Ерке Нұра жағасындағы елдік салтанаты

Кешкісін Мағаш аға телефон шалып: «Ұл, таңертең 7-ден кешікпей кел» дегенде, айтылған уақытта уәделі жерден табылатынымызға сенімді едік. Әйтсек те, 7-ге 15 минут қалғанда безілдей жөнелген телефон қоңырауынан оянарымды кім білген?! Бас редактор менің үйіме қарай беттегенін айтып, қысқа қайырды. Үй арасы жақын. Бір көшенің бойы. Демек, ұзаса бес минутта есік алдында тұруым керек. Келіншегім менімен жарыса тұрып, кешкілік ішкен көженің қалғанын ысытып үлгергенше жуынып-шайынып шықтым. Көже де әзір екен. Қотара салып, апыл-ғұпыл есікке ұмтылдым. Шамалағанымдай, ақ «Camry» кіреберісте көлденең тұр екен. Артқы есіктің тұтқасына жармастым. «Түс болды ғой, ұлым-ау» деді редакторым гүр етіп. Сол сәтте кешкі тоғызда келіп, түн ортасы ауғанша құлақ құрышымды «қандырған» кластасымды бір сыбап алдым. «Ертерек жату керек еді». Күлімсірей ысырылып орын берген Ерғазы ағам да осында екен. «Тіпті, ыңғайсыз болды-ау». Кластасымның жеті атасын және бір мәрте түгендеп жатқанда ақ тұлпар ытқи жөнелген-ді.

«БҰЛ САПАР БҰРЫНҒЫ САПАРДАН ӨЗГЕРЕК»

Әлі ұйқысынан ояна қоймаған таңғы қаланы көктей өтіп, жырау даңғылымен жүріп келеміз. Көлік – аз, бағдаршам – жасыл. Әп-сәтте Астанаға апаратын күрежолға түсіп үлгердік. Иә, біз Нұраға барамыз. Бүгін күн сенбі болатын. Нұра жұртын тоқсан жылдық торқалы тойымен құттықтауға аттандық…

Бұл – Нұраға алғашқы сапарым емес. Осыдан екі жыл бұрын редакторымның тапсырмасымен, аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың шақыртуымен табанымыз тиген-ді. Ниқаңның аудан басшылығына жаңа тағайындалған кезі. Тапсырма сол – Ақмола мен Қарағанды облыстары арасында талай жыл көкпарға түсіп, кейін Нұраға қосылып тынған бұрынғы Теңіз ауданындағы ауылдардың әлеуметтік ахуалын хатқа түсіру. Хатқа түсіре отырып, облыстағы басшылардың назарына жеткізу. «Атың барда жер таны, желіп жүріп» деген қазақ. Мен де құлшына кіріскенмін…

Үш күн Теңіз өңіріндегі алты ауылды аралап жүріп, ел азаматтарымен танысып, жаңа жолдастарды таптық. Сөйтіп, газет бетінде «Теңіз өңірі: айналып өткен өркениет» тақырыбында етектей мақала жарияладық. Дені – байырғы халық – қазақтар тұратын алты ауылдағы ақсап тұрған әлеуметтік сала мақаламызға өзек болды.

Арада жыл өте ойда-жоқта кездесіп қалған теңіздіктермен шұрқыраса амандасып жүрдік. Біздің қаламымыздың қарауылына іліккен күрмеулі мәселелердің оң шешілгенін сонда естіп едік. Ал, бүгінгі сапарымыздың мақсаты бөлек. Елдің мұң-назын есепке алу үшін емес, бірлігі жарасқан жұрттың қуанышын бөлісуге жол тарттық.

ҚЫСҚАРҒАН ЖОЛ

Қаладан шыға бере Жезқазғандағы «Дидар» телеарнасының басшысы Базарбай ағам редакторыма қоңырау шалды. Нұраның тойына бармақ. Жерлестерінің қуанышына ортақтаспақ (былайғы жұрт «түп-тамыры жаңаарқалық» деп танитын Базкеңнің нұралықтармен жерлестігін реті келсе кейінірек баяндай жатармыз). Мағаш аға Нұра кентіне кіреберістегі трактордың жанында күтетінімізді айтып, тұтқаны қойды.

