Киелі жерлер

Ер Жәнібек ескерткіші

Ұлы Дала төсінде ел мен жердің азаттығы жолында ұрандатып өткен баһадүрлер баршылық. Солардың бірі – жоңғар шапқыншыларымен «жан алып, жан беріскен» қанды ұрыстарда қаһармандығымен танымал болған Ер Жәнібек Бердәулетұлы. Замандастары оны тек ерлік істері үшін ғана емес, аңғарымпаздығы, шешендік қабілеті және әділ билік айта білгені үшін де қатты қадір тұтқан. 1714 жыл жарық дүниенің есігін ашып, 1792 жылы бақиға өткен біртуар тұлғаның кесенесі мен ескерткіші Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындағы Ортабұлақ ауылында, Қалбатау тауының іргесінде орналасқан.

Ер Жәнібектің есімі мен өнегелі ісқимылдары өзімен тұстас ғұмыр кешкен Бұқар жыраудың жырларында жиі кездеседі. Ел сүйіспеншілігіне бөленген тұлға Қаз дауысты Қазыбек биге жиен болып келеді. Ерте есейген ұлан 13 жасында жоңғарларға қарсы жорыққа аттануға қамданған әскер қатарына қосылуға ниет білдіріп, Абылай ханның ақылшысына айналған Қазыбек биден рұқсат сұрайды. Әрине, оны баласынған нағашысы бұл тілегіне тосқауыл қояды. Билігі үстем нағашысына ренжіген бала Жәнібек сол жерге найзасын қадап, қалғып кетсе керек. Сол сәтте аруақты Қазыбектің көзіне ұйқыдағы баланың үстінен екі көкжалдың әрі-бері секіріп жүргені көрінеді. Жасөспірім жиенінің бойында Жаратушының ықыласымен қонған ерекше кие бар екенін аңғарған би оның сарбаздар сапына қосылуына рұқсат етіп, батасын беріпті.

Жиі өтіп жататын қан майдандарда қаһармандығы мен ұрыс жүргізудегі қарым-қабілеті қабысқан Жәнібектің аты көп ұзамай ел аузында аңызға айналады. Жасөспірім Жәнібек уақыт өте келе Ер Жәнібек атанады. Болмысы бөлек батырды Абылай хан да өзіне жақын тұтып, жауапты сындарға сала бастайды. Ол Қоңыр әулие үңгірі маңында жоңғарлармен болған шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсетеді.

Батырдың мүрдесі жер қойнына берілген орын 1963 жылы анықталған екен. 2014 жылы аруақты ердің туғанына 300 жыл толуына орай, оның құрметіне бітімі бөлек ескерткіш орнатылып, таныстырылымы салтанатты жағдай өткізілген. Сәулеті келіскен ескерткіш-кешен баһадүр тұлғаның желеп-жебеуші пірлері – қос көкжалды да қамтыған.

Ер Жәнібектің жоғарыда аталған мерейтойы халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, Түркия, Қытай және Моңғолиядан шақырылған мәртебелі меймандар қатысқан екен.

Батырдың басына арнайы келіп зиярат етушілер мен еңселі ескерткішіне тәнтілік танытып, гүл шоғын қоюшылар қатары жыл санап арта түсуде. Жергілікті тұрғындар бұл жерді әуел бастан киелі орын санайды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Back to top button