Ақтоғай

Елге қызмет – ерге міндет

Ақтоғай ауданы – Қарағанды облысында қазақтың үш арысы – Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков және өнер қайраткерлері – Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Мағауия Хамзин жәна басқа тарландар шыққан ардақты өңір, киелі топырақ.

Ақтоғай топырағының киелілігіне менің де көзім жетті. 1996 жылдың күзінде еліміздің Қаржы министрлігінің мемлекеттік бюджет департаментінің бастығы болып қызмет атқарамын. Ішкі телефон шыр ете қалды. Телефон тұтқасын көтердім. Әр жақтан «Алтай маған кірші»,– деген Павловтың (Қаржы министрі) даусы саңқ ете қалды. Бұл не боп қалды екен деп, дайындап алған қағаздарымды алып, министрдің кабинетіне кірдім. Ол кісінің қарсысында Жезқазған облысының әкімі Ерлан Смаилов және осы облыстың қаржы департаментінің бастығы Жорж Панин отыр. Жезқазған облысының бюджетін қалыптастырудағы кейбір өзекті мәселелер қаралатынын білдім де, қағаздарды қарап осы облыстың көрсеткіштерін қолыма алып отырғаным сол еді, министр: «Жезқазған облысында бюджеттің шығынын азайтудың жолдары жүйелі түрде іске асырылмай келеді, осыны шешудің жолын қарастырыңыздар. Мұны шешпесеңіздер республикадан ешқандай көмек болмайды»,– деді.

Бұл мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырып қойған болатынбыз. Соның бірі – аудандарды бір-бірімен қосып, басқаруға кететін шығынды қысқарту. Мысалы, Ақтоғай ауданы мен Приозерный ауданын қосамыз. Ақтоғай ауданы өзін-өзі кіріспен қамтамасыз етпейді, облыстан субвенция алып, өзінің шығындарын жауып отыр. Ал, Приозерный ауданы өз-өзін кіріспен қамтамасыз етеді, қаланың жанында сондықтан, басқару жүйесі осы жерде болу керек деген тұжырым жасалды. Мұндай мәселе көтеріледі деген ойымда жоқ, бастапқы кезде не дерімді білмей қалдым. «Аудандарды қосу үлкен күрделі мәселе, бұл жерде экономикадан басқа бірінші мәселе халықтың әлеуметтік жайы. Бұл орайда жер алшақтығын ескергеніміз жөн болар» деп ой тастадым. Менің осы пікірімді Жорж Панин бірден қолдай жөнелді, әрі бұл мәселені ауданың әлеуметтікэкономикалық дамуына сипаттама бере отырып, жүйелі түрде жасау керектігін тілге тиек етті.

Министр бүгіннен бастап жанжақты сипаттама жасауға тапсырма берді. Ал, маған осы мәселені сараптап, Жезқазған облысы бюджетінің мәселесін шешетін жолдарды іздеуді тапсырды.

Облыс әкімі қызметкерлерімен көтерілген мәселелерді менің кабинетіме келіп, тағы жан-жақты талқыладық. Бірақ, байқағаным, әкімнің пікірі өзгеретін түрі жоқ. Біраз ойланып, бұл мәселені шешу үшін бірқатар құжаттар мен дәлелдер керек екенін айтып, бір жұманың ішінде оларды дайындап әкелуін өтіндім.

Олар кеткен бойда Ақтоғай ауданының әкімі Сағдат ағаға қоңырау шалып, мән-жайдан хабардар еттім. Екі-үш күннен кейін Захар Әлиев хабарласып, аудан ақсақалдарының, абзал азаматтарының өтініштерін алып келгендігін жеткізді. Өтінішті алғаннан кейін Қабылсаят Әбішевпен кездесіп, осы жайт жөнінде сөйлестік. Қабылсаят Әзімбайұлы қолынан келетінін аянып қалмайтынын жеткізді.

Күнделікті жұмыстармен бұл мәселені ұмытып та кетіппін. Бір аптадан кейін Сағдат ағай телефон шалып, облыс әкімінің ауданға барып, жерін аралап көретіндігін жеткізді. Мүмкіндік болса менің де келуімді өтінді. Ертеңіне Павловқа кіріп осы облысқа іс-сапар алып, барып қайтуды сұрадым.

Қарағандыға келіп облыстың қаржы департаментінің бастығы Әнуарбек Сұлтанғазинмен жолығып, мәселе бойынша біраз пікір алмастық. Ертесіне Ақтоғайға жүріп кеттім.

