Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Ерлік рухы өшпейді

Майдангердің сүйегіне туған жердің топырағы 78 жылдан кейін бұйырды. Адамзат тарихындағы ең жан түршігерлік қанды қасап – Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ерлік пен батылдықтың, қаһармандық пен қайсарлықтың өшпес үлгісін көрсеткен ерлердің есімдері ұрпақ жадынан ешқашан өшпек емес. Қаншама қазақ жауынгері қан майданға аттанып, айбынды ата-бабаларымыздың ерлік даңқын асқақтатты. Міне, фашистік басқыншыларға қарсы Отан қорғап, кескілескен ұрыста опат болған жауынгердің бірі – Медет АМАНЖОЛОВ.

Бар-жоғы 24 жастағы қазақ баласы Шет ауданы, Жастерек ауылынан (қазіргі Тағылы ауылдық округі) майданға аттанып, Мәскеу қаласының Смоленск түбіндегі қанды шайқаста қаза тапқан.

Медет Аманжолов 1917 жылы (кей деректерде 1919 жылы) туған. 1941 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін қызыл әскер қатарына шақырылады. Көп ұзамай соғыс басталып, майданға аттанады. Майданнан жазған соңғы хаты елге 1942 жылы келген. «Смоленск түбінде ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз да сол жылы жеткен. Алайда қайда, қалай қайтыс болғандығы жайлы дерек айтылмаған.

Майдангердің сүйегі сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын өткізу кезінде кездейсоқ табылыпты. Табылған сүйектің мойын тұмарынан мәлімет қоса шығып, соның арқасында белгісіз жауынгердің есімі Медет Аманжолов екені анықталған. От пен оқтың ортасында ерен ерлік көрсеткен асыл ердің мүрдесін Отанына жеткізуге көршілес елдегі «Тризна» қоғамдық ұйымы мен Ресейдегі Қазақстан Елшілігі және Қорғаныс министрлігі мен «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігінің өкілдері барынша қолұшын созған. Ал, батырдың сүйегін Елордадан Ақадыр кентіне әкелуге Шет ауданы әкімдігі ресми хат жолдап, арнайы көлік жіберген. Сөйтіп, марқұмның мүрдесі мамыр айының жиырма төртінші жұлдызында туған жеріне әкелініп, ата-бабаларының қорымына қойылды.

Осыған байланысты Шет ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ақадыр кентінде майдангерді туған жеріне жерлеу рәсімі салтанатты түрде өтті. Қаралы митингіге аудан әкімі Мұхит Мұхтаров, Қарағанды облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник Мұхтар Қайшатаев және марқұмның туғантуыстары қатысты. Жиналған көпшілік сұрапыл соғыста жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, жауынгер құрметіне қарудан залп берілді. Ата-дәстүрімізге сай мешіт имамы аптал азаматтың рухына құран бағыштады. Шара шеңберінде жиналған қауым, кенттен қаһарманға бір көшенің аты берілсе деген ұсыныс тілегін білдірді.

– Адам айтып жеткізгісіз қайғы-қасіретке, жан түршігерлік зұлымдыққа толы Ұлы Отан соғысында қаншама боздақ туған еліне жете алмай, жат жұртта жер жастанды. Олардың қатарында ағадырлық жауынгер Медет Аманжолов та бар. Елі үшін жанын оққа байлаған майдангердің дерегі араға ұзақ жылдар салып табылып отыр. Енді міне, жерлесіміз Медет әкеміздің рухы туған топырағымен қауышты. Туған жердің бір сүйем жері үшін жанын қиған майдангерлер ерлігі мен өрлігі ұрпақ жадында мәңгілікке жаңғырмақ, – деді жиында сөз алған аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары М.Қайшатаев сөз сөйлеп, бұл игілікті істің өскелең ұрпаққа берер өнегесі мол екенін ерекше атап өтті.

Майдангердің ұрпағы Мұрат Аманжоловты сөзге тартқанымызда: «Міне, бүгін соғыс жылдарында майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен әкеміздің сүйегін туған топырағына тапсырып, атамыздың алдындағы ұрпақ міндетін орындадық. Ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әкеміз жайлы тың деректің табылғанына бір қуансақ, Отан үшін от кешкен әкеміздің сүйегі туған топырағына оралуы да біз үшін үлкен жұбаныш болды. Осындай игілікті іске ұйытқы болып, үлкен көмек-қолдау көрсеткен Ресейдің Смоленск аймағындағы «Тризна» қоғамдық ұйымына, Ресейдегі Қазақстан Елшілігіне, Қарағанды облысы, Шет ауданы әкімдігіне алғысымыз шексіз», – дейді ағынан жарыла.

Осылайша, талай жақсылар мен жайсаңдар шыққан Шет топырағы тағы бір батыр ұлын құшағына алды.

Думан ҚАБЫЛ,

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button