Бас тақырып

Ерлігі мен еңбегі ел есінде

Адамзат баласы жаратылған әлімсақтан күні бүгінге дейін жұмыр жерге қаншама қасірет төніп, қаншама көз жастар көлдей төгіліп, қаншама ана жесір, қаншама бала жетім қалды десейші?! Ұлы Отан соғысы деп аталған II дүниежүзілік қанды қырғынның аяқталғанына да биыл – 74 жыл. Өмір – өзен дегендей, сынаптай сырғып айлар мен жылдар өтіп жатыр. Жыл өткен сайын майдангерлердің қатары сиреп, ардагерлер саны азайып барады. Зұлмат соғыстан елге есен-сау оралып, қан майданнан қалжыраған қоғамды қалпына келтіру, зауыт-фабрикаларды көтеру, тың игеру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстарын жүргізуде соғыс ардагерлерінің еңбегі ерекше болғанын кейінгі ұрпақ жақсы білуге тиіс.

Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде жастық жігерімен халқы үшін аянбай тер төгіп, еңбек еткен, кеше ғана ортамыздан бақилыққа атанған Кәмали Жұматайұлы Дүйсембековтің есімі – Сарыарқаға мәшһүр. Егер көзі тірі болса, ағамыз биыл 95 жасқа толар еді-ау.

Кәмекеңнің соғыстағы көрсеткен ерліктері мен бейбіт өмірдегі ерен еңбектері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бұған дейін де талай тарлан қаламгер жазды. Әлі де жазы- ла бермек. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін тау тұлғалы Кәмекеңнің соғыста көрсеткен ерліктері мен жұмыс бабындағы маған таныс кейбір кезеңдерін айта кетсем артық болмас.

Әкеден ерте көз жазған Кәмекең 1938 жылы Қарағанды қаласындағы №1 кірпіш зауытында ат айдаушы болып еңбек жолын бастайды. Отбасы тіршілігінің ауыр салмағы Кәмекеңнің мойнына түседі. Тұрмыстың қиындықтары мен жоқшылығы Кәмекеңдей 14-15 жастағы балаларды ерте есейтті. Соғыс басталғанда іске татыр, әскер қатарына жарамды ер-азаматтарды түгелдей соғысқа алып кетеді. Аздаған сауаты бар Кәмекең 1941-1942 жылдары Ленин аудандық қаржы бөлімінде маман болып жұмыс атқарады. 1942 жылдың тамыз айында өрімдей жас он сегізге енді ғана толатын Кәмали Жұматайұлын Қызыл Армия қатарына шақырып, соғысқа аттандырады. Алғашқыда Вологдада құрылған III атқыштар дивизиясы құрамында болып, Мәскеу маңындағы Нокинский ауданында үш айға жуық уақыт әскери дайындықтан өтеді. Әрі қарай Кәмекеңді 4-Украина майданы, 13 корпусына қарасты 2-екпінді гвардиялық армияның III атқыштар дивизиясының 77 полкі құрамындағы ауыр танкілерге қарсы тұратын арнайы ротаға жібереді. Кәмекең танк атқыш номері бірінші жауынгер ретінде алғашқы ұрыстарға қатысады. Бұл жолғы ұрыс аса ауыр, сұрапыл жағдайда өтеді.

Аталған дивизия Тамбов, Пенза облыстары арқылы 1942 жылы қараша айында Сталинград түбінен бір-ақ шығады. Осы кезде Сталинград қоршауда, әрі қорғаныста тұрған. Соғыстың осы бір қаһарлы күндерінде бас қолбасшы Сталиннің «Ни шагу назад!» деген әйгілі бұйрығы қабылданған. Сталинград шайқасына қатысқан Совет Армиясы бөлімдерінің жағдайы өте қиын еді. Сол күндер туралы естелігінде Кәмекең былай дейді: «Жоғарыдағы ұяда бекініп алған жау минометтері, әуеден соққылаған жау ұшақтары, жаяу әскерін қаптата ерткен ауыр артиллериясы мен ауыр танктері шабуылға көтерілген біздің әскерге бас көтертіп, ес жиғызбады. Осындай кезде танк атқыш арнайы қарулармен жабдықталған, ауыр артиллериялар мен ауыр танктерді ататын біздің ротаның маңызы өте зор еді. Біздің атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің Сталинград қаласын жаудан азат етудегі көрсеткен ерлігі ұшан-теңіз еді».