Сағдат Дүйсенбековке бет алып келе жатқанымда алдымнан Мәдениет Сәтеков кездесіп, Сақаңның облыс әкімімен совхоздарды аралауға кеткенін айтты.

Біз Мәдениет екеуміз соның кабинетінде ауданның экономикасы туралы біраз пікірлестік. Көп кешікпей Ерлан Смаилов Сақаңмен келіп жетті.

Кабинетке кіргеннен кейін, әңгімені Сақаң бастады. Сақаңның Ақтоғайдың әрбір қыстағына дейін білетіні, ол жерге сипаттама бергеніне таң қалдым сонда. Сонау ХХІІ Партсъезд совхозынын бастап, Шұбартау, Абай, Қаратал, Қызыларай, Кенелі туралы айтқанда Ақтоғайдың табиғатының сулулығы, ерекшеліктері, ауданның әлеуметтік мәселелерін жүйелеп тізіп бергенде, Сақаңның білімділігіне, туған жеріне деген сүйіспеншілігіне куә болдым. Біздің пікір алмасуымыз бір сағатқа созылды. Талқылау соңында сол кездегі облыс әкімі Ерлан Смаилов. Ақтоғай мен Приозерный аудандары қосылады, орталығы Ақтоғай болатындығын кесіп айтты.

Бір айдан кейін Ерланмен Алматыда кездестік. Жанында қаржы департаментінің жаңа бастығы Мұстафин бар. Мен оны бұрыннан танимын, сол облыстың салық комитетінің бастығы болған. Сол күндері облыстың қаржылық мәселелерін қарап бір шешімге келдік. Ақтоғайдың мәселесін Мұстафинге айттым. Ол бұл мәселенің шешілгенін, облыс басшылары Ақтоғай аудан орталығы болатыны туралы шешімді өзгертпейтінін айтып, бізді қуантты. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармады. Көктемге қарай Жезқазған облысы Қарағандыға қосылып, аудандардың мәселесі қайтадан туындады.

Сол тұста Әнуарбек Сұлтанғазин облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ендігі жерде облыстық бюджетті қарастыруда екеуміз етене жұмыс жасадық. Сөз арасында аудандарды қосу мәселесі де көтерілді. Мен оған Ақтоғай ауданының жалпы әлеуметтік-экономикалық проблемаларын сипаттай келе, оның аудан орталығы болып қалу шешімі дұрыс екенін айттым.

Бұл мәселені кейін Қабылсаят Әбішев, Әнуарбек пен олардың комсомолдағы бірге істеген жолдасы Серік Алпысбаев төртеуміз Көктөбеде кездесіп, тағы талқыладық. Ақтоғай топырағы туралы біраз әңгіменің басы қайырылды, Қабылсаят тоқ етері Ақтоғайдың аудан орталығы болып қалғаны дұрыс деп ойын тұжырымдады.

Әнуарбек Сұлтанғазин «бұл мәліметтерді облыс әкіміне жеткіземін» деп бізбен қоштасты. Ертеңінде Сағаңмен хабарласқанымда, Сағаң облыс әкімін жақсы танитындығын айтты. Осылай жан-жақты жұмыс істегеніміздің нәтижелі болатынын тілге тиек етті. Біраз күннен кейін Әнуарбек хабарласып, бұрынғы шешім өзгермейтіндігін, Ақтоғайдың аудан орталығы болып қалатындығын жеткізді. Ақтоғайдың киелі топырақ екеніне тағы да көзім жетті.

Бірінші, киелі топырақ қашанда киелі болып қала береді, онда тұрған ұлылар оны қорғайды, және одан тағы да ел қайраткерлері шығатыны анық. Екіншіден, аудандарды біріктіргенде әлеуметтік мәселені бірінші орынға қойған жөн, бұл біздің республика үшін ең маңызды мәселенің бірі. Үшінші, Ақтоғайдың азаматтары, жастары Ақтоғайдың ауданның орталығы болып қалуына ат салған азаматтардың есімдерін білу керек деген ниетпен қолыма қалам алдым. Ауданның сол уақыттағы әкімі Сағдат Дүйсенбеков, Әнуарбек Сұлтанғазин, Жорж Панин, Қабылсаят Әбішев және басқа да азаматтар осы істе білек сыбанып, бірге жұмыс жасады. Ақтоғайдың болашағы үшін жасалған істе Сағаңның еңбегі ерекше екені айқын. Елі үшін қызмет еткен ерлердің есімдері есте болуы керек.

Алтай ЗЕЙНЕЛҒАБДИН,

экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button