Бас тақырыпҚарқаралы

Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі

Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен заманда елінің амандығы мен жерінің бүтіндігін қызғыштай қорыған қазақ қаһарманы – Нұркен Әбдіров. Ел тағдырын өз тағдырынан биік қоя білген, ел тұғырын берік ету жолында, ерлікпен қаза тапқан һас батырдың туғанына 100 жыл толған мерейтойын жерлестері сән-салтанатымен атап өтті. Ерлігі елге – мұра, ұрпаққа – ұран болған батырдың мерейтойы Нұркен ауылында тойланды.


Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына қазақтың қайсар ұлдары өлшеусіз үлес қосты. Қасиетті Қарқаралы өңірінен түлеп ұшқан жас қыран неміс-фашист басқыншыларының төбесінде жасын болып ойнап, жеңіс күнін жақындату үшін жанын аямады. Кескілескен ұрыстың нағыз шешуші сәтінде оқ тиіп, отқа оранған самолетін жау шебіне түсіріп, ерлігі өлмес аңызға айналды. Осындай арда азаматымен еңселі болған батыр ауылының азаматтары тойға деген дайындықты ертерек бастап кеткен. Ауданнан бөлінген қыруар қаражатпен қатар арнайы қор ашылып, аудан тұрғындары қолдау білдірді. Дайындық нәтижелі жұмысты көрсетті. Ауыл іші біршама қалыпқа келді. Мерейтойлық шара күні тойға келген қонақтар бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Нақтырақ айтқанда, балалар ойын алаңы және шағын спорттық алаң мен ауыл арасын жалғап тұратын ескі көпір жаңартылып, пайдалануға берілді.
Осындай игілікті шара салтанатты митингімен жалғасты. Алдымен Халық Қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бастаған құрметті қонақтар Нұркен Батырдың ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімі Халел Мақсұтов салтанатты шараға келген қонақтармен таныстырып, батыр бабаларының ерлігін жадында ұстасын, елінің, жерінің қадірін ұқсын, өскелең ұрпақ Отанының патриоты болсын деген ізгі тілекпен ерлік қашанда елге аманат екендігін жеткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған мерейтойға облыс әкімі Ерлан Қошановтың зор қолдау көрсеткенін де айтты. Мерейтойға арнайы келіп, облыс әкімінің құттықтау лебізін жеткізген орынбасары Серік Шайдаров «Ерлік тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Дәл осындай ерлік танытқан Нұркен Әбдіров небары 23 жасында жарқын болашақ үшін, Отан үшін қаза тапты.
Нұркен батырдың рухына тағзым ету, оның есімін ұлықтау – әрқайсымыздың азамат ретіндегі басты парызымыз, біздің міндетіміз. Батырдың өмірі, оның ерлігі – туған жерге, туған елге деген адалдықтың, жауапкершіліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің символы» – дей келе, батырдың мерейтойына облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларды тізбектеп, ерлікке тағзым етіп отырған жерлестерінің ісін елдікке балады.
«Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында прокуратура органдарынан 21 қызметкер майданға аттанды. Олардың ішінде Қарағанды қаласы, Сталин ауданы прокуратурасының тергеушісі Нұркен Әбдіров те болды. 23 жасар жас ұшқыш 16 рет жауынгерлік ұшу жасап үлгерді. Бұл орасан көп деп ойлаймын. Өйткені, ол біздің бейбітшілікте, бақытты өмір сүру үшін жанын қиды. Туған елі үшін жан қию деген ол – батырлықтың ең жоғары деңгейі. Сондықтан да қарағандылық Нұркеннің есімі тек Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерге әйгілі», – деді Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев.
Ел басына қайғы бұлты үйірілген шақта қолына қару алып, өлмес ерлігімен ел есінде қалған батырдың рухына тағзым етуші құрметті қонақтардың қатарындағы әуе қорғаныс күштері Бас қолбасшысының орынбасары Евгений Подгайско, батырдың інісі Әукен Әбдіров те құттықтау лебіздерін жеткізді.
– Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген шақта, Отаны үшін от кешкен ардақты Нұркен батырдың көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы елінің жадынан өшпейді. Бүгінгі халық болып өткізіп отырған той – соның дәлелі. Ерлікке осылайша мәңгі тағзым ету арқылы есіл ерлеріміздің есімін мәңгі есте қалдырамыз. Қан мен терін төгіп, бейбітшіліктің туын тіккен Нұркендей батыр ағаның рухын асқақтатып, ерлігі мен өршілдігін мәңгілік мақтаныш етіп отырған қасиетті мекеннің жұртшылығына алғысымды білдіремін. Ерінің ерлігін өлтірмей, қауым болып, салтанатты түрде зор ұйымшылдықпен атап өтіп отырған халыққа ризашылығым зор. Батыр – халықтың адамы.