Ақ тұлпар жолдың апшысын қуырып келеді. Қос қатарлы даңғыл. Оң қапталымыздан қою қара түтіні бұлтқа асылған Теміртау зауытының мұржалары қарауытады. Қап-қара түтінді түсіріп алып, әлеуметтік желіге салмақ болып едім. Жиі-жиі шоқаңдаған көлік жүрісі мүмкіндік бермеді. Камерасы әлсіздеу телефоныммен түсірген суреттерім көмескі болып шыға берді. Орысша «смазанный». Жібі түзу фото түсіре алмаған іштегі біздің әңгімеміз де осы жолдың жайына ыңғайлана бастады.

Бұрын нұралықтар ішкі жолмен қатынайтын облыс орталығына. Кейінгі екі жылда Астанадан келетін күрежолмен жүргенді жөн көреді. Қарағандыдан шыққан жолаушы тақтайдай тегіс жолмен Осакаровкаға дейін барады да, солға бұрылады. Екі араға кететін уақыт қысқарған. Бұл да болса Елбасы тапсырмасымен басталған «Нұрлы жол» бағдарламасының жақын маңдағы елге тиіп тұрған шарапаты деп білдік. Дегенмен, «әттеген-ай» дегізер тұстар да бар сияқты…

Екі апта бұрын Қарағандыға сапарлап келген Елбасы Теміртауға да барған еді. Арада апта өте Астанадан шыққан комиссия Қарағанды-Теміртау аралығындағы жолдың бойында баспасөз мәслихатын өткізді.

Жауапты мердігердің айтқаны, жол бетінде табан астынан пайда болған жарықтың себебін анықтауға шындап кіріскен. «Ежелден беделімізді кір шалмаған» деген мердігер бұл кінәратқа таңданысын жасырмады. «Біз бар шаруаны бекітілген технологияға сәйкес жасадық». Әйтсе де, аң-таң кейіп көрсеткен кәсіпорын өкілі ақау жерлерді ретке келтіретініне уәде берген-ді. Өйткені, бұдан бұрын Алматы-Қапшағай, Астана-Павлодар, Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік дәліздерінің құрылысына қатысқан компания репутациясын кіршіксіз қалпында сақтап қалғысы келеді.

«Бұл шаруаны қыс түскенше шешкені дұрыс болар еді» деген ой қылаң берді сонда. Арқаның күзі жауынсыз өтпейді. Қыс та жерге түскен ылғалдың кебуін күтіп тұрмайды. Бетонның жарығына кірген су қыстың әмірімен мұзға айналады. Ал, мұз қарап жатпайтыны белгілі. «Қуырдақтың көкесін» сонда көрерсіз. Жол тырс-тырс шытынап, жаз бойғы еңбек, мемлекеттің, айналып келгенде, халықтың қыруар қаржысы желге ұшады. «Физикадан қара жаяу біз білген бұл проблемаға кәсіптің түбін індете меңгерген мамандар жетік болар» деген ой қауашағымыздан орын тепкен соң ғана көңіліміз сәл тынышталды.

БІТІК ЕГІН – АСТАТӨК ЫРЗЫҚ

 Осакаров – Асақарлының тұсындағы айналма көпірден түскенде асты бетондалған жолдың гуілінен құлағымыз құтылды. Айтпақшы, тас жолдың бірнеше жерінде «Киевка бәлен шақырым» деген тақтайшалардың тұрғанын көрдік. Аудан орталығы Нұра атанғалы біраз уақыт өтті. Жол бойын күтетін кәсіпорын бұл шаруаны енді қолға алып жатқан болса, кешіріммен қарайық. Әйтпесе, ренжуге болар еді…

… Нұраға апарар бұрылысқа тоқтағанымызда Базкең енді Теміртаудан асқанын айтты. Келісілген нүкте – «көк трактордың» жанында күтетінімізді және бір мәрте хабарладық та жолға шығып кеттік.

