Жаңалықтар

Елімізде 225 мың медицина қызметкерінің жалақысы көбейеді

Қазақстанда алдағы 1 шілдеден бастап 225 мың медицина қызметкерінің жалақысы 30 пайызға көбейеді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметтік жұмыс тобы құрамында БҚО-ға келген сапарында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Елбасымыз «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде денсаулық сақтау саласының алдына да үлкен міндеттер жүктегені белгілі.

Елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде медицина кадрларының тапшылығы сезіліп отырғаны жасырын емес. Сондықтан олардың жалақысын көтеру – сұранысқа ие мамандарды сақтап қалудың бір жолы. Өйткені жыл сайын медициналық ЖОО-ларды түлектер бітіріп жатқанымен, олардың біразы жеке клиникаларға кетіп қалып жатады.

Министрдің сөзіне қарағанда, емханаларға барғанда, медбикелердің қарсы алатыны белгілі. Олар орта есеппен 70 мың теңгедей жалақы алады. Енді бұл көрсеткіш 100 мың теңгеге жетеді. Сол секілді санитарлар мен жұмысшылар одан да төмен еңбекақы алады.

Сондай-ақ учаскелік дәрігерлер жетіспейді. 1 дәрігер екі адамның жұмысын атқарады. Соның салдарынан кезек көбейеді, сапаға да әсер етеді. Егер олардың жалақысы жоғары болса, мамандар жеткілікті болар еді.

«Ана мен бала саулығы да айрықша назарда. Сондықтан педиатрлардың да жалақысын көтеру керек. Әлеуметтік кесел саналатын туберкулез, психикалық ауруларды емдейтін дәрігерлер де ұмыт қалмауы қажет», деді Елжан Амантайұлы.

«Мемлекет басшысы алға қойып отырған тағы бір міндет – алдағы үш жылда елімізде 595 медицина нысаны бой көтеретін болса, соның 90 пайызы ауылдарда салынбақ. Мұндағы мақсат – медициналық қызметтің барлық жерде қолжетімді болуы. Батыс Қазақстан облысында 22 нысан тұрғызылмақшы. Облыс әкімдігінің бастамасымен Оралда кардиохирургия орталығын салу да көзделуде», деді министр.

Басқа материалдар

Back to top button