Ерлік майданы

Қазақстандық әскери-құрамалар Курск доғасындағы шайқастарда 1943 жылдың 5 шілдесінде Гитлер бастаған неміс-фашистік әскери басшылығы Орел-Курск-Белград маңында Кеңес әскерлерін қоршап алып, жоюды мақсат етіп қойды. Осы орайда неміс-фашист әскерлерін шабуылмен тоқтатып, тойтарыс беру үшін қажетті шаралар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, 50-60 шақырымдық 5-6 қатардан тұратын бекініс шептерін дайындауға кірісті. Соның ішінде жауынгерлер үшін ұзындығы жүздеген шақырым терең орлар (кісі бойы траншеялар), сонымен қатар зеңбіректерді, танкілер мен өз бетімен жүретін зеңбіректерді (САУ), самолеттен қорғайтын зениттік зеңбіректерді орналастыратын орындар қазылып, мыңдаған тонна топырақ сыртқа шығарылды. Кеңес армиясының жауынгерлерінің қажырлы, ауыр еңбектерінің арқасында 2 айдың ішінде (мамыр, маусым) 4500-5000 шақырымдық бекініс шептері дайын болды. Негізінен, дайындаған бекініс шептері танкімен күресу үшін және самолеттерден қорғану үшін жасалынды. Бұл бекіністер өзінің алдын ала ойластырылған тапқырлығымен, Кеңес әскерлерінің күштері мен қаруларының басымдығымен, әскери жасақтарды сан қабат эшелондық сапқа тұрғызумен және жоғары белсенділігімен ерекшеленді.

Курск шайқасының қарсаңында неміс-фашист әскерлерінде – 900 мың адам, 10 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 2700 танкі (көпшілігі «Тигр», «Пантера» сияқты жаңа танкілер) мен САУ, 2050 самолет болған. Ал, Кеңес әскерлерінде – 1,330 адам, 19 мың зеңбірек пен миномет, 3444 танк пен САУ, 2172 самолет болған.

1943 жылы 5 шілде неміс-фашист әскерлерінің шабуылға шығатын күні Кеңес армиясының зеңбіректері таңертең ерте алдын ала 1,5 сағат бойы дұшпанның шабуылға дайын әскери күштерін атқылады. Соның салдарынан шабуылшылар белгіленген уақыттан 2,5-3 сағат кешігіп шабуылға шықты.

Курск түбіндегі шайқаста қазақстандық әскери құрамалар таймас табандылық, қайтпас қаһармандық жасады. Қазақстандың 73-гвардиялық дивизиясының жауынгерлері Белгород маңындағы қорғаныс ұрыстарында ерекше ерлік көрсетті. Капитан А.Бельгин басқарған үшінші батальон бұрын-соңды болып көрмеген батырлық, табандылық көрсетті. Батальонның қорғаныс шебіне қарай жаудың 100 шақты танкісі мен көптеген жаяу әскерлері ұмтылды. Оқпен, метал мен жалындап күйіп тұрған траншеяларда қазақстандық жауынгерлер қаһармандықпен шайқасты. Фашист танкілермен шайқас бірнеше күндерге созылды. Бірақ, гвардияшылар өз шебінен бір қадам шегінбей, батольон жауынгерлері 28 батыр панфиловшылардың ерлігін қайталады. 7-ші армияның қолбасшысы, генерал М.Шумилов «Батальон жауынгерлерінің ерлігіне өте жоғары баға бере отырып, командир А.Бельгин және оның жауынгерлері өлімнен қорықпай, артқа шегінбей ерекше батырлықпен бәрі қаза тапты. «Біз оларды ұмытпай әр уақытта есімізде сақтаймыз» – деп жазды. Батальон жауынгерлерінің барлығы түгел ордендер мен медальдармен марапатталды. Ал, батальон командирі А. Бельгинге, рота командирі И. Ильясовқа, байланысшы С. Зоринге және қатардағы жауынгер Ж.Абдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 4136 гвардияшылар ордендер мен медальдармен наградталды. Дивизияның 27 жауынгері Кеңес Одағы Батыры атағын алды.

Осы дивизияның 2-батальонның қорғаныс шебіне 10 неміс танкілері бет алды. Жауынгерлер 4 танкін жойды. Танкілердің бірі жараланған 38 жауынгер жатқан жерге қарай бет алды. Батальонның парторгы – алматылық лейтенант В.Сушков, өзі қансырап жатса да, күшін жинап, келе жатқан танктің астына гранатамен жатып, өзі өлсе де, жараланғандарды аман алып қалды.

Дұшпанның негізгі күшін жойып, тоқтатып, әлсіреткеннен кейін жоғарғы бас қолбасшылығының Ставканың жауға қарсы шабуылға шығу жоспарын жүзеге асырды.

1943 жылы шілденің 12-сінде Қызыл армия шабуылға шықты. Тамыздың бесінде сұрапыл ауыр ұрыстардан кейін Кеңес әскерлері Орел мен Белгород қалаларын азат етті.

