Ерлан Қошанов Чех Республикасының Елшісімен кездесті

Қарағандыға Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гикл келді.  Ол тау-кен және сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесті.

— Мен Қарағанды облысы туралы мектеп қабырғасынан бері білемін. Мұнда алғаш рет жасөспірім кезімде болғанмын. Сіздердің өңірлеріңіз әрдайым ірі өнеркәсіп орталығы болғаны есімде. Бүгін менімен бірге мұнда чех компанияларының өкілдері келді. Олар түрлі салаларда, негізінен өнеркәсіпте, ынтымақтастықты жолға қоюды жоспарлап отыр, — деді Рудольф Гикл.
Чех кәсіпкерлері тау-кен жабдықтарын өндіру мен жеткізуге, ауыл шаруашылығы байланыстарын нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ Рудольф Гикл азаматтық авиацияда ынтымақтастықты жолға қоюды ұсынды. Атап айтқанда, Қарағанды облысына «Балапан» әуе мектебіне арналған ультра жеңіл ұшақтарды жеткізу мәселесін қарастыруды сұрады.  Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов алдағы уақытта айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уәде берді.
— Облыста Чехия серіктестерімен бірлескен 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Көтерме және бөлшек сауда, электрмен жабдықтау, қаржы және сақтандыру қызметі және т.б. сияқты салаларда біздің бүгінгі кездесуіміз экономиканың түрлі салаларындағы және гуманитарлық саладағы қарым-қатынастарымыздың одан әрі дамуына серпін берер еді. Біз тау-кен металлургия кешені, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жаңаша жобаларды ұсынуға, сондай-ақ сіздермен алдағы серіктестік қарым-қатынастарды талқылауға дайынбыз, — деп атап өтті облыс әкімі.
Қарағандыға елшімен бірге 10 чех компаниясының өкілдері келді. Бүгін олар жергілікті кәсіпкерлермен кездесуді жоспарлап отыр.
— Бізде ЕЭА-дағы өндіріс түрлерінің 90%-ы Чех өндірушілерінің қызығушылығын тудыра алады. Жыл сайын Чехиядан Қазақстанға 450 млн долларға құрал-жабдықтар жеткізіледі. Чех компанияларына өндірісті осында, жергілікті жерде ашуды ұсыну орынды деп ойлаймыз. Себебі біздің ірі кәсіпорындар Чех Республикасынан жабдықтарді ірі көлемде сатып алады, — деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.