Жаңалықтар

Еріктілер екпіні – қуатты

Жуырда Приозерск қаласының «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Еріктілер жылы: Біз біргеміз» атты жастар форумы өтті. Аталмыш шараға қала әкімі Қайрат ҚАМЗИН, жастар ұйымының мүшелері, шаһардағы белсенді жас буын өкілдері қатысты.

  • Жастар мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, өз замандастарының арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру тиіс. Елдік мұрат жолындағы елеулі істерді насихаттап отыру – басты қажеттілік. Биылғы жылы жастарға арналған бірқатар тартымды жобалар жоспарланған. Соның аясында жас буын барлық бағыттар бойынша өз мүмкіндіктерін айғақтап, жетістіктерге қол жеткізуі тиіс, – деді форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Қайрат Амангелдіұлы.

Форум барысында алты белсенді жас азаматқа қала әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі «Талап-2019» сыйақысы тарту етілді. Бұдан бөлек, жастар ұйымының мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды.

Алқалы жиын жиылған қауымды ұзынсонар баяндамамен жалықтырмай, жанды әңгіме тұрғысында өрбіді. Әр салада саңлақ атанған жастар өңір басшысына өздерінің жобаларын ұсынды. Іс-шараға қатысушылар әлеуметтік жобаларын таныстыру барысында жастарға тән өзекті мәселелерді қамтығаны аңғарылып тұрды.

Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы міндеттер хақында сөз өрбітті. Қалалық көңілді тапқырлар клубы ұйымдастырған ойынның жеңімпазы «Прио ЖасStar» командасына және облыстық «Жайдарман» фестивалінде ІІІ орын иеленген команда мүшелеріне мадақтама қағаздарымен марапаттады. «Қыран» еңбек жасағы мен «Жасыл Ел» жасағы құрамына Алғыс хат табыс етті.

Бұдан әрі Ұлан Алмас салтанатты түрде «Жыл еріктісі» туын қалалық «ASAR» еріктілер клубының жетекшісі Нұрасыл Арыстанбековке тапсырды. Жиын соңы қатысушылар мен қонақтарға арналған мерекелік концертке ұласты.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button