Ол халқының тыныштығы үшін күресті, ұрпағының алаңсыз өмірі үшін басын бәйгеге тікті. Олай болса, Нұркеннің ерлігі – исі қазаққа ортақ. Нұркен батыр – бар қазақтың мақтанышы, – деп атап өтті батырдың бөлесі Сағадат Дүйсебеков.
Тәуелсіз елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың салтанат құруына жанқияр ерлікпен үлес қосқан батырдың мерейтойын зор құрметпен атап өткен аудан жұртшылығы еңселі елдіктің рухын өрлетті. Тарих бетінде алтын әріппен жазылған Нұркен батырдың ерлігін бағалаған елі уақыт өткенімен оның қаһармандығы мәңгілік екендігін дәлелдеді. Батырдың ерлігін өшірмей, алдыңғы толқын ағасының ержүректігі үнемі жігерлендіріп отыратынын жеткізген Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров: «Нұркен өмірден өткенімен, ол кісінің рухы әрқашан бізбен бірге. Қашанда бізді қолдап жатады. Бұл кісі – қасиетті адам. Өзінің қыршын жанын қиып, біздің тыныш өміріміз үшін, еңселі егеменді ел болуымыз үшін, халқы тәуелсіз болуы үшін перзенттік парызын абыроймен орындады. Нұркендей азаматтар бар, әлі де болады. Мен Нұркенді мыңдаған балалардай жақсы көрдім. Ерлігіне бас идім. Мен де сол кісідей болғым келді. Ізін басқым келді. Ол кісінің аруағы мені қолдады. Мені ұшқыш қылды. Ер ерлігін есте сақтап, батырдың мерейін үстем етіп отырған айтулы шараны ұйымдастырып отырған облыс әкімі Ерлан Жақанұлына алғысымды білдіремін», – дей келе, батыр ерлігін қастер тұтқан жерлестеріне, аудан басшыларына ризашылығын жеткізді.
Батыр тойының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып жүрген ауыл ақсақалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Көпжасаров тойды ұйымдастыруға сүбелі үлестерін қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, салтанатты митингіде жиналған жұрт Нұркен Әбдіров атындағы авиаполк ұшқыштарының әуеге көтеріліп, мерекелік самғау жасаған көріністерін тамашалады. Аталмыш полктің жеке құрамы сап түзеп, батырдың рухына құрмет көрсетті.
Салтанатты шара киіз үйлер тігілген той алаңында жалғасты. «Көк аспанда қалықтаған Сарыарқа сұңқары» атты сазды бағдарламаның шымылдығы А.Шанин атындағы халық театры сахналаған «Қыран қазақ» театрландырылған қойылымымен ашылды. Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлының сөзіне жазылған Есжан Әміровтің «Нұркеннің қырандары» атты әнін Саят Әбдіғали орындап, тұсауы кесілді. «Орталық Қазақстан» газетінің қызметкері Ерғазы Төлеудің құрастыруымен шыққан «Қыран қазақ» кітабы дәл осы күні оқырмандарына жол тартты. Ауданның көркемөнерпаздар ұжымы мәдени-сазды бағдарламасы көрермен қауымның көңілінен шықты.
Елі қаһарман жауынгердің ерлігін жырға қосты. Патриоттық әндер шырқалды. Батыр рухы бір кездері өзі асыр салып ойнаған Жарлы бойында жаңғырды.
Мерекелік шара спорттық сайыстарға ұласты. Боз кілемде балуандар бақ сынады. Белдесуде Ерғанат Молдағұлов (Бұқар жырау) ІІІ орынды, Асыл Бәрменов (Жаңаарқа) ІІ орынды, Ерсін Мұхамеджанов (Қарқаралы) жүлделі І орынды иеленді. Ауылдың 1987 жылы туған жастары ұйымдастырған кір тасын және қой көтеруде нағыз қара күштің иелері анықталды.
Ат жарысына еліміздің түкпіртүкпірінен қатысқан сәйгүліктердің арасынан қара үзіп шыққандары қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Топ бәйгеде Егіндібұлақтан келген Дулат Төлеубаевтың «Қарақаты» І орынды, Теміртаудан келген Айдын Әбдірахмановтың «Танк» атты жүйрігі ІІ орынды, Бүркіттіден келген Бақберген Жақыповтың «Хабары» ІІІ орынды, аламанда І орынды Алматыдан келген Қайрат Махановтың «Қоянқасқасы», ІІ орынды Шет ауданынан келген Талғат Әмірхановтың «Бесқасқасы», ІІІ орынды Қарағандыдан келген Дулат Байешовтың «Ақбақайы» иеленді.
Нұркеннің ерлігі – елді сүю, туған жерді сүю, оны қорғау үшін жан аямаудың жарқын белгісі, елі үшін мақтаныш. Оның кескінді мүсіні мен жауға шапқан қанатты тұлпарына қойылған ескерткіш өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатады. Батырдың ғасыр тойы исі қазақтың тойы, халқының мақтанышына айналды.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Суреттерді түсірген Борис КОПЫЛОВ, Тиышбек ХАМИТОВ.

Басқа материалдар

Back to top button