Спорт

Ерекше бала Мессимен кездесті

Осыған дейін Әли ТҰРҒАНБЕКОВ Андрей ШЕВЧЕНКОМЕН, сондай-ақ, Диего МАРАДОНА және Уругвай құрамасы мен ПСЖ клубының шабуылшысы Эдинсон КАВАНИМЕН кездескен-тін. Андрей ШЕВЧЕНКОМЕН кездесуінде журналистерге берген сұхбатында «Ендігі арманым – МЕССИМЕН кездесу» деген екен. Мінеки, Әлидің арманы орындалып, Барселонада Лионель МЕССИ және испандық футбол клубының басқа да жұлдыздарымен жүздесті. Төбесі көкке жеткен Әли МЕССИГЕ шоколад сыйлаған.

 

Сондай-ақ, «Барселона» футбол клубының қорғаушысы Жерар Пикемен футбол ойнап, басқа да футбол жұлдыздармен танысты. Клубтың «Камп Ноу» стадионындағы жаттығуына қатысып, өз кумирлерімен суретке түсіпті. Месси Әлиге қолтаңбасы қойылған жейдесін сыйлаған. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнетаспадан Мессидің Әлиді қатты құшақтап, толқып кеткенін де байқадық.

Әли дүниеге келгенде аяғы болмаған. Мүгедек жандар қатарындағы ол аяғы болмаса да, доп ойнауға өте ынтызар. Спорттың бұл түрімен байланысты бағдарламаларды үзбей қарайды екен. Жүзу спортына да қызығушылығы басым.

– Әли бала күнінен тынымсыз болды. Барлық жаңа дүниені ұстап көруге құмар еді. Кітап оқуға құмар. Футболды қатты жақсы көрді. Онымен бірге ойнағандар Әлидің шебер қақпашы екенін айтады. Әйгілі футболшы Диего Марадонамен кездескенін әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Футбол жұлдызы менің ұлымды өз перзентіндей құшақтап, бауырына басты. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмай, қуаныштан жыладық, – дейді ерекше баланың анасы журналистерге берген сұқбатында.

Әли бүгінде отбасымен Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Жасы 11-де. Ол Ник Вуйчичтің: «Егер өзіңізді осы қалпыңызда қабылдай алмасаңыз, онда басқаларды қабылдауыңыз тым қиындау болады», – деген ұстанымымен өмір сүреді.

Туабітті сирек кездесетін сырқатқа шалдықса да, өмірге құштар. Ел қатарлы мектепте білім алып, қосымша үйірмелерге барып, өзін дамытып жүр. Арманы – биік, мақсаты – айқын. Ол Ник Вуйчичпен 2015 жылы Андрей Малаховтың бағдарламасында кездескен.
-Месси мен Суарес келіп, қолымнан қысты. Іштей қатты толқыдым, әсіресе, Месси басымнан сипаған кезде. Ол маған бір сөз айтты. Жаратқанға алғысым шексіз! Жаратқанға сеніңіздер және одан сұраңыздар, барлығы соның қолында! Мен армандадым, ата-анам тырысты, ал Жаратушы барлығын жүзеге асырды, деп жазды Әли Instagramда.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button