Ақтоғай

Ер – ерлігімен есте

Қоғамдық ой-сананың жаңғыруы, дәстүрлі өмірлік құндылықтардың оралуы соңғы жылдары қоғам мен қалың бұқараның отандық тарихқа, туған өңірінің тарихына, тарихи үдерістерді шынайы танып-білуіне септігін тигізетін архив құжаттарына айтарлықтай қызығушылық танытуына түрткі болды. Мәселен, құжаттық ақпаратқа жалпы қолжетімділік және оның ашықтығы, құжаттарды іздеу заңдылығы, алу және пайдалану сияқты бірізділіктер шынайы тарихи оқиғалар мен өткен жылдар естеліктеріне жан бітіретін мемлекеттік архивтердің құжат қоймасы ретіндегі маңызын арттырып отыр.

Құжаттар ең алдымен ғылым мүддесі үшін кәдеге жарау, мемлекетті экономикалық, саяси, мәдени, әлеуметтік тұрғыдан дамыту мақсатында сақталады. Бұрын белгісіз болып келген жаңа құжаттарды ғылыми айналымға қосу тарихи фактілерге жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік береді. Тарихи және мәдени негіздің кең ауқымда болуы азаматтық жауапкершілік сезімі мен отансүйгіштік құндылықтарға жетелері хақ. Тарихта тұнған руханияттың ұмытылуына жол бермей, қайта оның жаңғыруына күш жұмсаудың өскелең ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бауыржан Момышұлы «Құдай бар, архив бар» деп тегін айтпаған. Архивтің не екенін осы сөзден түсінуге болады. Алайда, архив керексіз қағаздар қоймасы, өлі дүние деп түсінетін адамдар армызда әлі де бар. Біздіңше ол қойма да, сандық та емес. Ол ғылымның барлық саласына қатысты құжаттардың көзі, халқымыздың өшпес мұрасы, еліміздің байлығы, асыл қазынасы. Міне, осы қазыналардың бірі – Ақтоғай ауданының мемлекеттік архиві.

Өткен ғасырдың сексен тоғызыншы жылы іргетасы қаланған аудан тарихының қара шаңырағы, архив қызметкерлерінің қара қосы уақыт мінберінде халыққа қызмет көрсетуде абыроймен жұмыс жасап келеді. Осы аудандық архивте Ақтоғай ауданының тарихи тұлғаларының өмірдеректерін, тарихи оқиғалар мен мәдени шараларды бейнетаспаға, фотоға түсіре отырып сақтау, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында бейне қор, фото қор, жеке тектік қор ашу дұрыс жолға қойылып, өз жалғасын тауып отыр. Жоғарыда аталған жеке тектік қор дерегінен интернационалист жауынгер марқұм Оразалин Серікбай Балқашбайұлы жайлы бүгінгі басылым бетіне жариялағанды жөн көрдік.

Ауғанстанға Кеңес Әскері 1979 жылы енгізілді. Ол әрекет – тоталитарлық режимнің әлемге коммунистік ықпал жасауға ұмтылған әрекетінен, социалистік және капиталистік жүйелер арасындағы қайшылықтан туындаған қате саясаттың жемісі еді.

Бұл саясатты Кеңес Әскерлерінің жауынгерлері ол кезде жете түсінбеді, Ауғанстанға қарсы соғысқа аттану Отан тапсырмасы деп ұқты. Осындай қате саясаттың құрбаны болғандардың бірі Оразалин Серікбай Балқашбайұлы. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында 1966 жылдың 11 тамызында туған ол малшы отбасында өсті. Әкесі Балқашбай – бақташы болған. Анасы Шәрбан Бекмағанбетова кезінде совхоздың ғана емес, аудандағы үздік сауыншылардың бірі болды. Малшы отбасында Серікбайға дарыған қасиеттің бірі – еңбекқорлық. 1983 жылы орта мектепті бітірген Серікбай көп ойланбастан ауылда еңбек етуді ұйғарып, трактор тізгінін ұстады. Жас механизатор, комсомол мүшесі туған ауылда бір жылдай тер төгіп, Кеңес әскері қатарына аттанды.

Серікбай Оразалин 18 қыркүйек, 1986 жылы кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау үстінде ерлікпен қаза тапты. Өзінің ақтық демі біткенше интернационалдық борышқа адалдығын көрсетіп кетті. СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1987 жылғы наурыз айындағы Жарлығы бойынша Ауғанстан Демократиялық Республикасына интернационалдық көмек көрсету жөніндегі тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін қаза тапқаннан кейін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

Серікбай Оразалин ата-бабаларының жауынгерлік дәстүрлеріне адалдығын көрсетті. Қызыларайлықтар жалынды революциенер жерлестері Угар Жәнібековті, Ұлы Отан соғысында Қызыларай баурайында туып-өскен, зұлым жауға қарсы ерлікпен шайқасқан ер азаматтарды еске алып, Серікбайды сол даңқты дәстүрге лайық болып өскен ауылдасымыз деп мақтан етеді.