Астанаға апарар даңғылдай емес, кәдімгі асфальт. Жол бойы сабағы иілген алтын масақ. Бітік. Қарап отырып, көз сүйсінеді. Тіпті, ақ тұлпардың тізгінінде келе жатқан Орал ағаға да осы жерде тіл бітті. «Шіркін, комбайнмен бір шетінен түсіп берсең, бір айналмай бункерің де толып қалады ғой. Өзің де қиналмайсың, комбайның да ширақ қозғалады мұндай далада». Сөйтсек, Орекең Бұқар жырау ауданында талай жыл комбайншы болып тер төккен. Орақтың қыр-сырын бір адамдай білетін болып шықты. Биік, бітік астық шалғыға жақсы ілігеді, тасқа соқпайсыз. Бір жылдамдықты қосып алып, айнала береді екенсіз.

Несін айтасыз, нұралық диқандар биыл астыққа қарық болатын сыңайы бар. Ауа райы жылы қабақ танытса болғаны. Бұл ел егін өсіруді шебер меңгерген.

«НҰРАЛЫҚ» БАЗАРБАЙ АҒА ЖӘНЕ КӨК ТРАКТОР

Той рухы салтанат құрған Нұраға араға бір сағат сала жеттік. «Бізді күткен» көк трактордың тұсында тұрмыз. Базкең – артта. Кеше ғана осы трактордың суретіне зәру болып едік. Тойға арнап айқарма жасаймыз дегенде бір беттің жүгі маған артылған еді. Нұраның арғы-бергі тарихына қанығып, мақала жазған соң беттің ажарын ашатын сурет іздедім. Сол кезде Нұраның қақпасында тұрған трактордың суретін аудандық газеттің редакторы Тазагүл Пішенбаевадан аттай қалап, сұратып алып едім. Міне, сол трактор.

Адам бойынан сәл ғана асар биік. Тұмсығында – «СТЗ» деген таңба бар. «Сталинград трактор зауытынан шыққан» деп ой түйдік. Ал, тұмсығының оң жақ бүйірінде «ДТ-54» деген жазу көрінеді. Яғни, Сталинградта 19491963 жылдары құрастырылған серияның өкілі. (1950 жылы бұл тракторды құраған инженер Сидельниковтың жұмыс тобы ІІ дәрежелі Сталин сыйлығын – 100 мың рубль алған). 1954 жылы Хрущевтің тапсырмасымен басталған тың игеру науқанын басынан өткерген көнекөз жәдігер. Бұл жерге қашан орналасқанын Базкең әңгімесінен кейін шамаладым..

Мен трактордың оңды-солды суретке басып болғанда Базкең мінген көлік те жетті. Көптен көрмеген әріптестер айқара құшақтасып амандастық. Есен-саулықтың соңы емен-жарқын әңгімеге ұласты. Нұраның тарихына ойысты. «Кезінде Теңіз, Нұра аудандарын талай мәрте сапарлата шиырлағанмын» деген Мағаш ағам қазір бір ауданға айналған өңірдің шежіресіне соқпақ салды. Қуақы тілді Базкең де қалыса ма, «Сіз кузовтың үстінде жүріп, шиырласаңыз, біз тумай тұрып кузовтың үстінде келіп алғанбыз» десін. Базкеңнің көп біле бермейтін құпиясы мен үшін осы жерде ашылды…

Базкеңнің әкесі Әлеухан марқұм Жаңаарқадан Нұраға қоныс аударуы «тиіс болады». Басшылық Әлекеңнің «келіншегімнің айы-күні толып отыр, қоя тұрайын» деген уәжіне құлақ аса қоймайды. Сөйтіп, бір күнде Нұраға көшіп келеді. Ал, жарты айдан кейін Базкең дүние есігін ашады. Әйтсе де, өз елін қимай кеткен әке ебін тауып «нәрестенің туған жері – Жаңаарқа» деп көрсетіп жібереді. Кейін қалам ұстап, ақын атанған Базкеңнің Нұраға арнап жиырма өлең жазуының кілті осында (бұл өлеңдердің бірнешеуі біз кейінірек қатысатын салтанатты жиында оқылып, ән болып шырқалды).