Наградной лист

Дюсембеков Камали Джуматаевич командир отделения ПТР 72 Гвардейского стрелкого полка 24 Гвардейской стрелковой дивизии.

Предоставляется к награде – Орденом Отечественной войны II степени. 31 июня 1943 года в бою под селом Степеновки при отраже- нии контратаки танков противника огнем из орудия ПТР уничтожил танк противника и из винтовки истребил 8 солдат и офицеров противника.

14 января 1944 года в бою в районе с Б.Лепетихи умело командовал отделением при отражении контратаки противника лично сам из ружья ПТР уничтожил пулеметную точку противника и огнем из винтовки уничтожил 4 гитлеровца.

В период боевой учебы с 21 января 1944 года его отделение занимает первое место в подразделении по боевой и политической подготовке, хорошо знает материальную часть вверенного оружия и сбережения его.

Достойен представлению к правительственной награде орденом «Отечественной войны II степени».

Командир 72 гвардейского стр. полка: Гвардии майор Шепелов «23 март» 1944 год.

1944 жылдың басында құрамында III атқыштар дивизиясы бар 2-екпінді армияны Қырымды азат етуге жібереді. Армияның алдына қойылған тапсырма – Қырым түбегін жаудан толықтай азат ету. Жау мейлінше мықтап бекінген, Түрік орны (Турецкий вал) деген ат алған, ұзындығы 30-40 шақы- рым, ені мен тереңдігі 25 метрді құрайтын арнайы қазылған ор ілгері қозғалуға айтар- лықтай кедергі келтіреді. Евпатория, Сака, Симферополь, Бақша-Сарай, Севастополь тәрізді ірі қалаларды жау құрсауынан азат етуге ерекше үлес қосқан III атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері Кәмали Дүйсембековтің осы шайқастарда көрсеткен ерлігі ересен болды. Бұл әскери құрылымға кейіннен 24-гвардиялық атқыштар дивизиясы атағы беріледі. Әсіресе, 1944 жылдың наурыз айында майданның алғы шебінде жүруге арналған майор Пузанов басқарған екі үлкен штурмдық отряд құрылып, оның құрамына өз еркімен сұранып кірген Кәмекең ауыр шайқастарда талай фашисті құртып, көзге түседі. Сөзім дәлелді болу үшін Одақтың Қорғаныс министрлігінің орталық архивтегі құжаттарын дерек ретінде келтіре кетейін:

Ертеректе Сталинград шайқасы мен Ростов, Молочная өзені үшін болған ұрыстарда жеңіл жарақат алған Кәмали Жұматайұлы осы Қырымда, Пузанов отрядында жүрген кезінде оң жақ иығынан ауыр жарақаттанады. Бұл 1944 жылдың 6 мамыры болатын. Кәмекең дала госпиталіне түседі де, кейіннен Милитопель, Ростов, Мәскеу, Красноярск арқылы Иркутск қаласына жеткізіледі. Госпитальде 5-6 ай емделіп, 1944 жылдың қыркүйегінде туған елге оралады.

Соғыста осындай ерлік көрсеткен Кәмали Жұматайұлы облыстың Ворошилов, Жаңаарқа, Қарсақбай, Жезқазған ау- дандарында партия-совет қызметтерінде басшы болып, мол тәжірибе жинақтап, жігіттің қамал алатын шағы – 40 жаста, яғни, 1964 жылдың аяғында Шет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қыз- метіне кіріседі. Содан табан аудармай, ауданды 16 жыл басқарады.

Осы жылдары Кәмали аға аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек етті. Өткен ғасырдың 60 жылдарының ортасына қарай еліміздің эко- номикалық жағдайының көтеріле бастағаны байқалған. Осы кезеңде ауданның ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығы орын алған-ды. Әсіресе, жоғары білімді мамандар жетіспейтін. Өндіріске ауылдағы жоғары санаттағы кадрларды тарту сол заманның және аудан басшысы Кәмекеңнің де тікелей талабы еді.

Ұстазым, ақылшым Кәмекең маған еңбек жолымда көп қамқорлық көрсетті. Мені 5-6 жылдың ішінде қатардағы инженерден ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына дейін көтерді. Кәмекең кадр мәселесіне мейлінше тиянақты қарайтын.

