Жаңалықтар

Елжанды

1978 жылғы көктем. Жұлдызшылар атқан таңы мен батқан күнінің әр сәтінен жорамал жасап, қасат қарға құмалақ қойып, көктеменің жолын көктен болжайтын беймаза шақ. Анығында – мезгіл наурыз айының ортасынан ауған. Қар көбесі сөгілер емес. Жаңаарқаның ең шалғай қонысы «Ақтау» совхозының бас зоотехнигі Бейбіт Қасеновтен маза қашқан. Осы жылғы қыс өте қатты болды. Қар ерте бекіп, қарашаның соңында аяз күшіне мінді. Мал атаулы қолға ерте қарады. Қатты аязда бетондай нығыздалған қар тебіндегі жылқының тұяғын тұқыртып, шашасын қиып жіберген. «Кәрі құданың» қыстай көрсеткен бұл әбігері аздай – енді кеткісі жоқ. Жалпы, Ақтау тауларының ықтасын бетінің өзі борандатып, долы қатындай бұрқырап тұратыны бар. Қыс аяғы созылған сайын кешегі хан Кене бекініс салған Дараттың өзі дағдарып, Қосағалы қобалжи бастады. Айшырақ абыржып, Райс реңсіз күйге түскен. Күннің райы Қарабай сараңдығынан сарқыт алып қалғандай түнеріп тұр. Бұл қолайсыздық енді бір аптаға созылса, шаруашылықтың бірқатар қыстақтарында қылтанақ шөп қалмайды.
Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына жағдайды айтып, бұйымтай жасамаса болмас. Совхоз директорымен осындай мәмілеге келген бас зоотехник таң алдында жолға шыққан. Аудан орталығына қиналмай жетті де. Келген шаруасын ыңғайлап, тиісті мекемелердің босағасына аманат қалдырған орда бұзар отыздағы бас маман күн еңкейген шақта ауылды бетке алды. Сол күні желдің бағыты оңтүстікке ауысып, қалың қарды әжептәуір босаңсытып тастасын. Көптен күткен «Алтынкүрек» болса – игі. «ГАЗ-69» көлігінің тізгінін бекем ұстаған Бекеңнің көңілінде үміт оты жылт етті. Бірақ, жол ауырлап кеткенін сезген сәтте, әлгі сәулелі үміт әурелі күдікке жол берді. Діттеген жеріне дейінгі қашықтық – едәуір. Оның үстіне, дала жолымен шығып, жолай бірнеше қыстақтың жағдайын көре кетуі керек. Ал, жол ауырлаған сайын көлік жарықтық жанармай шығынын еселеп жіберетіні тағы бар. Қос қапталындағы жанармай багының екеуін де толтырып шыққан. Аудан орталығынан 25 шақырымдай шыққанда бір жақ бактың жанармайы түгесілді. Бұл Манақа өзенінің «Қарақатын» өткелі еді. Екінші бакты қосып алып, алға жылжыды. Бағыты – «Қарашілік» қыстағы. Сол жақ бакты бар-жоғы 25 шақырымдық жол сорып алса, оң жақтағы жанармай он шақырымға да жетпеді. Күн ұясына батып, төңіректі қою қараңғылық басқан. Аяз күшейіп, жел тұрды. Жаяу бұрқасын жүре бастады. Амалы таусылған бас зоотехник машинаның суын ағызып, үнемі көлігінде жүретін қалың киімдерін киіп алды. Айналаны тек қана қараңғылық емес, қауіп тұмшалап алған. Әрине, жаяу шығып кетсе, жасынан спортпен шұғылданған сергек жігіттің жігері межелі жерге жеткізетіні анық. Алайда, түз тағысы көп жортатын қырда тәуекеліңіз жүрмейді. Көлікте отырып, таңды көз ілмей атырды. Еріншек күн көкжиектен маужырай көтерілген шақта қолына күрек алып, бұл да жолға шықты. Түнімен қимылсыз отырғандықтан болар, бойы мұздап қалыпты. Бір адырдан асқанда денесі бусанып, құрысып қалған бойы жіпси бастады. Аракідік демалып алып, жылжи бермекші. Ондағы ойы – ана бір қырдың астындағы аудан орталығының меншікті жылқысының тебініне жету. Мүмкін жылқышылар кезігер… Болмаса, жылқы ішінен жуастау біреуінің жалына жармасып, жүгенсіз мініп алуға да дайын. Табын кезікті, жылқышы жоқ. Көз ұшына жылқышылар қосы да көрінбеді. Шеткері жүрген жауыр атқа көзі түсті. Иә, арқасының жауыры қалың. Соған қарағанда – әбден ерсоқты болған жануар. Құраулап шақырса үрке қоймас. Осы үмітпен әрекет қылған. Онысынан түк шықпады. Жауырдың өзі жалынан сипатпаған соң, жолды өндіре бергеннен басқа амалы қалмады.