5 күннің ішінде дұшпан 7 мыңнан аса солдат пен офицерлерінен, 39 танкісінен айырылып, бірнеше шақырымға ғана жылжып, шабуылды тоқтатуға мәжбүр болды. Курск маңындағы шайқаста семейлік 8-ші атқыштар дивизиясы да ерлік үлгісін көрсетті. Осы дивизияның жүздеген жауынгерлері ордендермен, медальдармен марапатталса, ерекше көзге түскен 47 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Курск шайқасының бір ерекшелігі, осы шайқаста КСРО-ның әскери әуе күштері өздерінің әуедегі үстемдігін нығайтты. Осы нәтижеге қол жеткізуге қазақстандық ұшқыштар да лайықты үлес қосты. Солардың ішінде жойғыш алматылық Сергей Луганский мен штурмовик ақмолалық Талғат Бигельдинов ерлігімен ерекше көзге түсті. Ұшқыш С.Луганский 1943 жылы, капитан, эскадрилья командирі ретінде

Курск доғасында ондаған жау ұшақтарын жойды. Бір жолы, шайқас күндерінде ол «Мессер-шмидтердің» атысынан штурмовиктің экипажын құтқарды, оның командирі Т.Бигельдинов болып шықты. Шайқас күндерінде ұшқыш С. Луганский дұшпанның 18 ұшағын жойды. 1943 жылы 2 қыркүйекте оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ақмолалық ұшқыш-штурмовик Т.Бигельдинов Курск доғасындағы шайқаста барлаушы-ұшқыш ретінде өте жауапты тапсырмаларды айтарлықтай орындады. Ол шайқас кезінде 113 рет жауынгерлік тапсырмамен барлауға шығып, дұшпанның жердегі бекіністеріне, аэродромдарына, теміржол тораптары мен өткелдеріне шабуыл жасады. Берген тапсырмаларды ойдағыдай орындағаны үшін 1943 жылы 26 қазанда Т.Бигельдиновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осы жерде айта кету керек, соғыс аяқталғанға дейін ұшқыш Сергей Луганский мен ұшқыш-штурмовик Талғат Бигельдинов екеуі ерліктері үшін екінші рет Кеңес Одағының Батыры атақтарын алды.

Майданда да қостанайлық теміржолшылар бригадасының командирі Петр Бокарев пен бригада командирінің орынбасары ақмолалық Жапархан Асайынов болды. Курск шайқасының қарсаңында және шайқас кезінде бригада жауынгерлері мен офицерлері Курск торабы мен одан тарамдалатын жолдарға қызмет көрсетті. 1943 жылы 2 маусымда 900-ге жуық неміс ұшақтары 155 ұшағынан айрыла отырып, Курскінің аса маңызды нысандары мен жолдарын талқандады. Бейбіт уақыттың нормалары бойынша пойыздардың қозғалысын қалпына келтіру үшін бір айға жуық еңбек ету кажет еді. П.Бокаревтің жауынгерлері жергілікті тұрғындардың көмегімен әуе дабылы тоқтаған соң 12 сағаттан кейін бірінші пойызды жіберді, ол алғашқы кезектегі жұмыстарды 7 тәуліктің ішінде аяқтады.

Курскінің шығыс жағасында Тим өзенінен өтетін көпірді қалпына келтіру жұмысы нағыз ерлік болды. 1943 жылы мамыр, маусым айларында неміс авиациясы көпірді 4 рет қиратты, теміржолшы солдаттар мен офицерлер оны қалпына келтіріп отырды. Бірінші жолы 15 тәуліктің, екіншісінде – 8, үшіншісінде – 6, төртіншісінде 3 тәулік ішінде жөндеді. Көпірде бригаданың 12 адамы қаза тапты, жараланғандар да көп болды, ал жұмысты тікелей басқарған бригада командирі екі рет кантузия алып, Ж. Асаинов жараланды. Ерен еңбегі мен жеке ерлігі үшін 125 Кеңес Одағының теміржолшыларына 1943 жылы қараша айында Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Солардың қатарында осы жоғары атақты алған қазақстандықтар П. Бокарев пен Ж.Асаинов болды.

Қызыл Армия жауынгерлері 1943 жылы шілденің 12-сінде қарсы шабуылға шықты. Неміс-фашист әскерлері айтарлықтай қарсылық көрсетті. Тек, 1943 жылы 5 тамызда сұрапыл ауыр ұрыстардан кейін ғана, Кеңес әскерлері Орел-Белгород, 11 тамызда Курск, 23 тамызда Харьков қалаларын азат етті. Осы қалаларды азат етуде қазақстандық 27,72,73 гвардиялық атқыштар дивизиялары мен 8, 387 атқыштар дивизиялары белсене қатысты.

Жоғарыда аталған қалаларды азат еткен қаһарман жауынгерлердің құрметіне соғыс кезінде бұрын-соңды болмаған Мәскеу алғаш рет артиллериядан тамыздың 5,11,23 күндері 30 дүркіннен салют берді. Мәскеуде салюттердің берілуі Курск доғасындағы Қызыл Армиясының жеңісінің маңыздылығын дәлелдеді. Бұл жеңістерге қазақстандықтардың қосқан үлесі мол болатын.

Қызыл армия бөлімшелері өзінің қарсы шабуылын әрі қарай жалғастыра берді. Солардың қатарында қазақстандық әскери құрамалары: 27,72,73 гвардиялық, 8,387 атқыштар дивизиялары болды. Жоғарыда аталған дивизиялар Белград, Орел, Курск, Харьков қалаларын азат етуде өз үлестерін қосты.

Е. АДАМБЕКОВ,

«Болашақ» Академиясының профессоры.

Б.АДАМБЕК,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.