Аупарткомның бюро мәжілісінде, пленумдарында талқыланатын мәселелерге әр кезде нақтылы қарап, дау-дамайсыз қажетті шешімдер қабылдайтын.

1965-1973 жылдары ауданда 12 шаруашылық болған. Олардың жартысы ірі қара, қалған жартысы қой түлігін өсіру- мен шұғылданған. Шет ауданы Жезқазған облысы бойынша алдыңғы қатарда болды. Кеңшар директорлары: Әлихан Шайкенов, Төкім Искаков, И.Морозов, Құндақбай Керимов, Зәкір Көкжалов, Аманқұл Абдрахманов, Мырасыл Смағұлов, Сәмен Шалабаев, Әбсадық Есмағанбетов, Байеділ Оспанов, Балтабай Қапасов, Садылхан Жұрымбаев сынды азаматтармен бірлесе отырып, Кәмекең мал басын көбейтуге, одан алынатын өнімнің көлемін арттыруға бағытталған нақтылы іс-шараларды кезең-кезеңімен тиянақты жүргізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге көп күш-қайратын жұмсады.

Кәмали Жұматайұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен күрделі мәселелерді терең ойластырып, алыстан болжайтын ар- тықшылығы 1973 жылы Жезқазған облы- сының жаңадан құрылуы кезінде толықтай көрініс берді.

Шет ауданының 6 қой шаруашылығы жаңадан құрылған Ақадыр ауданына берілді. Жаңаарқа ауданынан 5 ірі қара мал өсірумен шұғылданатын Көктіңкөлі, Өспен, Бұрма, Просторный, Красная поляна шаруашылықтары Шет ауданының құрамына кірді. Ауданда жаңадан Ақши, Дария, Батық кеңшарлары ашылып, аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берді.

Кәмекеңнің жаны жаңалыққа құмар еді. Кеңшарлардың өндіріске қажетті материалдық-техникалық базасын тұрақты түрде жаңартуға қолдауы мен көмегін аямайтын. Кәмекең ауданда еңбек еткен жылдары аудан кеңшарларының экономикалық деңгейінің дамуымен қатар, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы да көтерілді. Аудан орталығында, барлық кеңшарларда көптеген тұрғын үйлер, орта мектеп ғима- раттары, мәдениет ошақтары мен тұрмыстық қызмет көрсету орындары салынып, халықтың пайдалануына берілді.

Кәмекеңнің соғыстағы және бейбіт өмірдегі еңбегі мемлекет тарапынан әр кезде бағаланып, лайықты сый-құрмет көрсетілген. Кәмекең I, II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, II, III дәрежелі Даңқ орденінің иегері, «Сталинаградты қорғағаны үшін», «Біз жеңдік», «Перехов пен Севастополь штурмына қатысушы» медальдарымен марапатталған.

Бейбіт өмірде «Құрмет белгісі», Октябрь революциясы «Қызыл Ту» ордендерімен және «Еңбектегі ерлігі үшін», «Біз майданда еңбек істедік», сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің әр жылдардағы мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Кәмали Жұматайұлы 2004 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесі үшін Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алған. Ол сонымен қатар, Шет, Жаңаарқа аудандарының, Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының Құрметті азаматы.

Кәмекеңнің отбасына келсек, 1945 жылы жеңгеміз Марфуға Түсіпбекқызымен отбасын құрды. Өмірге он перзент әкелген алтын құрсақты ана 2009 жылы өмірден өткен. Балалары Раушан, Сайын, Жания, Бақыт, Ғалым (2004 жылы қайтыс болған,) Гүлжаһан, Гүлнар, Ләззат, Мейрам, Жәмила – барлығы да жоғары білімді, отбасылы, әртүрлі салада еңбек етеді.

Ұлы Отан соғысы хас батырының ерлігі мен еңбегін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында Шет ауданының әкімдігі мен мәслихаты ауданның іргелі округтерінің бірі – Нұраталды немесе Красная поляна елді мекендеріндегі орта мектептердің біреуін Кәмекеңнің есімімен атау туралы тиісті құзырлы органдарға ұсыныс енгізсе, батыр аға рухына деген үлкен құрмет болар еді деп ойлаймын.

Қадірлі Кәмекеңнің жатқан жері жарық, топырағы майда болсын! Иман байлығы мо- лынан бұйырып, қабірі нұрға бөленсін!

Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ,

Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі, ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button