…Қанша жүргені белгісіз. Жер жағдайын жақсы білгендігі ғой, әйтеуір, бағытынан айнымағанын жақсы біледі. Қалың шидің түбіне ықтап, бір тыныстап алмақшы. Жантайды. Қалжырағаны сонша, қалғып кетіпті. Дабырлаған дауыстан шошып оянды. Көзін ашса, төрт аттылы даурығып аттарынан түсіп жатыр.
– Оу, Беке, ассалаумағалейкүм! Амансыз ба? Үрейімізді алдыңыз ғой…
Өң мен түстің арасында тұрып, жылқышы Мәутәнді таныды. Өз-өзіне келе алмай, сандырақтап тұрып:
– Қарашілікте шөп бар ма? Мал қысылып қалған жоқ па? – депті. Қайтадан қалғып кеткендей болды…
Міне, қара басының қамын емес, совхоздың малын, азаматтық арын, елдің бағын ойлаған, қандай жағдайда да ел игілігін есінен шығармайтын Бейбіт Байбосынұлы деген азаматтың абзалы осы кісі еді. Дәл осындай жағдай Бекеңнің басында бір бұл емес, бірнеше қайталанды. Өйткені, Жаңаарқа ауданының бірнеше шаруашылығын басқарып, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, аудан әкімінің орынбасары секілді жіліктің майлы басындай абыройлы лауазымдардың тізгінін ұстаған іскер ұйымдастырушы, асыл азаматтың көп күні жылы кабинетте емес, ат үстінде өтіп еді…
***
…Уақыт – жүйрік. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған, елуінде ел ағасы атанып, алпысында абыройға кенелген Бекеңнің аттың жалындағы, түйенің қомындағы ғибратты ғұмыры да жетпістің желкенін көтергелі тұр.
…Қолында – гитара. Көкірегін ән кернеп, жүрегін әлі жарыққа шықпаған тылсым әуен әлдилейді. Лықсып келген осы әуен лақылдап бір төгілер ме екен?! Жасынан спорт пен әнге әуес. Бірнеше әннің авторы. Сергектігі жанын серпілтіп, тағы бір әннің дүниеге келерін сезіп отыр. Ғайыптағы ән Шәмшінің қайықтағы аруындай сылаң қағып, елес береді де, жоқ болады. Қырдан жосыла өрген киіктей жүйткіп, сағымға сіңіп кетеді. Ән ырғағы санасына сәуле болып құйылғанымен, пернеге түспей әлекке салды. Ақыры, ойға ерік берген.
Аңсар көңіл көк дөненге айналып, алыс күндерге ала қашты. Өмірін текке өткізбегеніне, қатарының алды болып, елге сыйлы болғанына іштей тәубе қылады. Жеткен жетістігін, алған абыройын малданып, ортасынан оқшауланған кезі болмапты. «Жігітке жеті өнер де аз» деуші едік қой. Бекең өз бойына тоғыз өнер тоғысқандығын енді ғана байқағандай байырқаланды. Әуесқой спорт түрлерінің бірнешеуін жетік меңгерген екен. Волейбол, баскетбол, шахмат, еркін күрес… Кейін ұлттық ат спортының қыр-сырын игерді. Еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін студент кезінде орындап тастаған. Ал, ат спортынан І-ші санаттағы төреші. Жаңаарқа аудандық ат спорты федерациясын 1994 жылдан басқарып келеді. Ол аз десеңіз, Қарағанды облыстық ат спорты қауымдастығының мүшесі. Әншілігі – бір қыры. Сазгерлігі тағы бар. Ой жетегінде, қиялымен оңаша қанаттанып отырып, өзінің қырларын санамалап кеткеніне ыңғайсызданды. Ел алдына шығып кеудесін соғып, «Мен – сегіз қырлы, бір сырлымын» деп мақтанып отырған жоқ. Оңаша ғана өткен өмірін көз алдынан өткізіп қана отыр ғой. Шүкірлік етті. Дара қасиеттері баршылық екен. Елбасы түстенген дастарқанда ет турап, Нұрсұлтан Әбішұлынан оң баға алғанын айтсаңшы… Мерейленіп кетті.
