Жаңалықтар

«Елтану» экспедициясы жолға шықты

Қарағандыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экспедициясының жолға шығуына орай баспасөз баспасөз мәслихаты өтті. 

Баспасөз мәслихатында экспедицияны ұйымдастырушылар мен жастарға жол нұсқаушы аға буын өкілдері сөз сөйлеп, іссапардың мақсат міндеттеріне тоқталды және оған қатысушылармен қысқаша таныстырды. «Өз еліңді таны» жобасы аясында өтетін маңызды шараға қатысқан әр азамат  еліміздің киелі орындары мен қасиетті мекендерін көзімен көріп, тәу етуге мүмкіндік алады.

  • Басты мақсатымыз – Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағындағы киелі, қасиетті жерлерді аралап көру, танып білу. Экспедиция құрамында аға буын өкілдерімен қатар жасөспірімдер де бар. Жастар жылы  аясында өткелі отырған шара рухани жаңғырудың шынайы өзегі болмақ. Бұл сапар – тарихымызға тереңірек үңіліп, қатпарларын тануға жасалған үлкен мүмкіндік, – деді Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Әсем Сағатова.

Экспедиция құрамында этномәдени бірлестіктер жетекшілері, ғалымдар, ақындар, журналистер, блогерлер, ұстаздар және озат оқушылар бар. Барлығы – 23 адам. Тағылымы мол экспедицияға Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын және ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Нұрсахан Бейсенбекова жетекшілік етеді.

Жоспар бойынша, экспедиция мүшелері 8-10 қазан күндері Павлодар облысындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің және Мұса Шорманұлының кесенесін, Қаныш Сәтбаев мұражайын және тағы да басқа бірқатар тарихи орындарды аралайды. Ал, 10-12 қазан аралығында Шығыс Қазақстандағы Абай Құнанбайұлының Жидебай-Бөрілідегі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби қорық-мұражайына, Құнанбай құдығы, Зере мен Ұлжан зираты сияқты қазақ қастер тұтқан киелі мекендерге ат басын тірейді.

Экспедиция жетекшілерінің бірі Нұрсахан Ахметқызының айтуынша, бұл сапар жастарға ұлтымыздың бетке ұстар перзенттері Ермахан Бекмаханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды тереңірек тануға зор мүмкіндік береді. Алашорданың жүрегі болған, тарихи шешімдер қабылданған Семей қаласы мен ондағы киелі орындар рух берері сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button