Қасымызда дөп басып, тәмсіл тартар тарихшы жоқ, трактордың орнатылған мерзімін де осы Базкеңнің сөзімен болжадым. «Мен ол кезде сегіз жаста едім. Көше бойынан шөлмек жинап, оны жуып, сатушыға өткізіп келе жатқан бетім. Осы қырдан бір топ кісіні көрдім. Қаптаған техника. Келсем, жұрт қаумалап тракторды орналастырып жатыр екен». Базкеңнің келесі жылы алпыс жас мерейтойын тойлайтынын ескерсек, 1959 – Доңыз жылы дүниеге келген. 59-ға 8 қоссақ, 67. Демек, трактор 1967 жылы Нұраның қақпасынан құтты орнын тапқан.

Біздің есебіміз, әрине, қисық кетуі мүмкін. Ойлы оқырман сөге қоймас. Бірақ, жобасы осы мезгіл екені ақиқат. Тағы бір ақиқат – Одақтың ортақ қазанына құйылған миллиард пұтта Нұраның да үлесі қомақты. Трактор – сол күннен қалған берік жады.

НҰРАДА ЕКІ СТАДИОН БАР

Нұралықтар тойға тыңғылықты дайындалған екен. Қақпаның сол жағындағы стадион ішінде қаз қатар қырық шақты үй қанат жайған. Түгел – боз. Сахна тұрғызылып, балуандар белдесуіне жұмсақ кілем төселген.

Алаңның ортасындағы шатырларда түрлі ұлттық өнімдердің саудасы қызуда. Бұл шатырларды «Desht-i-art-Astana» Астана шеберлер альянсы ұйымдастырыпты. Барлығы сегіз шатыр. Тұмардан бастап, қалқанға дейінгі бұйымдарды сөрелерден таңдап жүріп сатып алуға болады. Ал, алаңның шетінде қазақы дәмнің түр-түрі жұртқа ұсынылуда. Аламан бәйге, қазақ күресіне тігілген автөліктер де көздің жауын алады. Әуелеген ән. Қоңсы Осакаров ауданының өнерпаздары күймесін сүйрете келіп, алаң төрінен орын алған. Әннен шашу шашуда. Осакаровтықтардың тағы бір ісіне «бәрекелді!» дестік. Нұралықтардың шашбауын көтеріп, төрт үй тігіпті. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген тілеуқор пейілін таныдық іргелес іргелі аудан халқының…

Той алаңын аралап, тамашалауға кіріскен едік. Телефонымыз шыр ете қалды. Қарасақ, Тазагүл әріптесіміз. Салтанатты жиын басталғалы жатыр екен. Жаңа стадионда. Біздің кіріп алғанымыз ескі стадион болып шықты. Аядай ғана аудан орталығында екі стадион бар екенін біз білмейді екенбіз. Абырой болғанда үлгердік.

КЕНТТЕ КӨРЕР ДҮНИЕ КӨП

Салтанатты жиынға тоқталмас бұрын айта кетейін, той бағдарламасы Нұра кентіне жасалған экскурсиямен басталған-ды. Еліміздің әр бұрышынан келген қонақтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған «Білім аллеясына» бардық.

Жергілікті биліктің күш салуымен салынған аллея осындағы екі мектептің ортасында орналасқан. Бұрын бос тұрған 4318 шаршы метр аумақ бүгінде кенттегі мыңнан астам оқушы үшін ерекше орындардың біріне айналған. Сәкілер қойылып, жарықтандырылған аллеяда ел тарихындағы маңызды оқиғалар бедерленген.

Бұдан кейін аудандық музейде аудан тарихымен таныстық. Той қарсаңында «Сарыарқа» телеарнасының ұжымы түсірген деректі фильмді тамашаладық. Журналист Гүлбақша Ақажанова фильм барысында біраз тер төккені байқалады.

Кент басындағы сапарымыз Ұлы Отан соғысының ардагерлері «Даңқ» орденінің толық кавалері Мүтәш Сүлейменов, Кеңес Одағының Батырлары – Семен Лебедев пен Иван Колодийге арнайы қойылған ескерткішке тағзым етумен жалғасты. Әр нысанның басында экскурсоводтар тәптіштеп баяндама жасап тұрды.