Жауынгердің сырға берік ең жақын досы Қызыларай ауылының тумасы Қайрат Жақышев естелігінде былай дейді:

«1976 жылдан Сепамен екеуіміздің арамыз ажырамас дос болдық. 3 кластан басталған сол достығымызды ешкім үзе алмас та еді, егер ол тірі жүрсе. Менің анам Күнтәй Үйсінбаева Сепаның әкесі баққан малды ауылда сауыншы болатын. Содан да болар, Балқашбай аға мен Шәрбан апай мені өздерінің баласы секілді көретін. Тіпті, демалыс күндерінде де екеуміз жұп жазбастан үйімізге бірге барып, бірге қайтушы едік. Ақжарқын, ақкөңіл досымның тамаша қасиеттері мол еді. Арамызда болып өтетін таластарда да көңіліне кек сақтамайтын. Күлдіріп, әзіл-қалжың айтысып жүргенді ұнатушы еді әрдайым. Бірге оқыған достарымыз да оның сол мінезін жақсы көрді. Мамандық таңдау кешінде ол механизатор болатынын айтты. Білім берген ұстаздарымыз, біздер, Сепаның сол шын жүректен шыққан сырын құптағанбыз, ұялтпайтынына сендік.

Көп ұзамай Сепа фермада тракторге отырды. Ауыл адамдарының ақ ниетті лебізін де иеленді. Достыққа берік Сепа қол босаған сәтте маған келіп сырласып, әңгімелесуші еді. Әлі есімде, сәуір айында (1984 жылы) менің әскер қатарына аттанарымды естіп, салт атпен түнделетіп жетті…

Ертеңіне шығарып салып тұрып, көзіне жас алды да, сонысына өзі ептеп қысылды. Жан досым Сепа екеуіміздің сол соңғы кездесуіміз болатынын білмедім ғой. Әскер қатарында жүргенде Сепадан хат үзілмеді. Ауыл жаңалықтарын жазып тұратын. Күзде өзі де әскер қатарына шақырылғанын жазды. Азаматтық борышының алғашқы алты айын Ашхабадта үйрену-жаттығу кезінде, көп ұзамай Ауғанстанда өтеп жатқанын хабарлаған еді.

Ал кезекті бір хатында госпитальда жатқанын, үш саусағынан айырылғанын айтыпты. Бірақ, себебін ашып жазбапты. Сепаның, жан досымның сағынышқа толы соңғы хаты менің қолыма өзі қаза табарынан бір-ақ күн бұрын тиді, онда ауылға қайтар күн таяу қалғанын жазыпты…»

Серікбайдың бірге оқыған кластастары Перизат Ақылбекова, Үміткүл Әсекеева, Шолпан Әзімбекова оның ақкөңілділігін, туған-туыстарына деген адалдығын тебірене айтты. Кластастары оны еркелетіп «Сепа» деп атайды екен. Олардың айтуынша Серікбай жұмсақ, елгезек мінезімен достарының осындай сенімі мен құрметіне ие болған. Жауынгердің Ауғанстаннан жолдаған хаттарында да адамдарға деген іңкәр көңілі, азаматтық жанашыр да қамқор жүрегінің жылуы байқалады. Әсіресе, оның анасына жазған хаттарынан баланың ақ сүтін беріп, әлдилеп өсірген анаға, сәби кезінен шапанының етегіне жармасып өскен әжесіне деген махаббатын, сағынышын жазбай танисыз.

«Апамның (үлкен шешесін айтып отыр) қалы қалай? Мен барғанша күте беріңдер» деп жазады бір хатында. «Мен барғанша» дегені бәлкім баланың ана алдындағы парызын өтеуге асыққаны болар, бәлкім немере қызығын көрсетсем, жеңіспен аман оралсам деген арманы болар… Қалай дегенмен де бұдан от пен оқтың ортасында есейген азаматтың сәбилік пәк жүрегінің лүпілін танимыз. «Тәте, апа» деп басталатын тағы бір хатында «Қалым жақсы, денім сау, служба ойдағыдай жүріп жатыр, достарымның қалы жақсы, бәрі сәлем айтып жатыр» деп жазған. Ана мен әже, аға мен әпке оның интернационалдық борышын өтеп жүргенін, қауіп-қатері көп жерде екенін әрине біледі. Жауынгер ұл олардың көңілін алаңдатқысы, ананың ұйқысын төрт бөлгісі келмейді. Серікбайдың ауған дұшмандарымен айқас үстінде жазған хаттарынан интернационалдық борышын орындау үстінде шыңдалған жауынгердің бейнесін танимыз.

Бір өкініштісі, достарына, туған-туыс­тарына жазған хаттарының бірінде Серікбай өзінің госпитальда жатқанын ашып айтпаған, тек Қайратқа “үш саусағымнан айырылдым” деп қана жазады. Біздің егжей-тегжейлі білетініміз, Серікбайдың дұшмандармен ақтық айқастағы ерлігі ғана.

Қызыларай селолық Кеңесі атқару комитетінің шешімі бойынша Шотай қыстауы Серікбай Оразалин атындағы қыстау деп аталған. Серікбай Оразалин жасаған ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында аудан орталығы – Ақтоғай селолық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен селоның оңтүстік-шығысындағы көшеге Серікбай Оразалиннің есімі берілген. Қызыларай ауылының тұрғындары жыл сайын Серікбай Озалин атында тоспа доптан турнир өткізуді дәстүрге айналған. Осының бәрі ауылдастарының батыр жерлестеріне деген мәңгілік құрметінің белгісі болса керек.

Қалам қаңтарар тұста, батырдың анасы Шәрбан апайға Серікбай Оразалин сияқты азаматты тәрбиелегеніне шексіз алғысымызды білдіреміз.

 

Қанат ЖОЛДАСОВ,

Ақтоғай ауданының мемлекеттік

архивінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button