдаудың мазмұны елге, халыққа деген шынайы қамқорлықтың айнымас дәлелі болып табылады. Мемлекет басшысы Жолдауда бизнес ахуалды, әсіресе, оны өңірлік деңгейде жақсартуға ерекше назар аударды. Бұл, сөзсіз, кәсіпкерлікті дамытуға демеу болады. Мысалы, бүгінде Өңірлік палатада бизнеспен жұмыс істеудің белгілі бір үлгісі бар. Кәсіпкерлік үшін оңтайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған – кеңес беру, оқыту, құқық қорғау, жобаларды және олардың соңғы нәтижеге дейін сүйемелдеу жұмыстары атқарылады. Бір сөзбен айтқанда, «Атамекен» Жолдауда айтылған бағыттырды жүзеге асыруды бастап кетті. Жолдау аясында айтылған тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерлікті дамыту және жер телімдерін бөлу ашықтығы үшін кедергісіз орта қалыптастыру.

Бес жылда біздің облыста мемлекеттік органдардың қудалау, шамадан тыс бюрократия және негізсіз талаптар сынды көптеген маңызды мәселелер шешімін тапты. Осы уақыт ішінде сарапшыларымыз облыстық кәсіпкерлерден келіп түскен 1200 өтінішті қарастырды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі жер қатынастары, салық және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне алаңдайды. Түскен шағымдардың 40%-дан астамы оң шешімін тапты. Өңірлік палата сарапшылары 5 жылда 4 млрд. теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғады.

Осы себептен, 2017 жыл ішінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 15 отырысы өткізіліп, онда кәсіпкерлер мен өкілетті орган қызметкерлерінің қатысуымен бизнес субъектілерінің заңды құқықтарының бұзылу фактілері көтерілді. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімінің жетекшілігімен Кәсіпкерлік мәселелері бойынша комиссия құрылып, 2017 жыл ішінде 25 мәселе қаралды, оның 18-і шешімін тапты, ал, 7 мәселе қаралуда.

Осы уақыт ішінде айыппұлдар жойылып, контрагенттердің шарттық міндеттемелері орындалды, мүліктер қайтарылып, тексерістер азайды. Нәтижесінде әрбір екінші кәсіпкер өз мәселесін «Атамекен» арқылы шешуде.

Биылғы Жолдауда бизнес ортаға түсетін әкімшілік қысымды азайтуға ерекше назар аударылғандығы біздің одан әрі қарқынды жұмысымызға жол ашары сөзсіз.

– Шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізу кәсіпкерліктің өркен жаюына ықпалын тигізеді деп нық сеніммен айта аласыз ба?

– Әрине. Кәсіпкерлерлік саласына қатысты, біз үшін көптен күткен жақсы жаңалық – 2019 жылдан бастап бизнес өкілдері үшін салық амнистиясының енгізілетіндігі. Яғни, енді кәсіпкер салықтан негізгі қаржысын төлесе, айыппұл мен өсімпұлын төлемейді. Бұл – кәсіпкерлер үшін таптырмас қолдау.

Негізгі салықты төлеген шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімақылары мен айыппұлдарын кешіру – Елбасының халыққа Жолдауында айтып, қызу талқыланып жатқан бастаманың бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салықтық заңбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершілікті қолдану шегін айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырды. Және де Үкіметке 3 жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін шаралар қабылдауды міндеттеді. Президент тапсырмасы – кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық. Олардың айтуынша, шара дер кезінде қолға алынған маңызды шешім. Оның мемлекет әл-ауқатын жақсартуға ықпалы күшті болмақ. Салық амнистиясы шағын және орта бизнеске істі жаңадан бастауға және кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын жақсартуына көмектеседі. Қарағанды облысында 80 мыңға жуық орта және шағын кәсіпкерлік нысан бар. Айта кетер жайт, елде мұндай шара алғаш рет 2001 жылы қолданылған еді. Екінші рет 2006 жылы, ал үшінші рет 2014 жылы жүргізілді. Елбасы олардың оң нәтиже бергенін айтты. Ресми дерекке сүйенсек, бірінші амнистия кезінде 480 миллион доллар, ал, екінші рет 472 миллион доллар заңдастырылды.

– Президент отандық тауарларды өндіруге де Жолдауда ерекше мән берді. Ішкі нарықты отандық тауарлар иемденбесе, экономикаға оңай соқпасы да анық. Жалпы, осы ішкі нарықтағы қарағандылық кәсіпкерлердің үлесі қандай?

– Біздің өңір өз-өзін қамтып отыр десек, артық айтпаспыз. Өзімізде тағам өнімдерін (ұн, май, сүт т.б.), құрылыс материалдары, киім-кешек шығарамыз. Өңірде жергілікті қамту үлесін арттыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша белсенді жұмыс атқарылып келеді.

Палатамен отандық тауар өндірушілерін қолдау бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Осы жұмыс аясында палатамен тығыз байланыста жұмыс жасайтын өңірдің 205 кәсіпорны кірген. Тізілімге машина құрастыру саласы, құрылыс материалдарының өндірісі, тамақ өнеркәсібі және тағы басқалары кірді. 2017 жылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдікпен бірлесіп, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері жөніндегі комиссия құрылған. Комиссия шеңберінде өңір бизнесінің дамуын сапалы жаңа деңгейге көтеруге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыс алгоритмі әзірленген. Сонымен қатар, Палата жеке бастамалар қамтылған жобалар пұлын әзірледі, оған 33 жоба еніп, бүгінде 11 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік бизнесті дамыту үшін жеті бастаманы әзірледі, олардың бірі – жер телімдері туралы және инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу ақпараттарының онлайн түрде қолжетімділігін қамтамасыз ету. Атқарылып жатқан жұмыс аясында әкімдік пен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сайттарында 394 жер учаскесі тізбесі мен энергия қуаттары қамтылған онлайн-карта (http://mapkaraganda.atameken.kz/) енгізілген.

– Сіздің ойыңызша, жаңа Жолдау несімен құнды?

– «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қабылданған 2010 жылдан бері біздің облысымызда жалпы құны 167, 8 млрд.теңгені құрайтын 1462 жоба мақұлданған. Бағдарлама қабылданған 8 жылдың ішінде 71 456 жұмыс орны сақталып, жаңадан 20 408 жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған аталмыш бағдарламаның 2025 жылға дейін ұзартылуының нәтижесінде республика көлемінде тағы да қосымша 22 мың жұмыс орны ашылатындығын айтты. Бағдарламаның кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, халықты жұмыспен қамтуда да маңызы ерекше. Жолдау бізге осынысымен де құнды.

Бүгінде мемлекет тарапынан жеке кәсібін ашуға ниетті жандар үшін көптеген мүмкіндік қарастырылғаны қуантады. Жаңа Жолдау осының тағы бір дәлелі және бизнесті дамытуға жаңа серпін береді, Елбасының кәсіпкерлер үшін шығынды азайту тапсырмасы мен бизнесті қайта реттеу өз тиімділігін көрсетіп, кәсіпкерлер үшін жаңаша әлеуетті ашатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Салтанат Ильяш

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button