Ана бір жылы ҚР Президенті Қарағанды облысының Осакаров ауданында ауыл шаруашылығына байланысты алқалы кеңес өткізіп, оған Испания Королі Хуан Карлос мейман ретінде қатысқан. Облыс басшылары мәртебелі меймандарға кешкі ас ұйымдастыруды Жаңаарқа ауданына жүктеді. Талап – дастарқанда тек қана ұлттық тағамдар болуы керек. Сол бір айтулы шарада Елбасы алдында ет турау секілді аса жауапты міндет Шет ауданының қазіргі әкімі Марат Жандәулетов екеуіне жүктелген. Меймандарға сыбаға үлестіруде сүрінбей, қара етті қыртысынан ажыратпай турап, Елбасының ризашылығын алған.
…Ойды ой қуалап, өмірінің небір шуақты сәттері, келісті күндер, жемісті жылдары жадында жаңғырып жатыр. Иә, барынша абыройлы жылдары ауданның К.Маркс атындағы (қазіргі Ералиев ауылы) совхозын басқарған кезеңге тиесілі екен. Өзі туған Атасу станциясы тостағандай ғана Толағай тауының Оңтүстік-Шығысында болса, К.Маркс атындағы совхоз – сол Толағайдың батысына қоныстанған іргелі ауыл. Қоңсы қонған ауылдың баласы бола тұра, жүрексінген. Қой шаруашылығымен айналысатын совхоздың жері малға қолайлы болғанымен, шаруасы күрделі. 104 отарда 51 мың қой бар. Өрісінде 2400 бас жылқы жусайды. Ауыл тізгінін қолына алған 1984 жылы құрғақшылық болып, қар суымен қылтиып шыққан шөп мезгілінен бұрын ағарды. Мал азығын дайындау науқаны басталғанымен, пішеншілер шалғысына ілігер ештеңе жоқ. Қу тақырды шаңдатқанмен ештеңе өнер емес. Жоспар бойынша 25 мың тонна пішен шабылу керек. Басшылар дағдарды. Жердің жағдайын жергілікті ақсақалдардан артық кім білсін?! Бекең де ауыл ақсақалдарының кеңесіне жүгінді. Көпті көрген көнекөз қариялар Өтжан Байтілеуов, Рахымтай Білісов, ағайынды Мәмбет, Құлымбет Түсіповтерді, Ілтай Шуланбаевты шақырып алып, күрделі сәттің күрмеуін шешу жолын ақылдасты. Ақсақалдар бірден тасаттық беру туралы ұсыныс айтты. Коммунистік партияның атеизм қағидатына қып-қызыл коммунист директор қалай қарсы тұрмақ? Ауылда өскен, қазақы ырымды жақсы білетін. Алайда, совхоздың коммунист директоры шалдарды жинап алып, тасаттық беріп, құдайға сиынып жатыр дегенді біреу-міреу жазып жіберсе ше? Көп ойланды. Ақыры, тәуекел етуге тура келді. Мемлекеттің малын қыстан аман алып шығу үшін бәріне дайын. Жасырын жаназа шығарып, астыртын ауыз бекітіп жүрген ауыл молласын алып, Сарысу өзенінің жағасында тасаттық берді. Жұбан Әулие кесенесіне құран оқытылды. Сол күнгі Жаратушының иелігіндегі құдіретке әлі күнге дейін тәнті болады. Шыжып тұрған шілденің күні. Көкте шөкімдей де бұлт жоқ. Бір уақытта қара дауыл көтеріліп, көктің жүзін бұлт торлады. Тамшылап басталған жауынның соңы нөсерге ұласты. Бірнеше күн қатарынан жауған ақ жауын қуарған жерді көктемгідей көкмайсаға айналдыра салды. Жоспар орындалды. Сол жылдың қорытындысы бойынша К.Маркс атындағы совхоз Бүкілодақтың Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, КПСС Орталық Комитетінің, СССР Министрлер Кеңесінің және ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен, ВЦСПС-тің Ауыспалы Қызыл туымен марапатталды. Совхоз директорына қызметтік «УАЗ» автокөлігі, совхоз еңбеккерлеріне сыйақы ретінде 3000 сом және шаруашылыққа автобус сыйға берілді.
