Бас тақырыпСпорт

Еркебұлан Сейдахмет Еуропада өнер көрсетеді

Болгариялық “Левски” клубы Ресми сайтында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахметпен келісім-шартқа қол қойылғаны туралы жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.

“Левски” командасы үшін шабуылшы жыл соңына дейін жалға алу құқығымен ойнайды. Келіссөздер қысқы трансфердің соңғы күні аяқталып, 28 ақпанда жабылған. Қыста софиялық клубты “Ордабасының” бұрынғы бапкері Георги Дерменджиев басқарған еді. Еркебұлан Болгар клубының футболшысы ретінде алғашқы сұхбатын беріп те үлгерді. Бұл сұхбат желіде кең тарап, ел қуанышты хабармен қуана бөлісуде.

“Барлығы тамаша. Мен “Левскиде” құрамына өткеніме қуаныштымын. Бұл – Болгариядағы ең танымал клуб екенінен де хабарым бар. Негізінен шабуылшымын, бірақ, екі жақ қанатта  да, шабуылда да еркін ойнауға қабілетім жетеді. Жаттықтырушы қай жерде ойна десе, сонда ойнай беремін. «Балуанға оңы мен солы бір» деген сөз бар ғой қазақта. Тіпті қорғаушы позициясында ойнауға дайынмын. Біз жаттықтырушымен кездестік. “Левски” командасының жанкүйерлерінің көп екенін және өте белсенді екенін білемін. Нанымды адал жеп, клубтың атақ-даңқын асқақтатуға бар күшімді саламын. Мен әр түрлі финттер жасап, әдемі голдарды көп соғып, жанкүйерлеріме қуаныш, ләззат сыйлағым келеді. Біздің командамыздың жалғыз мақсаты – чемпиондықты иемдену”, – деді Еркебұлан Сейдахмет.

19 жасар шабуылшы 2000 жылдың 4 ақпанында туған. Қазақстанның ең талантты, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ойыншыларының бірі. 2017 жылы ол “Тараз” командасы сапында ойнаса, кейін ресейлік премьер-лигадағы “Уфу”-ға ауысқан-ды.

23 турдан кейін “Левски” 48 ұпаймен чемпионатта екінші орында тұр. “Левски” чемпионаттың қайта басталуынан кейінгі бірінші матчта, 3 наурыз күні “Септемвримен”кездеседі. Қарсылас команда 21 ұпаймен 14 клубтан 11-ші орынға жайғасқан. Ойын Астана уақытымен 22.30-да басталады.

Болгарияның ең беделді, тарихы терең клубтарының бірінде өнер көрсететін жерлесімізге толағай табыс тілейміз. Қазақ футболының тасы өрге домалайтын күн алыс еместігіне сенеміз!

Басқа материалдар

Back to top button