«90 жылдыққа – 90 игі іс» жобасы шеңберінде «Білім аллеясынан» басқа Тікенекті ауылында Мәдениет үйі жөнделіп, субұрқақ салынды. Баршын ауылының жастары саябақ құрылысына ұйытқы болды. Ал, Жарасбай ауылында 40 млн. теңгеге көше жолдары жөндеуден өтті. Бұл шаруаның барлығы жергілікті кәсіпкер азаматтардың қолдауымен жүзеге асты.

Бұдан бір күн бұрын аудан мерейтойына арналған «Айналдым, Нұра, атыңнан» жинағының тұсауы кесілді. Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтің торқалы тойға тартуы оқырманның көңілінен шықты. Кітап авторы – белгілі журналист Айқын Несіпбай.

САЛТАНАТТЫ ЖИЫН – ТОЙ ТИЕГІ

Жиын шымылдығы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының «Жер-шежіре» шымылдығымен түрілді. Ауданның өткені мен бүгінін баяндаған көріністен кейін аудан әкімі Ниқанбай Омарханов сөз тиегін ағытты. Өңір басшысы ауданның арғы-бергі тарихына көз жүгіртті.

– Нұра жері бағзыдан сөз бастаған шешендер мен ел бастаған көсемдер мекені болған. Нұра жері елін қорғап, қолдарынан найзасы мен қылышы түспеген Тілен, Көбек, Нияз, Серкебай батырларымыздың, әділеттік пен имандылыққа жол салған Шоң, Көбетей, Итіке билеріміздің, ақын Жолдыкей Нұрмағамбетұлының жолын ұрпақ сабақтастығы ретінде жарасымды жалғастырған ел. Нұра топырағы – «Даңқ» орденінің толық иегері Мүтәш Сүлейменовтің, Кеңес Одағының Батырлары – Семен Лебедев пен Иван Колодийдің, Халық Қаһарманы Александр Христенконың, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Кузнецовтың, Социалистік Еңбек Ерлері – Нұркен Айтуғановтың, Дәулет Төлеубаевтың, Ибрагим Смағұловтың, Қасым Төкеновтің, Александр Боднардың, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амантай Балмағанбетовтің, ғалым Кәрім Мыңбаевтың, ақын Қайып Айнабековтің, жазушылар – Сайділ Тәлжанов пен Бүркіт Ысқақовтың және басқа да көптеген тарихи тұлғалардың туған жері. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – деп атап айтқандай, ата жұрт – атамекен – өте кең ұғым. Сондықтан, бізге елі мен жерінің бағына туған тұлғалар ерекше мәртебелі. Есімдерін мәңгіге қалдырып, тарихта алтын әріппен жазылған азаматтардың өшпес даңқы бейбіт күндерде нұралықтардың адал еңбегімен жалғасуда, – деді аудан әкімі. Әкімнің жылы лебізі Қарағанды облысының және Нұра ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлының сөзімен жалғасты.

– Тәуелсіздік таңы атқалы Нұра ауданы қарқынды дами түсті. Ауданның орталығын аралап, кент басында қолға алынған игі істерді көріп, қатты қуандым. Әлеуметтік сала жақсара түскен Бұл, әрине, егемендіктің арқасы. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, еңбегіміздің еселі игілігін көріп отырмыз. Астықты Нұраның келешегі кемел екендігіне көз жеткізіп отырмын. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді деген». Бірліктің арқасында біз аспайтан бел болмайды, – деді қайраткер.

Нығматулиннің құттықтауын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев оқып берді. Сондай-ақ, сахна төрінен оқылған Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің құттықтау лебізі жиналған жұрт қуанышын еселей түсті. Қоғам қайраткері, Нұра ауданының Құрметті азаматы Дауылбай Құсайынов та жүрекжарды тілегін ортаға салды. Құрметпен төрге шақырылған Нұра ауданының Құрметті азаматы Жарылғасын Бикенов ақсақал тойшыл қауымға ақ батасын берді.