Осылайша тасаттықтың арқасында шаруашылық көл-көсір игілікке, директор асқақ абыройға кенелген еді.
Ақсақалында көрегендік, ауылда бірлік бар жерде басшының жұмысы дәуірлейтіні рас екен. Сол К.Маркс атындағы совхозда өзі директор болып тұрған жылдары 5000 қой, 50 ірі қара, 50 жылқы бордақылайтын механикаландырылған алаң, саунасы, бассейні бар 20 орындық монша, 500 орындық тойхана салынды. Бірнеше қыстақтарда жаңа үйлер мен қолайлы қоралар бой көтерді. 1990 жылы совхоздың 25 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізген екен. Алты жылға аз жұмыс, кемшін абырой емес. Ауыл халқы туғанындай бауырына басып, өз ұлындай қабылдады. Әлі күнге дейін бұл ауылдың бір шаңырағында той өтсе, Бекең шақырусыз қалып көрген жоқ. Тіпті, 2015 жылы ауыл азаматтарының бастамасымен ұйымдастырылған ауылдың 50 жылдық тойында да ұйымдастыру алқасының құрамында болып, мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне өлшеусіз үлесін қосты. Мұның өзі – ауыл тұрғындарының өзіне деген зор сенімі мен құрметі еді.
Қанағат сезіміне бөлеген осынау ой орманы азамат абыройына өлшем боларлық іс тындырғандығын аңғартады. Қолындағы гитарасы сусып бара жатыр екен… Жүрегіне жөргектелген адал пейілі ән болып құйыларын сонда сезді. Қиялы қияға өрлеп, ойы алыс күндерге сапарлап кеткенімен, сезімі сергектігінен ажыраған жоқ. Өткен өмірінде өзі ұялатындай ешнәрсе жоқтығын пайымдады.
***
Сағымға бөленген жылдарды кезіп кеткен ойын асыл жары Күліштің даусы бөліп жіберді. Ұзақ жыл ұстаздық қызметте болған жан ғой. Отағасының ойын бөліп жібергеніне ыңғайсызданған сыңай танытып, биязы үнмен:
– Беке, демалып жатырсың ба? Күн бұзылғалы тұр. Ертеңнен бастап жан-жақтағы балалар жинала бастайды. Жетпіске желігіп жеткендердің қатарынан емессің… Ауылға барып, апамды алып келмейсің бе? Балалардың ортасында болсын. Ұлының мерейтойында болып, мерейі тасысын! – деді.
Шынымен де, 102 жастағы анасы Зылишаны алып келуі керек екен ғой. Гитарасын қоңыр диванға сүйей салып, орнынан ширақ көтерілді. Ойпыр-ай, менің мерейтойым екен деп, елдің шаруасы күтіп тұра ма?! Бүгін түстен кейін кезінде өзі басқарған Ералиев ауылының аумағынан көмір өндіріп жатқан «Сарыарқа ENERGY» ЖШС басшылары аудан әкімдігімен жасалатын ынтымақтастық меморандумын пысықтауға келеді екен ғой. Зейнеткерлікке шыққалы аудан әкімінің кеңесшісі лауазымында жүрген Бекеңнің құзырындағы маңызды міндеттердің ең басты бағыты – аудан аумағындағы инвесторлармен жұмысты үйлестіру.
– Апама таңертең барармын. Қазір жұмысқа баруым керек…
Екі күннен кейін мерейтойы. Жарайды, ұлы Ғалымжан мен келіні Ләззат – үйде. Қарағандыдан Рымжаны, Бақытжаны, Нұржаны келеді. Немерелері құттықтайды. Ел азаматтары, ағайын-туысы, жан-жақтағы әріптестері ағылады. Орталарына ғасыр әже Зылиша анамызды алып, ақжарма тілектерін ақтарады. Ал, Бекең болса, тойдың дайындығында шаруасы жоқ, кеңсеге шауып барады. Ол үшін отбасылық қуаныштан да елдің игілігі қымбат. Ол – сондай Елжанды азамат.
Иә, ертең омырауында «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалі, І дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ауыл шаруашылығы саласының Құрметті ардагері», «ҚР Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілері жарқыраған ел ағасы Бейбіт Қасеновті Жаңаарқа жұртшылығы алақанға салып, құрмет көрсетеді. Бірақ, Бекең шаңырақтағы мерейтойды емес, инвесторлармен жасалатын меморандумды ойлап, кеңсеге кіріп барады…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button