Белгілі ғалым Қабылсаят Әбішев, экономика ғылымдарының докторы Әлкен Темірболатов сынды азаматтар той ортасынан табылды. Бірқатары мерейтойлық медальмен марапатталды.

Салтанатты жиын әсем әнмен әрленді. Дирижер Мереке Магавин бастаған Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, күміскөмей әншілер – Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Кенжеғали Мыржықбай, Серікбай Оспанов, Дәуренбек Әркенов, Сержан Мұсайын, Гүлмира Тапай және басқа өнер дүлдүлдері той көрігін қыздыра түсті.

ТОЙ СӘНІ – ҰЛТТЫҚ СПОРТ

Талдысай ауылы тіккен киіз үйден түстеніп алған соң балуандар белдесуі мен аламан бәйгені тамашалауға асықтық (кең жайылған дастарқаннан кейін ауданның мерейтойына арнайы шығарылған медальға ие болғанымызды айтпай-ақ қоялық). Дода десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар?! Жоғарыда айттық қой, күрес пен бәйгеге автокөлік тігілген деп. Міне, сол көліктердің бірі ең мықты балуанға табысталмақ…

Халықаралық «Әлем барысы», «Еуразия барысы», «Қазақстан барысы» турнирлері өз алдына. Биыл облыс көлемінде үш аудан мерейтойын атап өтті. Қарсақбай мысына да кеше 90 жыл толды. Бұқар жырау бабамыздың тойын абыроймен өткердік. Бұлардан тыс жер-жерде өтіп жатқан астар бар. Сол жиындарда бәске қойылған темір тұлпарларды есепке алмағанда, жүлде қоры жұпынылау көрінген астарда балуандар 1,5 млн. теңгені олжалап жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл, әрине, қазақ күресіне ерекше серпін беруде. Алдыңғы толқын ағаларының жетістіктерін көріп өскен жас ұрпақ күрес секцияларына көптеп жазылары сөзсіз.

Нұрадағы балуандар белдесуінде кертінділік Бекзат Ахметбеков автокөлікті тақымға басты. 75-90 келі салмақ дәрежесінде. Ал, 55 келіде тағы бір кертінділік жігіт Ердос Шалабаев мықты шықты. Аударыспақ бәсекесінде ағайынды Жанболат, Азамат, Ерқанат Тайжановтарға тең келер жан болмады.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда». Аламан бәйгеге отыз шақты ат қосылған екен. Берісі – Алматы, арысы – Атыраудан келген жүйріктер. Бағы жанып, алматылық «Берқара» атты тұлпар қара үзіп келді. Автокөлікке, тиісінше, ат қожайыны Ертілеу Сатыпалдиев иелік етті.

СЕНІМ

Эстрада жұлдыздары концертінің нүктесін қойған отшашу түн шымылдығын ысыра көкке ұмтылғанда біз мінген көлік Қарағандыға асықты. Күні бойы құярдай түнеріп тұрып, себелеп тізгін тартқан қорғасын бұлттардың астында зулап келеміз. Бізге жол сілтеп, екі жүз қадам қатар жүгірген үш-төрт киік те көзден тасаланған. Бұл – киікті көз жетер жерден екінші көруім. Алғаш сол Теңіз өңіріне барған сапарымда топ киік бел асып, жоғалған.

Сол кезде жанымдағы сапарлас көнекөз ертеде үйірімен егінге түсетін киік талай қан қақсатқанын айтып еді. Отармен бірге жайылатын түз еркесінің суретін жылдар өте «Қызыл кітаптан» тамашалайтынын білмепті. Миллиондап өретін ақбөкеннің тұқымын тұздай құрта жаздадық. Соңғы жылдары «мемлекеттің қырағы күзетінің арқасында көбейіп келеді» дейді. Көбейсе екен. Мүмкін, қару асынып, егінді киіктен қорғайтын күнге де жетерміз… Үміттенеміз, сенеміз…

Сенім…

Нұралықтардың да ертеңгі күнге сенімі мол екенін біз осы тойда аңғардық…

Суреттерді түсірген Олжас БЕКСҰЛТАНОВ.

Нұрқанат ҚАНАФИН,

«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.